Басты ақпаратТуризм

Елорда еншісі – іскерлік туризм

Астана еуразиялық кеңістіктегі бірегей жаһандық қалаға айналды. ЭКСПО-2017 көрмесі арқылы елордамыз осындай әлеуеті барын дәлелдеп берді. Алдағы уақытта Бас қаладағы туризм негізгі үш бағытта дамитын болады. Біріншісі – mice-туризм, екіншісі – қалалық демалыс, үшінші бағыт – медициналық туризм. Біз бүгін mice-туризмге толығырақ тоқталамыз.

«Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті, әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі».

(Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар рухани жаңғыру» атты  мақаласынан)

Жаһандық қала қатарында 

Соңғы жылдары Еуразияның кіндігіндегі Астана жаһандық қалаға айналды. Соның нәтиже­сінде отандық және шетелдік туристер ағылып келіп, туризм жандана түсті. Бір ғана «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі арқылы жаһандық кө­лемдегі ірі-ірі шараларды абыроймен өткізе алатынымыз­ды күллі әлемге мойындат­тық. Өткен жылғы Шанхай Ынты­мақтас­тығы Ұйы­мы, Еура­зия­лық Эко­номикалық Одағы, Ис­лам Ын­тымақтастығы Ұйымының сам­миттері де жоғарыдағы сөзі­мізге мысал болады.
Мәселен, 2017 жылдың жазы­ның ең елеулі оқиғаларының бірі – Астанадағы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының (ИЫҰ) саммиті. Маңыздылығы жөнінен бұл саммит 2010 жылғы ЕҚЫҰ-ның саммитінен асып түсті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баевтың беделінің арқасында күллі ислам әлемінің басы бір жерге тоғысты. 83 делегацияның 15-ін мемлекет басшыларының бастап келуі аталған шараның аса маңыздылығын көрсетті. Астана саммитінде қабылданған декларация барша ислам әлемін дамытуға шынайы қадам жасау­ға ықпалын тигізгені сөзсіз.
Жалпы алғанда, жаһандық деңгейдегі оқиғалар Астанада mice-туризмнің дамуына жағымды ықпал етті. Әлемде туризмнің осы түрінен қыруар табыс тауып, ұлттық экономикасын өркендеткен елдер, қалалар көп. Қала басшылығы алдағы уақытта туристерді көбірек тарту үшін туризмнің осы бағытын ерекше дамытуды жоспарлап отыр.

ЭКСПО мұрасы mice-туризмнің негізін қалады

Өткен жылы еліміз абыроймен өткізген «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі тек Қазақстан емес, күллі Орта Азия аймағы үшін ең елеулі оқиға болды. Көрмені үш айда 2,5 млн-нан аса адам тамашалады. Ол Қазақ Елінің ең үлкен жетістігі ретінде тәуелсіздігіміздің жылнамасына, әлемдік ЭКСПО көрмелері тарихына алтын әріппен жазылды. Қуанарлығы сол, жекелеген салалар емес, мықты қалалар жаһандық бәсекеге қабілеттілікті анықтайтын заманда Астана тәуелсіз Қазақстанның абыройын асқақтатты. Қала ЭКСПО-мен бірге өзі де қарқынды дамыды. Жаңа индустриялар мен заманауи технологиялар мегаполистерде қалыптасып, іске асатынын дәлелдеді. Астана алдағы уақытта Дубай, Сингапур, Гонконг, Сеул сияқты дамыған шаһарлардың қатарына қосылуды мақсат етуде.
ЭКСПО-ның мұрасы Астанадағы mice-туризмнің негізін қалады. Бас қаладағы жаңарған әуежай, «Нұрлы жол» вокзалы, жаңадан салынған қонақ үйлер, алуан түрлі мейрамханалар,
театрлар, бизнес-орталықтар, спорттық-мәдени нысандар осы­ған мысал бола алады. ЭКСПО-
2017 көрмесінің бірегей нысаны – «Нұр Әлем» музей-павильоны. Өткен жылы қараша айында ол ерекше қорғалатын мемлекеттік сәулеттік нысан деп танылды. Көрме кезінде шетелдік БАҚ-тарда ең көп аты аталған нысанның бірі «Нұр Әлем» болғаны анық. Қазір сарапшылар «Нұр Әлемнің» Париждегі Эйфель мұнарасы, Лондондағы Хрусталь сарайы сияқты Қазақстанның көз тартарлық орнына айналуға мүмкіндігі зор екенін айтуда.
Мысалы, Дубайда жылына 4 мыңға жуық халықаралық деңгейдегі іс-шаралар өтеді. Соның ішінде фильмдердің тұсаукесері, концерттер, фестивальдар, форумдар, конференциялар, көрмелер бар. Бұл – Дубайдың жаһандық қалаға айналғанының белгісі. Шетелдік туристердің бәрі қонақ үйлерде тұрып, оның қызметін пайдаланып, қала экономикасына қыруар қаражат қалдырады. Осы тәжірибе ЭКСПО-2017 көрмесінде Астанада да жүзеге асырылды. Отандық сарапшылар туристерден қанша табыс түсетінін де шамалап есептеген. Орташа статистика бойынша, бір шетелдік Қазақстандағы 5 күндік демалысына 97 мың теңге жұмсады. Мұндай мәліметті Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті таратты. ЭКСПО-2017-нің қалдыр­ған мұ­расы ұшан-теңіз деуге болады. Қазір Астанада 200-ден аса қонақ үй, 800 қоғамдық тамақтандыру орны, музейлер мен театрлар, mice-туризм іс-шараларын жоғары деңгейде ұйымдас­тырып-өткізетін компаниялар бар. Халыққа қызмет көрсету сала­сында 300 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Бір ғана ЭКСПО сияқты алып жоба Астананың еуразиялық кеңістіктегі іскерлік, мәдени, туристік орталыққа айнала алатынын дәлелдеді.

2018 – еліміздегі mice-туризм жылы  

Кез келген қала ең әуелі өз тұр­ғындарына жайлы және ыңғайлы болса, ол онда шетелдік туристер үшін де тартымды қалаға айналады. ЭКСПО – 2017 көрмесінен кейін іскерлік туризм­нің ілкімді бағыт, табысты сала екеніне көз жеткізе түскен қала басшылығы Мәдениет және спорт министрлігімен, «Kazakh туризм» корпорациясымен, «Астана» халық­аралық қаржы орталығымен, құ­­зырлы министрліктермен және ұлт­тық компаниялармен бірлесе отырып, 2018 жылға арналған айтулы іс-шаралар (ірі форумдар, конференциялар, ойын-сауық шаралары, концерттер және фес­тивальдар) жоспарын жасауда.
Мәселен, 2018 жылдың 5 шілдесінде ЭКСПО аумағындағы Конгресс-орталықта «Астана» халықаралық қаржы орталығының тұсаукесер рәсімі өтеді. Сал­танатты шараға қатысуға халықаралық қаржылық компания­лар, даму институттары, қаржы ұйымдарының басшылары ша­қырылды. Олардың арасында Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Сума Чакрабарти, «Blackstone Group-тың» төрағасы Стивен Шварцман, Азия инфрақұрылымдық инвес­тициялар банкінің президенті Цзинь Лицюнь, Дубай қаржы орталығының басқарушысы Исса Казим бар. «Астана» халық­аралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов хабарлағандай, халықаралық тұсаукесер Астана қаласының 20 жылдығымен орайластырылып отыр. Сонымен қатар, биыл бас қалада 13-ші Дүние жүзілік ислам экономикалық форумы, Назарбаев орталығында «Астана» халықаралық қаржы орталығының Құқықтық мәселелер бойынша алғашқы халықаралық конференциясы өткізіледі.

Әлем қалаларына әуе қатынасы жиілейді

Биыл қаңтар айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Давостағы Дүние жүзілік экономикалық форумның қатысушыларына үндеу жолдап, шетелдік қонақтарды 2018 жылы 4-5 шілдеде өтетін «Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми тұсаукесеріне шақырды. Бүгінге дейін аталған орталық Қытайдың мемлекеттік даму банкін қоса алғанда 10-нан астам компанияны тіркеді. 2018 жылдың соңына дейін 100-ге жуық компаниялар тіркеледі деп жоспарланып отыр. Әрине, әлемдік деңгейдегі орталықты ашқаннан кейін Астананың кө­ліктік қолжетімділігі деген мәселе ерекше өзекті болады. Себебі Қаржы орталықтарының жаһандық рейтингісіне (GFCI) сәйкес, көліктік қолжетімділік қаржы орталығының даму дең­гейінің ең негізгі көрсеткіш­терінің бірі болып табылады. Осы орайда Қазақстанның елордасын Шанхай, Гонконг, Сингапур, Токио, Цюрих, Нью-Иорк сияқты әлемдегі үлкен қаржы орталықтарымен тұрақты, тікелей әуе байланыстарымен қамтамасыз ету бағытында іс-шаралар жүзеге асырылады. Мұндай шаралар елордамыздағы mice-туризмнің дамытуға игі ықпал етері анық.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button