ӘлеуметБасты ақпарат

Риелторлық қызмет: кәсіп пе, «нәсіп» пе?

Заман өзгерген сайын адамдардың мамандығы мен атқаратын кәсібі де түрленіп отырады. Мәселен, бұрын жалға пәтер іздейтіндер «жетім бұрыш» жағалап, жылжымайтын мүлікті сататындар мен сатып алушылар көшедегі хабарландыруларға жүгініп келсе, нарық өмірімізге дендеп енгелі адамдар «маклер», «брокер», «риелтор» дейтіндердің қызметін кеңінен пайдаланатын болды.
Алайда қазір осы іске бет бұрып, онымен дендеп айналысатындар халыққа қалай қызмет көрсетіп жүр? Олардың жұмысы дұрыс жолға қойылған ба? Міне, осы әңгіме кейінгі кезде көпшілікті жиі-жиі мазалайтын болды.

Алдап соғуы оп-оңай

«Риелтор» деген сөздің түп төркіні ағылшынның «realty» «жылжымайтын мүлікті сатушы» деген ұғымынан шыққан екен. Ал қарапайым сөзбен айтсақ, ол – сатып алушы мен сатушының арасындағы барлық керекті құжаттарды ретке келтіріп немесе жылжымайтын мүлікті жалға алып, беру үдерісін үйлестіретін кәдімгі делдал.
Бірақ, осы жауапты қызмет кейінгі кезде оңай жолмен ақша тапқысы келетін пысықайлардың қалтасын қампитатын кәсібіне айналып бара жатыр. Өйткені осы қызметті заңды түрде реттейтін тетіктер қалыптаспаған. Риелтор мамандығы арнайы дайындалмайды. Қаласа, бұл жұмысты қолы мен сөзінің ебі бар кез келген адам істей алады. Соның салдарынан дау-дамай, айқай-шу, сотқа дейін жүгінген оқиғалар көбеюде.
2018 жылдың сәуір айында Ермек Қайырсапаев екі бөлмелі үйін сатпақшы болып «krisha.kz» сайтына хабарландыру береді. Арада екі күн өткенде Гүлнар Ақмолдаева есімді келіншек хабарласады. Сатылымға қойған пәтерді көргісі келетінін айтады. Алғашында Ермек оны сатып алушы деп ойлап қалады. Келгесін барып, оның «Уют» деген агенттікте жұмыс істейтін риелтор екенін біледі.
Міне, сол Гүлнар өзінің пысықтығының арқасында Ермекке өзі қойған бағадан да жоғары бағаға пәтерін сатып алатын адам тауып беретін болып, «тек жай ғана жұмысымның есебі үшін керек» деген желеумен бірнеше қағазға қол қойдырып алады. Ермектің «мен сізге хабарландыру берген жоқпын ғой, менің пәтер сататынымды қайдан білдіңіз?» деген сауалына: мәліметтерді «ортақ базадан алдым» дей салады.
Сол-ақ екен Ермектің пәтерін саудалаушылардың қарасы көбейеді. Ақыры біреуімен жиырма миллион теңгеге мәмілеге келеді. Шатақ осы жерде басталады. Делдал мәмілеге келтіргені үшін екі жақтан да 1,5 пайыз, яғни 300000 теңгеден ақша талап етеді. Қалайша, тым көп емес пе?
«Жоқ, мырзалар, сіздер о баста келісімшартқа қол қойғансыздар». Шынында да, келісімшартта сатылған жылжымайтын мүліктің құнының 1,5%-ы риелтордың қыз­меті үшін төленеді деп жазылған. Бұл бағаны кім қойды? Тікелей хабарландыру бермесе де, алатын адамды әкеліп, көрсетіп, мәміле жасатқан риелтордың еңбегі үшін пәтер иесінен осыншама ақы сұрауы заңды ма?
Бұл сауалдар әзірше заң орындарының құзырында қалып тұр.

Қалтасының қамын ғана ойлайды

Заңгер Рамазан Бексейітовтың айтуынша, осы аталған қызметке байланысты елордада жылына бірнеше қылмыстық іс қозғалады екен.
Ақшасы мол жерден алаяқтардың да балға үймелеген шыбындай шыр айналып шықпайтыны өтірік емес. Тек осы жылдың өзінде жалған делдалдықтан төрт адам зардап шеккені тіркелген. Оның басты себебі де жылжымайтын мүлік агенттіктерінде кездейсоқ адамдардың жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткендігінде жатыр. Екі қолға бір күрек таба алмай жұмыссыз жүргендердің көбі риелторлықпен айналысуға кіріскендей. Адамдардың жарнама сайттарына берген хабарландыруларын көшіріп алып, бағасын азайтып көрсетіп, өз атынан беру, сөйтіп, өздеріне клиенттер жинау олар үшін онша қиын шаруа болмай қалды.
Мәселен, Астанада тіркелген 130-дай жылжымайтын мүлік агенттігінде 700-ге тарта адам жұмыс істейді екен. Солардың 30 пайызының арнаулы сертификаты жоқ екендігі анықталып отыр. Ал осындай агенттіктерге уақытша тіркеліп, ауылдан келіп, қаланы жөнді білмейтін адамдардың қалтасын қағып жүргендер қаншама?!
Соңғы уақытта «ақпарат беруші риелтор» дейтіндер шығып жүр. Олар «қай жерде қандай пәтер жалға беріледі, бағасы қандай? Ол жерге қалай баруға болады?» деген мәліметтері үшін клиенттен 1000-2000 теңге сұрайды. Ал бермесеңіз, айтпайды. Сонда орталықтан сізге ыңғайлы пәтерді тек көрсеткені үшін кем дегенде 1000 теңге алса, әрі осы қызметін күніне он адамға көрсетсе, айына ол қанша табыс табатын болғаны? Осы заңсыз табысынан қазынаға салық та төлемейтіні тағы анық.
Осыған байланысты Қазақстан риелторлары бірлескен қауымдас­тығының президенті Елена Гриво былай дейді:
– Қандай да бір риелтор сізге қыз­метін ұсынатын болса, міндетті түрде ол жұмыс істейтін агенттіктің құжаттарын сұраңыз. Әрі оны көрсетілген мекенжайы, телефоны бойынша тексеріп көріңіз.
Сату-сатып алу, жалға беру келісімшартын жасарда риелтордың тек бір жылжымайтын мүлік агенттігінде жұмыс істейтіндігіне көз жеткізіңіз. Әйтпесе, бірнеше агенттікте қатар тіркеліп, клиенттерін алдап соғатындар кездеседі.
Ең бастысы, қолында сертификаты бар адамдармен жұмыс істеуге тырысыңыз. Өйткені заңды, талапқа сай жұмыс істейтін жылжымайтын мүлік агенттіктері риелторлармен келісімшартқа отырарда көрсетілетін қызметтердің тізбесін айқындап жазуы керк. Әрі оның толық орындалуына жауапты болады. Егер риелтор тарапынан келісімшарттағы көрсетілуі тиіс қызметтің бір тармағы орындалмаса, клиенттен ақы алынбауы тиіс.
Ал бізде қалай?..

Риелтор қызметі кімге керек?

Бүгінгі таңда елімізде риелторлық қызметті реттейтін нақты заң жоқ. 2013 жылы алқалы отырыс­тарда бұл тақырып бірнеше рет талқыланғанымен, жазылған заң жобасы парламент қабырғасына жетпеді. Өйткені ондағы қағидалар қазіргі қолданыстағы азаматтық, кәсіпкерлік және салық кодекс­терін қайталаудан аса алмаған.
Рас, риелторлық та – кәсіпкерлік. Бұл іспен айналысатын адам жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, түскен пайдадан салық төлеп тұруы керек. Бірақ, бізде көбіне олай жасалмайды. Бір сату-сатып алу мәмілесін жүзеге асырған риелтор «еңбегі үшін» екі жақтан да 300000 теңгеден бір сәтте 600000 теңге ақшаны қалтаға басып, емін-еркін жүре береді. Тіпті оларға бір реттік айыппұл төлей салу да дәнеңе емес.
Неге риелторлардың жұмысы осылай бақылаусыз кетті. Оған себеп: біріншіден, олардың жұмысын реттейтін нақты заңның жоқтығы. Екіншіден, өңірден келген, қаланы біліңкіремейтін, уақыты тығыз, құқықтық сауаты төмен ағайындарды олар жақсы пайдалануда. Міне, осыдан келіп еліміздің Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі қалаларында риелторлық жұмыс нағыз табыс көзіне айналып отыр.
– Астанадағы үш бөлмелі пәтерімді делдалдың қызметі арқылы таптым, дейді осы жылы Орал қаласынан қоныс аударған Асқар Әбдірахман. Хабарландыру сайттарындағы кез келген телефонға қоңырау шалсам, үнемі агенттіктің адамына түсемін. Соған қарағанда пәтер иесі өз атынан хабарландыру бергенімен, оны делдалдар пайдаланатын сияқты.
Сонымен, Ұлжалғас есімді қыз бала барлық мәліметтерді жазып алып, маған ыңғайлы пәтер табылған кезде өзі хабарласатын болды. Аптасына екі рет телефон арқылы байланысып отырдық. Шамамен, бір айдай өткенде ол маған Бұқар жырау көшесіндегі жаңадан пайдалануға берілген үйлердің бірінен үш бөлмелі пәтердің суреттерін жіберді. Пәтер бізге ұнап, алатын болып келісіп, екі күннен кейін Астанаға келдік те нотариусқа барып, сату-сатып алу мәмілесін жасастық. Риелтор қызметі үшін бізден 300000 теңге ақша алды. Ол да риза, біз де риза. Егер риелтордың қызметі болмағанда мен мұндай пәтерді іздеп жүруге уақытым да, мүмкіндігім де жоқ, – дейді Асқар.
Ал екінші бір үйін сатқан адам керісінше, делдалдарға өкпесі қара қазандай екенін жасырмады.
– Мен олардың қызметіне жүгінбесем де, телефонымда тыным болған жоқ. Күніне бірнешеуі қоңырау шалды. Көбі – «Этажи», «Руслан К», «Уют» сияқты жарнама агенттігінен. Сертификаттары бар екенін, жарнамалық қорларында сексенге тарта сатылатын пәтер тіркелгенін айтып, қыруар уақытымды алды. Маған шын мәнінде делдалдың қажеті жоқ. Асты-үстіңе түсіп, мың құбылғанымен, түптеп келгенде, олардың ойлайтыны – қалталарының қамы. Сондықтан мен оларға жоламауға бел будым. Сөйтіп, өзім «OLX», «Крыша kz» сайттары арқылы хабарландыру бердім. Тек делдалсыз тікелей үй сатып алатын адамдармен жұмыс істейтін боламын, – дейді Алмас есімді қала тұрғыны.

Заңмен реттелсе дейміз…

           Негізі, АҚШ, Германия, Канада, Испания, Ұлыбритания, Белгия сияқты дамыған елдерде риелторлық қызметті мемлекет қатаң бақылауға алып, реттеп отырады. Сол себепті оларда үй сатушы да, сатып алушы да көп бас қатырмайды. Қозғалмайтын мүлік агенттігі сатушының үйін қалаған бағасына сатуға көмектеседі де, қызмет ақысын тек бір жақтан ғана алады. Ал келесі сатып алушы жақ бір тиын да төлемейді. Соған жұмыс істеген риелторлардың ақысы да үй құнының 1%-нан аспайтын көрінеді.
Ал бізде «риелторлар ақшаны тек үй иесінен алсын, сатып алушыдан алмасын деген заң жоқ ғой» деп, екінің бірі бұл қызметтің тізгінін емен-еркін ұстап жүр. Әрі ереже, талаптарды да өздеріне ыңғайлап қойып алған. Шындығында, олар жеке кәсіпкерге жатады. Мойнына алған жауапкершіліктері мен міндеттері де осы тұрғыдан қаралуы қажет. Бірақ, олардың көбі жеке кәсіпкер ретінде тіркелмейді де. «Жабайы» түрде жұмыс істей береді.
Не істеуге болады? Шұғыл түрде заң жобасын заман талабына сәйкес ыңғайлап, қайта жазып, ел парламентінде бекіттіру керек. Қазір елімізде тіркелген жеті жүзге тарта жылжымайтын мүлік агенттігі бар болса, мамандардың айтуынша, соларда жұмыс істейтін үш мыңға тарта қызметкердің тең жартысынан көбі сертификатсыз, яғни заңсыз жүрген көрінеді. Бұл дегеніңіз – қыруар ақшаның бюджетке түспей, жеке қалталарға кетіп жатқандығының айқын айғағы. Оның үстіне алаяқ, арсыз риелторлардың кесірінен қаншама адамның жүйкесі жұқарып, алтын уақыттары босқа сарп болуда.
Сондықтан құзырлы органдар бұл саланың жұмысын халықтың көңілінен шығатындай етіп, таяу уақытта заңмен реттейді деп үміттенеміз.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button