Басты ақпаратМәдениет

Қажымұқанның ізбасарлары

Бас қала төрінде «Қажымұқан жолы» атты ұлттық жарыс ұйымдастырылды. Күш атасы – Қажымұқанның шеберлігі мен ерлігін өнеге тұтқан сайыпқыран жігіттер сайысқа түсті. Салауат­ты өмір салты мен спорттың құндылығын насихаттаған іс-шара көпшіліктің көңілінен шықты.

Елорда төріндегі QAZAQSTAN жеңіл атлетика спорт кешенінде «Қажымұқан жолы» атты ұлттық турнирі өтті. Іс-шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев, Қазақстан спортшылар одағының төрағасы Азамат Қарлығашев және бокстан ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы ­Мерей Ақшалов, шорт-тректен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Абзал Әжіғалиев қатысты.

Басқарма басшысы өз сөзінде бұл жарыс Қажымұқан, Балуан Шолақтардың жолын жалғаған, халық арасында кеңінен насихатталып танымал болғандығын айрықша атап өтті.

Айтулы жобаның авторы және бастамашысы атақты палуан және Гиннестің рекордтар кітабының рекордшысы Сергей Цырульников шара барысында болат темірді майыстырып, жиналған жұртшылықты таңдай қақтырды.

Сайдың тасындай 8 батыр сайыстың 5 түрі бойынша яғни, 60, 70, 80, 90 келілік қапшықты жылдамдыққа көтеру, 1 минутта 140 келілік тасты биіктігі 1 метрлік тумбаның үстіне мейлінше көп қою, темір таға пішіндес ретінде жылдам майыстыру, 100 келіден асатын томарды иыққа салып көтеру, белдесуде сынға түсті.

Жарыс қорытындысы бойынша, чемпиондық атақ Болат Ахметовке, күміс жүлде Өмірбек Ақеділге, қола жүлде Тілеген Габдулинге бұйырып, олар арнайы ұлттық дәстүріміздің бұйымдарымен, дипломмен марапатталды.

                                                                                                  Қанат БАЙҰЗАҚОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button