Мәдениет

Қайраткер туралы құнды кітап

Ұлттық музейде «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының авторлары Санжар Керімбай мен Әділбек Нәби бірлесіп жазған «Өзбекәлі және мәдени майдан» тарихи-репрезентациялық кітабының таныстырылымы өтті. Белгілі журналист Зейін Әліпбек жүргізген іс-шараға Парламент және мәслихаттардың депутаттары, мәдениет және өнер, білім және ғылым қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, кітап кейіпкері Өзбекәлі Жәнібековтің туыстары, көзін көрген замандастары мен серіктері қатысты.  

Кітап көрнекті мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің өмірі мен қызметі, ұлт мәдениеті мен руханиятын өркендету жолындағы ерен еңбегі туралы сыр шертеді. Іс-шара барысында «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Өзбекәлі ағамыз қай қызметте жүрсе де, ұлтымыздың тарихын, төлтума мәдениетін, салт-дәстүрін, тілін жаңғыртуға және қорғауға зор еңбек сіңірді. Алаш рухы қалықтаған Торғай өңірін қайта түлетуге күш салды. Алаш арыстарын ақтау ісіне тікелей араласты. Көне жәдігерлерімізді жинақтау арқылы ұлтымыздың мәдени әлеуетін жарқырата көрсетуге сүбелі үлес қосты. Кітап мемлекет қайраткерінің осы аталған және өзге де еңбектерін жан-жақты зерделеу арқылы Өзбекәлі Жәнібековтің азаматтық-саяси тұлғасын жақсы аша білген. Бұл жинақ жалпы оқырман, оның ішінде өскелең ұрпақ үшін үлгілі бағдар болады деп сенеміз» делінген құттықтау хатта.

Сонымен қатар таныстырылымға қатысқан Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қала басшысы Жеңіс Қасымбектің құттықтауын жеткізді.

Кітап лентасын Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса, Қазақстан Рес­публикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясы Басқару институтының директоры, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Зулфухар Ғайыпов бастаған азаматтар кесті. «Өзбекәлі Жәнібеков атындағы мәдениетті, тарихты және этнографияны қолдау» қоғамдық қорының өкілі, кітап кейіпкерінің ұлы Ниетжан Өзбекәліұлы кітап авторларына алғыс айтты.

Кітапта Өзбекәлі Жәнібековтің қазақ тарихы мен мәдениетін жаңғыртуға, ұлттың бай мұрасын келешек ұрпаққа жеткізуге сіңірген орасан еңбегі, кеңестік-коммунистік жүйеге қарамастан Алаш зиялыларының ақталуына, Наурыз мерекесінің қайта тойлануына, Тайқазанның елге қайтарылуына, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қалпына келтірілуіне бастамашы болғаны, қазақ тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасауға қатысқаны, елдегі көптеген музейлер мен театрлардың, мәдениет ошақтарының ашылуына үлес қосқаны қамтылды.

Авторлар Атырау, Қостанай, Арқалық, Астана, Семей, Шымкент, Павлодар қалалары мен сол өңірлерге экспедиция ұйымдастырып, қайраткердің көзін көрген, онымен қызметтес болған адамдармен жолығып, сұхбаттасты. Сонысымен бұрын-cоңды беймәлім болған деректер енгізді. Кітапта кеңестік кезеңдегі қазақ халқының елдік санасының өсуі мен бос­тандыққа ұмтылыстарына сараптама жүргізілген. Баяндалған оқиғалардың танымдық-патриоттық тұрғыда да маңызы зор.

Жиында кітап авторлары Санжар Керімбай мен Әділбек Нəби бірегей ұлт қайраткерлері Темірбек Жүргенов пен Ілияс Омаров туралы да кітап жазуды жоспарлар отырғандарын айтты. Таныс­тырылым барысында Ұлттық музейдегі Өзбекәлі Жәнібеков тұтынған заттарынан жәдігерлер көрмесі ұйымдастырылды, «Сарыарқа» халық музыка ансамблі ән-күймен көркемдеді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button