Мәдениет

Қазақ киносына қамқорлық қажет

Жақында Астанада режиссер Сәбит Құрманбековтің «Боран» драмалық көркем фильмінің тұсаукесері өтті. Осы кеште біз фильмнің сценарий авторы және продюсері Ербол БОРАНШЫНЫ сұхбатқа шақырып, «Ақшамның» дәстүрі бойынша «қонақкәде» сұраған едік.

– «Боран» қалай шық­ты? Бұл тақырыпқа баруға не түрткі болды?

– Жобаны 2015 жылдан бастап қолға алдық. Идея Сәбит Құрманбеков ағамыздыкі. Өткен ғасырдың 80-жылдары болса керек, Шығыс Қазақстан өңірінде көрші ауылға аттанған жігіт адасып, Қытайға өтіп кетеді екен. Үсініп, хал үстінде жатқанда, сол жақтағы қазақтың үлкен ақсақалы тауып алады да, құтқарып, осы бала үшін үлкен ерлікке барады. Өзіне төнген қатерге қарамай, шекарадан қайта өткізіп жіберуге көмектеседі. Оқиғаның негізгі желісі – осы. Фильмнің сценариі жазылғаннан кейін 2016 жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша өтіп жатқан сценарий конкурсына жібердік. 2019 жылы өткен іріктеуге 500-ге жуық сценарий қатысқан, соның арасынан он шақты фильмге түсіруге мүмкіндік берілді. Соның бірі – осы «Боран». Фильм­нің бағасын көрермен өзі береді ғой, дегенмен бұл киноның барлық өнімі қазақ азаматтарының қолынан шықты. Бұрын суретші, әрлеуші деген сияқты жұмысты көбінде басқа ұлт азаматтары істейтін. Демек, біздің кино саламыз өз мамандарымызбен толығып келеді десек қателеспейтін секілдіміз.

– Бұл сіздің тұңғыш туындыңыз ба? Жоқ, әлде кино саласында еңбектеніп жүргеніңізге біраз уақыт болды ма?

– Бұл менің шығармамның төлтаңбасы емес, әрине. Бұдан бұрын да мен жазған 3-4 сценарий «Қазақфильм» киностудиясында мемлекеттік тапсырыспен түсірілген болатын. Студент кезімде «Алматы-Шымкент» деген толықметражды көркем фильмнің сценариін жазғанмын, комедия тақырыбында. Ол фильм еліміздегі бір конкурста бас жүлдені жеңіп алды, маған «Үздік сценарий авторы» жүлдесін берді. «Немере» фильміне сценарий жазсам, «Тастүлекте» сценарийге қоса продюсерлікті атқардым. Бұдан басқа қысқаметражды көркемфильмдер, деректі фильмдер де түсірдім. Жиып айтқанда, қазірге дейін 30-ға жуық еңбектің сценарисі, режиссері, продюсері ретінде атым аталды. Бұл салаға келуіме, біріншіден, бала күнгі арманым түрткі болса, екіншіден, 2005 жылы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академия­сының кинотеатр-драматургия мамандығына оқуға түсіп, Шахимарден Құсайыновтың тәрбиесін көргенім себеп болды.

– Биылғы жоспар ­«Боранмен» бітті ме?

– Жоқ, «Бораннан» кейін Данияр Саламатов­тың «Талақ», Кенжебек Шайқақовтың «Айқай» фильмдерінің продюсері болып, 2 жобаны да сәтімен тәмамдап өткіздік.

– Қазақстанда ұлттық кинолар басында жарқ еткізіп бір көрсетіледі де, біраз уақыттан кейін көл бетіндегі көбіктей жоғалып кететіні қалай?

– Елімізде мемлекеттік тапсырыспен түсірілген фильмдердің көбі дұрыс көрсетілмей жатыр. Оған себеп кинотеатрлардың көбі жекелердің меншігінде, телеарналарда ұлттық кинолардан гөрі шетел фильмдері көбірек көрсетіледі. Бұл жерде ұлттық мүддеден экономикалық қажеттілік әлдеқайда биік тұр деп айтуға болады. Сосын қазақ тілді фильмдердің көбі адам көп көрмейтін уақытта қойылады да, басқа уақытта шетел фильмдерін көрсетеді. Бұл, айналып келгенде, отандық киноны қолдайық деген танымның жоғына да қатысты. Біз бір фильм жасасақ та ұлттық рухты көтерейік, тіліміздің арқауын ширатып, ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртайық деген мақсатпен жасаймыз. Бірақ оны барлық көрермен түсініп, бізді қолдап отыр деп айта алмаймын.

– Елімізде ұлттық кино саласын қолдау жағдайы қалай?

– Осыдан 2-3 жыл бұ­рын ұлттық киноны қолдау орталығы ашылған. Егер осы орталықтың жұмысы жанданса, біздің кино саламызға көп пайдасы тиеді деп ойлаймын. Жалпы қазір «ел болам десең, экраныңды түзе» деген жаңа тіркес жиі айтылып жүр ғой, сол сияқты біз ұлттық рухымызды көтереміз десек, кино саласына да үлкен қамқорлық керек. Шетелден ұлттық идеологиямызға сай келмейтін киноларды әкеліп, ұлттың санасын улай бергенше, ұлттық болмысымызды әйгілейтін фильмдер көбірек жасалуы керек. Бізде ұлттың тарихына, тағдырына қатысты ашылмай жатқан тақырыптар аз емес, соның бәрін кино тілімен ұрпақ санасына жеткізіп, жас ұрпақтың өз тарихын танып өсуіне қол жеткізсек, бұл ұлт үшін үлкен жетістік деп ойлаймын. Қазір бәрі қаржыға тірелетін заман. Қаржы болса, бәрін түсіруге болады. Бірақ кино түсіргеннің жөні осы екен деп не ұлтқа, не ұрпақты тәрбиелеуге пайдасы жоқ арзан күлкіге құрылған бір күндік фильмдерді түсіре беру – ұлт пен өнерге жасалған қиянат. Сондықтан біздің елде кинотану, кино сынын дамыту жұмысына да ден қойылса екен деймін.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button