Басты ақпаратЖолдау

Қоғамдық келісім – алтын көпір

Кеше елордадағы «Достық үйінде» «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Президент Жолдауын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Оның жұмысына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері және қоғам қайраткерлері қатысты.

Жиынды ашып, сөз сөйлеген Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен Президент Жолдауының Елбасы бағдарын әрі қарай жүзеге асыруды қамтамасыз ететін үлкен саяси және әлеуметтік бас­тамаларды орындаудың жаңа кезеңі екенін айтты. «Мемлекет басшысы Жолдауда ел дамуындағы ең өзекті мәселелерді айтып, оларды шешудің нақты жолдарын көрсетті. Қоғам дамуының стратегиялық бағдары мен бағыттарын анықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет көңіл бөлуі тиіс бес негізгі саланы атады: заманауи әрі тиімді мемлекет, азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, экономиканың инклюзивті дамуы, әлеуметтік жаңғыртудың жаңа кезеңі және әлеуетті өңірлер» деді Бақтияр Мәкен.
Әкім орынбасары өз сөзінде елімізде инклюзивті қоғам құрудың маңыздылығына тоқ­талды. Жолдаудың әлеуметтік мәселелер бөлімінде білім беру, ана мен бала институтын құру, сапалы медициналық қыз­меттің қолжетімділігі, мәдениет қызметкерлерін қолдау, инклюзивті қоғам құру жөнінде айтылды. Мүмкіндігі шектеулі жандарды толыққанды қоғам өміріне тарту – инклюзивті қоғам құрудың маңызды міндеті. Бұл мақсатқа алдағы үш жылда 58 млрд теңге қаражат бөлінеді» деді Б.Мәкен.
Одан кейін сөз алған Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов Президент халыққа Жолдау­да Үкімет пен Парламент рөлін нақтылап, міндет-мақсаттарын айқындап бергеніне тоқталды. Халық қалаулысы Жолдау аясында жүзеге асырылатын жұмыс­тарды Елбасының саясатымен сабақтастыру қажеттігін қадап айтты. «Біз еліміздегі қоғамдық келісімді нығайтуға назар аударуымыз керек. Себебі ол – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Қоғамның тыныштығы бәрінен де маңызды, бірлік бар жерде тірлік болады. Жолдауда алғаш рет Мемлекет басшысының аузымен қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлі айқындалды. Бұл да – үлкен жетістік. Сондай-ақ қазақ тілінің бірте-бірте ұлтаралық қатынас тіліне айналатыны айтылды. Ең бастысы, алға қойған мақсатымыз айқын» деді депутат.

Жадыра МҰРАТБЕКОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button