Экономика

Қазақстан және көрші мемлекеттер

Fotolia_59902593_Subscription_XL

БЕРІК ДОСТЫҚТА, ТЫҒЫЗ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТА ӨМІР СҮРУІ ҚАЖЕТ

Тәуелсіздігін жариялағанына жиырма үш жылға аяқ басқан Қазақстан – әлем картасынан ойып тұрып орын алған кемел мемлекет. Сыртқы, ішкі саясатын өзі айқындайтын, жер үсті, топырақ асты байлығы мол, өзін-өзі асырауға мүмкіндігі жетерлік ел. Шекарамыз солтүстікте – ормандай орыс елімен, шығыста – қаптағай қытаймен, оңтүстікте – бауырлас қырғыз және өзбек ағайындармен түйісіп жатыр. Бүгінгі таңда мемлекеттік шекарамызды халықаралық талаптарға сай заңдастырып, бекітіп те алдық. Көпвекторлы саясат ұстанамыз. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған егемендікке тағдырдың сыйымен қол жеткізген бақытты ұрпақпыз. Ендігі мақсат – сол жетістіктерімізді баянды ете отырып, елді ғаламдық өркениет көшінің алдыңғы легінен көрсету. Ол үшін не істемек керек? Әрине, ыңғайлы ықпалдастық, ымыралы ынтымақтастық қажет. Дербес мемлекетпіз десек те, жаһандану заманында жан-жағымыздағы көрші мемлекеттермен экономикалық байланыстан мүлде тәуелсіз бола алмаймыз. Тіпті, ол мүмкін де емес. Сондықтан, біз көршілерімізбен берік достықта, шынайы қарым-қатынаста өмір сүруіміз аса қажет.

Осыған орай, Қазақстан Президенті: «Мемлекеттер интеграцияға жеке-дара, оқшауланып қол жеткізе алмайтын дүниені иелену үшін барады, ал мұндай жағдайда ықпалдасу үдерісі эволюциялық жолмен, сатылап жүзеге асқаны абзал. Біз өз күштерімізді біріктіргенде ортақ мүддеге қол жеткізуді көздеп, бұл істі кезең-кезеңімен атқаруға тиіспіз. Бүгінге дейін біз осы жолмен жүріп, алдымен Кеден одағын құрдық, одан Біртұтас экономикалық кеңістікті құруды аяқтауға жақындадық. Алдымызда Еуразиялық экономикалық одақ құру кезеңі тұр» деген еді сәуір айының соңында Минскіде өткен алқалы жиында.

Қазақстан – халықаралық құқық субъектісі. Ел аумағында ірі трансұлттық корпорациялар жұмыс істеп тұр. Сондықтан, әлемдік элиталармен тығыз ынтымақ құрмай, олармен тонның ішкі бауындай қарым-қатынас жасамай, дамудың даңғыл жолына түсу мүмкіндігі әлсірейді.

Оның үстіне, біздің жоғарыда аталған көршілерімізден іргені аулақ салуымызды іштей тілеп, араға от салудың оңтайлы сәтін күтіп жүрген кейбір мысықтілеу күштердің бар екендігі де жасырын емес. Ал, осындай кезде дамып келе жатқан мемлекеттің өз алдына оқшаулануы, стратегиялық жоспарлардан бас тартуы қалай болады? Қазақ атам бағзы заманнан «көршіңмен тату бол» демей ме?

Бұл қағиданы миллиард жарымға жуық халқы бар аспанасты елімен арада үнемі ескеріп отыру артықтық етпейді. Расы керек, қытай компанияларының қазақстандық шикізат кәсіпорындарын сатып алуға талпынысы көпшілікке ұнай бермесі анық. Ал, қазіргі кезде біздегі жер қойнауын пайдаланушы қытайлықтар туралы, олардың экологиялық талаптар мен еңбек тәртіптерін толық сақтай бермейтіні хақындағы мәліметтер бұл салада қордаланған мәселелердің жеткілікті екендігін көрсетеді. Тіпті, олардың Қазақстанның ауыл шаруашылығы жерлерін жалға алу, азық-түлік тауарларын экспорттау төңірегіндегі ұмтылыстары да бірқатар наразылықтарға ұшырады. Бейжіңдік жеке фирмалардың Алматы, Қызылорда, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарынан 1 миллион гектар жерді жалға алуын қазақстандықтардың басым көпшілігі қолдамады. Тек сарабдал саясат арқылы тең құқылы, ынтымақтастық орнатып, түйткілді мәселенің түйіні тарқатылған сыңайлы. Оның бір көрінісі – шикізат саласында Қазақстан кеніштеріндегі шетелдік үлесті 25-30 пайыздық деңгейден асырмау жолы белгіленгені.
Иә, осы негізде шығыстағы көршілерімізбен достық қарым-қатынас пен іскерлік ынтымақтастықты нығайта бергеніміз тиімді. Дамудың даңғыл жолына түскен бұл елдің әскери әлеуеті ғана емес, геосаяси дәрежедегі орны да бізден осы мүмкіндіктерді уыстан шығармауды талап етеді. Бір ғана мысал, Қазақстан аумағы арқылы аса ірі Түркіменстан-Қытай газ құбыры өтеді. Әрі біздің мұнай қорымыздың үштен бірі қытай компанияларының бақылауында. Сондықтан, осы тұрғыдағы ынтымақтастықтың қыры мен сырын жіті зерттеп, ықтимал қолайсыздықтардан алдын ала құтылып отыруымыз қажет-ақ.

Ал, енді солтүстіктегі шекарамыздың жайына келсек, Ресей – федерациялық ел. Жер көлемі жағынан дүниежүзінде бірінші орын алады. Жүз елу миллионға тарта халқы бар. Қорғанысына жыл сайын 70-80 миллиард доллар қаржы бөледі. Оған қоса, әлемнің алпыс алты мемлекетінде әскери базасы мен техникасы бар екендігін мақтан тұтады.

Әсіресе, кейінгі кездегі Украина төңірегінде қалыптасқан жағдайға байланысты Ресейдің ұстанымы жиі сынға ұшырап тұр. Аймақтық қауіпсіздіктің бірден-бір құқықтық негіздері болып есептелетін 1994 жылдың 5 желтоқсанында Будапештте қабылданған меморандумда АҚШ, Ресей және Ұлыбритания сияқты алпауыт мемлекеттер Украина, Белоруссия және Қазақстан шекараларының беріктігіне, аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігіне кепілдік берген болатын. Бірақ, Ресейдің күні кешегі Қырымға қарулы күштерін кіргізу жөніндегі шешімі кейде қауіпсіздікке қатысты құқықтық қағидалар мен халықаралық келісімдердің де қағаз бетінде қалып қоятынын аңғартты.

Батыстың Ресейге енгізіліп жатқан санкциялары Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін деген са­уалдар бар. Бірақ, бұл туралы билік тармақтары: «Оның бізге еш әсері жоқ. Ол санкциялар әзірге жекелеген адамдарға қатысты жасалуда» деп жұбатады.

Алайда, Украинаның Донецк, Луганск облыстарындағы, әсіресе, Славянск мен Мариуполь қалаларындағы қақтығыстар адам шығынына алып келді. Ол ол ма, 11 мамырда осы аталған екі облыста референдум өтіп, өздерін «тәуелсіз халық республикасы» деп жариялауда.

Мұны Батыс елдері, Еуроодақ заңсыз деп танып, мойындамады әрі Ресейдің «арандатушылығы» ретінде бағалады. Әсіресе, АҚШ Президенті Б.Обама: «Осы қадамдар Украинада 25 мамырдағы президент сайлауына кедергі келтірілетін болса, біз Ресейге жаңа санкцияларды бұрынғыдан да күшейтеміз» деп дөңайбат көрсетті.

Осыларды қаперге ала отырып, бізге енді сыртқы саясатта мейлінше тең құқылы, салмақты әрі салиқалы әрекетке көшу, сондай-ақ, екіжақты қарым-қатынастарды дамыта отырып, түпкі мүддені естен шығармау қажеттігі сезіледі.

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

 

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button