Мәдениет

ҚАДІРІҢ ҚАЙТСЕ АРТАДЫ, ҚАЗАҚ ТІЛІ?

ERA_0765

Ұлттық академиялық кітапханада Астана қаласы Тілдерді дамыту басқар­ма­сының ұйым­дас­тыруымен «Тіл мәдениеті: әдеби, публи­цистикалық және ресми стильдер» атты дөңгелек үстел мәжілісі өтті. 

Бұл отырыс – тіл мәдениетінің сақталуын, сөйлеу және жазу барысында қазақ тілінің әдеби, пуб­лицистикалық, ресми стиль­дерінің дұрыс қолданылуын қа­лып­тастыру, бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тілдің қоғамдағы бе­делін арттыруға ықпал етуді мақ­сат етті. Шараға қатысқан қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері осы мәселе төңірегінде ой-пікірлер, ұсыныстар мен сын-ескертулер айтып, баяндамалар жасады. Сондай-ақ, баспасөздегі тіл қолдану сапасы жөнінде жасалған мониторинг қорытындылары талқыланды.
Дөңгелек үстел басындағы әңгімені жүр­гізген Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ербол Тілешов: «Бүгінгі басқосуымыз тіл мәдениетіне байланысты. Қазір мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту жөнінде жиі айтылып жүр. Бұл күндері жоғары оқу орындарында қазақ топтары көбейіп, қазақ тіліндегі балабақшалар, мектептер ашылды. Сөйтіп, біраз шаруалар атқарылуда. Бірақ, осы арада «тілдің сапалық деңгейі қалай, тіл мәдениеті қай деңгейде, біз мемлекеттік тілі­мізді дұрыс қолданып жүрміз бе?» деген мәселелер күн тәртібінен түспегені дұрыс. Сол үшін де сіз­дердің бастарыңызды қосып, бүгінгі жиынымызды өткізіп отырмыз» деп шараның мән-жайы туралы қысқаша тоқтала кеп, қазақ тілін мазақ еткен бейнесюжеттерге жи­нал­ғандардың назар аударуын сұрады. Экраннан күндіз-түні түс­пейтін жарнамалардағы тіл бұзарлық, тележурналистердің қалай болса, солай сөйлеп, тіл мәде­ниетін сақтамайтыны көрсетілді. Бұл бейнесюжеттен кейін сөз алған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Алдан Смайыл: «Осы экраннан көріп отырғандай дүниелер өте көп. Тіл мәдениетін тәрк еткен мұндай өрескелдіктерді өстіп теріп-теріп көрсеткен дұрыс та шығар, бірақ осының себебі не екенін айқындау керек. Неге бұлай боп жатыр? Шынын айтқанда, бізде қазір қазақ тілді орта жоқ. Менің немерелерім мектепте оқиды. Мұғалімдері Ж.Аймауытов, Б.Майлин, М.Әуезовтің шығар­маларын оқып келуге тапсырма береді. Соларды оқығанда олар түк те түсінбейді. Өйткені, ана кісілер жазған ондай орта бүгінде жоқ, ондай ұғым жоқ. Енді біз оларға «қазақ тілін неге дұрыс сөй­лемейсің» деп талап қоя аламыз ба? Тілдік ортаны жасап бере алмай отырған соң талап қоюға қақымыз бар ма?» Депутат келешекте атқарылар шаралар туралы да кеңінен сөз қозғады. Кеңес Юсуп сынды аудармашылар, зиялылар көтерген, сынаған мәселелерге Қайрат Сақ бастаған Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетінен келген ұстаздар жауап берді. Жиналыс со­ңында тіл мәселесіне байланысты ұсы­­ныстар талқыланып, көпшілік пікірі қатталып-шотталып жауапты ор­гандарға жеткізілетін болды.

Ырысбек ДӘБЕЙ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button