#Жаңа Қазақстан

Берекелі бірлікке бастайды

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында ұлт әлеуетін арттыру мәселесіне ерекше тоқталды.

Жолдаудың басым бағыты экономикаға бағытталғанымен, барлық экономикалық іс-шаралардың нәтижесі халықтың жағдайына тікелей әсер етуі тиіс. «Еліміздің басты құндылығы – адам» деді Президент биылғы Жолдауында. Осыған орай мен жетекшілік ететін «Астана су сервис» ПИК-і тұрғындардың сапалы өмір сүруіне барынша мән беріп келеді. Қазір кез келген адам пәтерінде жарықтың сөнбеуін, судың тәулік бойы тоқтаусыз ағып тұруын, үй маңының қоқыстан арылып, ғимараттың қасбеті мен айналасының санитарлық нормаларға сәйкес болуын, аумақтың заман талабына сай көгалдандырылуын, тіпті балаларының алысқа бармай-ақ есік алдында алаңсыз ойнағанын қалайды. Бұл ретте біз елордалықтардың жайлы әрі қауіпсіз ортада өмір сүруіне қолдан келгенше жағдай жасаудамыз.

Біздің ПИК бүгінгі таңда 488 пәтерден тұратын сегіз үйге қызмет көрсетеді. 2020 жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бойынша кіреберісті жөндеу жүргізіліп, 2021 жылы шатыр жабыны жөнделді. Тұрғын үйлерде насостар ауыстырылып, жылу алмастырғыш жуылды. Аумақты көгалдандыру мақсатында өзімізге қарасты үйлердің маңына 35 шырша, 10 қайың, 15 қара ағаш отырғызылды. Жыл сайын 400-ге жуық түп гүл егеміз. Аудан әкімдігінің көмегімен балалар алаңы абаттандырып, асфальт төселді. Жалпы, бізде туындаған күрделі мәселе жоқтың қасы. Бұл, әрине, жұмысты дұрыс үйлестірудің нәтижесі болса керек.

Қазақстан Президенті «Әділетті Қазақстан» мен «Адал азамат» сияқты ұғымдардың қоғамымызда басымдық танытуы тиіс екенін атай келіп, әртүрлі деңгейдегі басшы мамандардың жеке жауапкершіліктерін арттыруды тапсырған болатын. Бұл ретте Мемлекет басышысының пікірін толықтай құптаймын. Президенттің ең төменгі жалақы деңгейін 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдағаны және осы шешім 1,8 миллион азаматтың табысына тікелей әсер ететіні қуантады.

Әр отбасы үшін бала күтіміндегі демалыстың нәресте бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартылуы да көңілден шыққаны шындық. Әрине, кез келген ата-ана сәбиінің жанында көбірек болуы керек. Сондай-ақ Ұлттық қордың жыл сайынғы инвес­тициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынуы да барша қазақстандықтар үшін жағымды жаңалық болды. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Осыншама игіліктің бәрі еліміздің азаматтары үшін жасалып жатқаны көңілімізді көтеріп-ақ тастады.

Елдігімізді қорғаудың ең басты жолы – берекелі бірлік екенін ескерген Мемлекет басшысы халқымыз татулық пен тұрақтылыққа ерекше мән бергенін, оны бәрінен биік қойғанын және дәл осы кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білуіміз керек екенін баса айтты. Бұл бастамалар еліміздің болашағын айқындайды. Сондықтан, қазіргі кезде ұлт мүддесі үшін ұйысып, бірігуге тиіспіз. Ертеңімізге алаңдаған ел президентінің жаңа бастамаларына қолдау білдіріп, жүктеген міндеттерге жауапкершілікпен қарап және оның орындалуына бірлесе атсалысайық.

Талшын УТЕУОВА,

«Астана су сервис» ПИК төрағасы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button