Құқық

Буллингті қалай жеңеміз?

Буллинг – басқаны қорқытуға және сол арқылы оны өзіне бағындыруға бағыттал­ған жүйелі қудалау, қорқыту, физикалық немесе психологиялық террор. Бұл – саналы қатыгез ­қарым-қатынастың ұзақ процесі.

Өкінішке қарай, буллингтің жанға жара салатын салдары адам санасынан із-түзсіз жойылмайды және депрессия мен суицидтік ойларға дейін әкеліп, балалардың психикалық денсаулығына жағымсыз әсер етуі мүмкін. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы жүргізген оқушылардың өз денсаулығы мен әл-ауқатына қатысты мінез-құлқын бағалау және мониторингілеу жұмысы бойынша 2022 жылы Қазақстанда балалардың 17,5 пайызы кемінде 1 рет, балалардың 6,8 пайызы айына 2-3 рет және одан да жиі буллингке ұшыраған. 11-15 жас аралығындағы балалардың 14,1 пайызы басқа балаларға бір рет болса да буллинг жасаған.

Ұлдар арасындағы буллинг қыз­дарға қарағанда жоғары. Буллинг құрбандарының ең жоғары үлесі 11 жастағы балалар арасында және 15 жасқа қарай есейген сайын төмендейді. 2022 жылы 11 жастағы ұлдар мен қыздар арасында буллинг құрбандарының үлесі 17,7 пайыз, ал 2018 жылы 14 пайыз болған. Бұл көрсеткіштер 3,7 пайызға өскен.

Буллингтің алдын алу үшін оны асқындырмай тұрып ерте араласу өте маңызды, бала зорлық-зомбы­лық көргенін ешкімге айтпай, жалғыз жүріп қалмауы керек. Мұнда мұғалімдердің зейіні мен ұстанымы және ата-ана мен бала арасындағы сенімді қарым-қатынас өте маңызды. Баланың буллингке ұшырағанының белгілері – назар аудару проблемалары, жабығу, тұнжырап жүру, ашуланшақтық, сенімсіздіктің болуы, сезімталдықтың жоғарылауы, асқазанның ауыруы, шаршау, тәбеттің болмауы, әлеуметтік байланыстардың аздығы, қорқыныш белгілері, мысалы, кеу­де аймағындағы қысым, терлеу, арқаның, шүйденің, бұлшық еттердің ауыруы, ұйқының бұзылуы болуы мүмкін. Егер сіз балаңызда осы белгілерді байқасаңыз, шұғыл шаралар қабылдау керек және ең алдымен мұғалімдерге хабарлап, психологтарды және қажет болған жағдайда ювеналды инспекция қызметкерлерін тарта отырып, бұл мәселені бірлесіп шешу қажет.

Бүгінгі таңда жасөспірімдер мен жастарды қолдау үшін, оның ішінде буллинг мәселелері бойынша жоғары білікті тегін медициналық-психоәлеуметтік және медициналық-әлеуметтік көмек көрсететін 157 жастар денсаулығы орталығы жұмыс істейді. Орталық қызметінде денсаулықты сақтауға, жасөспірімдер арасындағы қауіпті мінез-құлықты төмендетуге, әлеуметтік қолдауға және олардың құқығын мейірімділік, қолжетімділік, еріктілік және сенім қағидаттары негізінде қорғауға бағытталған тиімді технологиялар пайдаланылады.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button