#Жаңа Қазақстан

«ТМД-ның үш дүркін үздік студенті»

Тәуелсіздік ұрпақтарының арасында білім-білігі, талант-талабымен тек жерлестерін ғана емес, шетелдіктерді де таңқалдырып, мойындатып жүрген жастар көп. Олар қоғамның түрлі саласында үлкен жетістіктерге жетіп, туған елінің даңқын шығаруда. Сондай білімді жастардың бірі, болашақ дәрігер Темірхан Баяхметов соңғы үш жыл қатарынан «ТМД-ның үздік студенті» жүлдесіне ие болды. Оның ғылым саласындағы жетістіктері халықаралық деңгейдегі конференциялар мен медициналық чемпионаттарда алған дипломдарынан, тиімді ғылыми жобаларынан жинақталған.

 Павлодарлық Темірхан қазіргі таңда Семей медицина университетінде 5- курста оқиды. Бүгін 14 қазанда 22 жасқа толған Темірханның медицинаға деген қызығушылығы балалық арманымен ұштасып жатыр. Соның арқасында ол 2018 жылы оқуға түспес бұрын «Кәсібі бойынша үздік» қалалық байқауында «Кіші мейіргер-массажист» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Келесі жылы жоғары оқу орнына «Жалпы медицина» мамандығы бойынша оқуға түсіп, өзін үнемі білімін жетілдіруден танбайтын, ізденімпаз шәкірт ретінде ғана көрсетті. Университет өміріндегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын кейіпкеріміз SCOPH комитеті басшылығымен өткен «Өмір соғысы» іс-шарасына, «Рухани жаңғыру» рес­публикалық зияткерлік байқауына қатысқан. Үздіксіз ұмтылысының және кәсіби біліктілігін кеңейтуге деген талпынысының арқасында 2020 жылы Johns Hopkins University оқу орнының психология бойынша онлайн-курсына қатысып, «Coursera» халықаралық білім платформасындағы Novosibirsk State University текті басқару жөніндегі қысқа курсты оқып тәмамдады. Оқу орнындағы Жалпы білім беру тәртібі кафедрасындағы «Медицинадағы ІТ» ғылым студенттік үйірмесінің мүшесі.

Ғылымға әуестігін пандемия басталған жылы 2-курста оқып жүргенде университетте өткен «Студент және ғылым. Қоғамдық денсаулық сақтау, әлеуметтік-гуманитарлық ғылым және цифрлық медицина» атты жыл сайынғы конференцияда танытып, «Медицина нысандарының компьютерлік 3-D-визуализациясы» тақырыбында жасаған баяндамасы үшін бірінші орын алды. 2021 жылы халықаралық «Студенттік ғылым және денсаулық» ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысып, ІІ дәрежелі дипломға ие болды. Сол жылы Халықаралық Студенттік ғылыми қоғам жұмыстары шеңберінде «Medical Soft Skills» IV Бүкілресейлік чемпионатына қатысып, 3-орын алады. Ғылым күніне арналған №64 ғылыми-тәжірибелік конференцияда «Excel визуализациясы көмегімен ауру тарихы көрсеткіштерін талдау» тақырыбында баяндама жасағаны үшін ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. 2022 жылы Екатеринбургтегі Орал мемлекеттік медициналық университеті базасында өткен «Заманауи медицина ғылымы мен денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері» конференциясына қатысып, І дәрежелі диплом иесі атанады. Былтыр сондай-ақ «Адам және Дәрі-Қазақстан» XV халықаралық конгресінен де қалмады. Өткен жылдағы үлкен жетістігі – Павлодар облыстық «Тәуелсіздік ұрпақтары» жүлдесінің «Білім және ғылым» аталымы бойынша лауреаты атануы.

– Бұл жүлдені жүректің 3D моделі жобасын жасағаным үшін алдым. Жүректің 3DMAX үлгісін шетелде өткен конференцияда таныстырдым. Болашақта кардиохирург боламын деп, үшінші курста осы бағытты таңдадым. Білікті медицина маманына айнала отырып, туған елімнің  медицинасын дамытуға, халықтың денсаулығын жақсартуға өз үлесімді қосқым келеді, – дейді Темірхан.

Биыл көктемде №65 «Ғылым және денсаулық» ғылыми-тәжірибелік конференциясында 2-орын жүлдесін иеленген ол мамыр айында Өзбекстанның Бұхара медицина университеті өткізген халықаралық конференцияда 1-орын алады. Студенттер алмасу бағдарламасы бойынша биыл ақпан-маусым айларында Ресейдегі Рязанов мемлекеттік университетінде оқудан өтеді.

Ғылым мен білімнен бөлек бала кезден өнерге, спортқа, тарихқа да жақын болған Темірхан мектепте география, тарих және әдебиеттен қалалық, облыстық және республикалық олимпиадаларда жүлделі орындарды алған. 10 жасынан бастап самбо мен қазақ күресінен үйірмеге қатысып, турнирлерден жүлделі оралыпты. Жан-жақты жігіт спидкубингпен де айналысады, өлең шығаратын да өнері бар. Оның табыс қоржынында республикалық «Өнеге» байқауының «Мәнерлеп оқу» аталымынан алған І дәрежелі диплом жатыр. Осындай жан-жақтылығы және ең бастысы ғылымдағы ізденістері мен жетістіктері үшін білімді жас 2021, 2022 және 2023 жылдары үш жыл қатарынан «ТМД Үздік студенті» халықаралық байқауының жүлдесін алып, қазақ жастарының қарымды қабілетін әлемге паш етіп келеді.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button