Басты ақпаратҚала тіршілігі

Қыруар жұмысқа – тың күшпен

Астана әкімінің міндетін атқарушы Сергей Хорошун қалалық мәслихаттың кезекті сессия­сында жаңадан құрылған Байқоңыр ауданының әкімі қызметіне тағайындауға Ерлан Қаналимовты ұсынды. Депутаттар аталмыш ұсынысты қолдады.

БАЙҚОҢЫР АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ЕРЛАН ҚАНАЛИМОВ

Экономикалық және заңгерлік жоғары білімі бар Е.Қаналимов еңбек жолын 2003 жылы Сарыарқа ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру және кадрлық жұмыс бөлімінің бас маманы ретінде бастап, бөлім басшысы, аталмыш аудан әкі­мінің кеңесшісі, қала әкімі аппараты басшысының орынбасары, Дағдарыс орталығының басшысы қызметтерін атқарды. Байқоңыр ауданының әкімі қыз­метіне тағайындалғанға дейін қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы болды.
«Ерлан Ермекұлы – ұйымдас­тыру-сараптамалық дағдыларын меңгерген тәжірибелі басшы. Идеологиялық тұрғыдан маңызды басқарманы басқарып, ірі жобаларды жүзеге асыруға тікелей атсалысты» деді С.Хорошун.
Қалалық мәслихат депутаты Зейнолла Шібкенов Е.Қаналимовты ол мемлекеттік қызметке орналасқан кезінен танитынын, әртүрлі мәселе бойынша онымен жиі араласуға тура келгенін, кандидат бас маманнан басқарма басшысына дейін тектен-тек өспегенін, қаланы бес саусағындай білетін адам ретінде аудан әкімі қызметіне лайық екенін атап өтті.
Ерлан Қаналимов өз тарапы­нан қала басшылығына, қалалық мәслихат депутаттарына оған артқан сенім үшін алғысын білдіріп, адал еңбегімен бұл сенімді ақтауға тырысатынын, Байқоңыр жаңа аудан болғаннан кейін алда атқаратын қыруар жұмыс күтіп тұрғанын, жұмыла жүріп мойнына жүктелген міндетті еңсеретінін айтты.
Астана әкімі аппаратының басшысы Берік Жәкенов қазіргі таңда қалада Байқоңыр ауданын құруға қатысты заңнамалық және қаржылық реттеу шаралары жүргізіліп жатқанын, жаңа аудан атауын, шекарасын, әкім аппаратының құрамы мен оның ережесін бекіту жұмыстары атқарылғанын жеткізді. «Жаңа аудан қаламыздың одан әрі дамуын қамтамасыз етіп, халықты толғандыратын кейбір мәселелерді шешуге жаңа мүмкіндіктер ашады деп күтілуде» деді ол.

БІЛІМНІҢ БҮГІНІ МЕН БОЛАШАҒЫ

Қалалық мәслихаттың кезек­ті сессиясында қаралған не­гіз­гі мәселе білім беру жүйе­сі­нің қазіргі жағдайы мен оны іл­ге­рілетуге қатысты болды. Бі­лім­нің бүгіні мен болашағымен енді осы салаға да жауап беретін қала әкімінің орынбасары Малика Бектұрова таныстырды.
«Соңғы төрт жылда білімнің дамуына бағытталған бюджет қаржысы 95 пайызға, яғни екі есеге жуық ұлғайды. Бұл қар­жы мектептерді ұстауға ғана емес, жаңа орта білім беру орын­дары мен қосымша ғимарат­тардың құрылысына бағытталуда. «Смарт Астана» жобасы мен цифрландыруды дамыту бағдарламасын есепке алып, қазір «Ірі мәліметтерді сараптау» деп аталатын жаңа жобаны енгіздік» деді М.Бектұрова.
Оның айтуынша, аталмыш жоба білім саласының мұқтаждықтарын саралауға, соның ішінде жаңа мектептер мен бала­бақшалардың, қосымша ғима­раттардың орналасатын жерін анықтауға, оқушылар мен мектепалды даярлықпен қамтылуы тиіс балалардың ағымын бол­жау­ға мүмкіндік береді. Биыл балабақша кезегіне тұруға және оған жолдама алуға электронды жүйе енгізілгенін еске салған баяндамашы оның артықшылықтары туралы әңгімеледі.
«1 маусым күніне қарай балабақшаларға балаларды қабыл­дау­ға қатысты өтініштер көбе­йеді. Сол мерзімде электронды жүйе­нің қорытындыларын көреміз. Мемлекеттік тапсырыс жайлы қазір әртүрлі пікірлер бар. Оны үнемі көбейтіп отыру қажет пе, жоқ па, қажет болса, оның көлемі қандай болуы керек? Соның бәрін анықтаймыз. Әр балада ЖСН бар. Ата-аналарда да осындай құжат бары белгілі. Бұл құжат бір баланы екі рет кезекке қоюға мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар, аймақтар бойынша мәселені реттейді. Мысалы, Ақмола облысында тұратын бала сол өңірде балабақшаға барады дейік. Бірақ ата-анасы алдағы жарты жыл-бір жылда Астанаға көшуді жоспарлап, перзентін елордадағы балабақша кезегіне қойып, осы жерде кезекті туындатады. Бұл жағдай бізді қосымша шараларды қабылдауға, мектепалды білім бойынша қосымша қаржы сұрауға, балабақшалардың құрылысы бойынша бизнес өкілдеріне шығуға мәжбүрлейді. Ал электронды жүйе қайталауға жол бермейді» деген қала әкімінің орынбасары алда салынуы жоспарланған балабақшалар санынан хабар берді. Соның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынатын  6 балабақша келесі жылдың аяғына дейін пайдалануға бері­летінін атап өтті.

ҚОСЫМША БІЛІМ ОРТАЛЫҚТАРЫ АШЫЛАДЫ

Әкім орынбасары орта білім бойынша қалыптасып отырған жағдай туралы, алда салынатын жаңа мектептер мен қосымша ғимараттар жоспарымен де таныстырды. Оның сөзінше, мектептерде электронды күнделік жүйесі енгізілгендіктен мұғалімдерге компьютер жетпей жатыр. Сондықтан қала әкімдігі ұстаздың отыратын орнын компьютермен жабдықтау жөнінде шешімге келді. Бұған қоса, әр мектептің әр кабинеті үстіміздегі жылдың 1 тамызына дейін Wi-Fi жүйе­сімен қамтылады.

Қазір мемлекеттік мектептерде оқитын балалар қосымша біліммен 15 пайызға ғана қамтылған. Сол себептен, болашақта қаладағы екі Оқушылар сарайының негізінде қосымша білімнің орталықтары құрылмақ. Бұл орталықтар мектептерде орналасады. Қазір кластерлерге бөлінетін қаладағы 13 мектеп анықталды.

Оқушылар сарайлары жалпы ұйымдастыру жұмыстарын атқарады. Жақын күндері №80, 64 мектептерде және балалар үйінде аталмыш орталықтар жұмысын бастап, сынақтан өтеді.
«Оның бағдарламасы бүгінгі күннің қажеттілігіне сай құрылады. Яғни, IT, 3D принтинг, робототехника салаларына баулиды. Қазір балалар аз кітап оқиды. Сондықтан кітап оқу, музыка үйірмелері де жұмыс істейді.
Бұл үш орталыққа қажет құрал-­жабдықтар анықталды. Оларға 108 млн теңгеге жуық қаржы керек. Осындай орталықтардың бір-бірінен айырмашылығы болмайды. Бұл қанатқақты жобаны жүзеге асыруға қаржыны Білім және ғылым министрлігі аясында сұрамақпыз. Яғни, ол сәтті іске асса, министрлік басқа өңірлерде де қосымша біліммен көбірек баланы қамти алады» деді М.Бектұрова.

№34 ОРТА МЕКТЕП МӘСЕЛЕСІ БИЫЛ ШЕШІЛЕДІ

Жуырда қалалық мәслихат депутаттары бірқатар білім беру нысандарын аралап, ондағы түйткілдерді анықтады. Депутат Қайырлы Тәукен сессия барысында соларды атап шықты. Мәселен, №34 орта мектепке жапсарлас жатақхана орналасқан. Онда қазір тұрып жатқан 8 отбасы (ғимаратта бұрын болған кәсіптік-техникалық училище ұстаздары) балалардың өміріне қауіп тудырып отыр. Оларға баспана беріп, жатақханадан шығару туралы шыққан соттың шешімі орындалмай отыр. Мәслихат депутаты Мирас Шекенов төтенше жағдай орын алмай тұрғанда бұл мәселені дереу шешу керектігін айтты. Оны қостаған әріптесі Сергей Солодовников қазіргі каникул уақытын пайдаланып, аталмыш мектептің түйткілін біржақты ету қажеттігін айтып, мәселе шешілгенше оқыту үдерісін тоқтату туралы пікірін жеткізді.
«Бізге бұрыннан таныс бұл мәселені биыл жыл аяғына де­йін шешеміз. Ол қала әкімінің бақылауында тұр. Рас, жатақханада тұратын отбасылар газ баллондарын тұтынады. Және барлық проблеманы мектеп директорына артып қойған. Аталмыш мәселе бойынша соттың шешімі 2011-2012 жылдары шықты. Осы жылдар ішінде Тұрғын үй басқармасы Білім басқармасына ондаған пәтер берді. Соған қарағанда бұл бая­ғыда-ақ шешілетін мәселе еді» деді М.Бектұрова.
Сондай-ақ, мәслихат депутаты Зұлпыхар Ғайыпов білім саласының дамуына өз көзқарасын жеткізді. «Әділет» тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қабыкен Закарьянов мектептердегі тамақтануды сынға алды. Мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Мәжит Шайдаров аталмыш комиссия есебін берді.
Бірқатар басқармалардың басшылары күн тәртібіне қойылған өзге мәселелер бойынша баяндамаларын оқыды. Соның ішінде Стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айжан Түгелбаева 2018-2020 жылдарға арналған қала бюджетіне енген өзгерістер мен толықтырулармен таныстырып, қосымша қаржы қай салаларды дамытуға бөлінетінін баяндады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button