Басты ақпарат

Бір белдеуден бел алған жол берекеге бастайды

Бұдан бес жылға жуық уақыт бұрын Қытайдың бас­тамасымен көтеріліп, қолға алынған «Бір белдеу, бір жол» жобасы туралы соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде қайтадан жиі әңгіме қозғала бастады. Дегенмен оқырман арасына бұл идея сонша уақыттан бері кеңінен тарап келе жатқанымен, оның мақсаты мен міндетін, мазмұны мен мәнін толық түсіне бермейтіндер әлі де көптеп саналады.

«Бір белдеу, бір жол» – Қытайдың сауда, көлік жолдарын, сондай-ақ Орталық Азияның, Еуропа мен Африканың 60-тан астам елдерін байланыс­тыратын экономикалық дәлізді жетілдіру мен оның жаңа түрлерін жасауға, олардың Қытаймен арадағы сауда қарым-қатынасын дамытуға серпін беруге бағытталған халықаралық бастамасы.
«Бір белдеудің» бастау алар шағына Қазақстанның да тікелей қатысы бар. Атап айтқанда, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин 2013 жылғы қыркүйек айын­да Қазақстанға жасаған сапары кезінде Астанада сөйлеген сөзінде «Жібек жолының экономикалық белдеуі» деп аталатын идея­ны қалыптастыру жөнінде алғаш рет мәселе көтерген еді. Осы арқылы ол іс жүзінде бұдан ондаған ғасыр бұрын осы аймақтарда дәурен сүрген ежелгі «Жібек жолы» сауда қарым-қатынасының жаңа заманға лайықты жаңа пішінін қалыптастырып, дамытуды ұсынған болатын. Қытай лидері «іс жүзіндегі өзара қарым-қатынасты жан-жақты нығайта түсудің және ынтымақтастықтың басымдылығында, өнімнің тұрақтылығында, өзара тиімді және ортақ ұтысқа иелік негізіндегі жалпы мүдделерді жасауда саяси диалогтың, географиялық жақындық пен экономикалық жағынан бір-бірлерін толықтырып тұрудың» қажеттілігіне назар аударды.
Осыған байланысты Си Цзиньпин Еуразия кеңістігіндегі елдерді өзара бірлесіп, ынтымақтас­тықтың жаңа моделін жасауға, «Жібек жолының экономикалық белдеуін» (ЖЖЭБ) қалыптастыруға шақырып, саяси координация, инфрақұрылымдық өзара байланыс, сауданы ырықтандыру, капиталдың еркін жылжуы және халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайту секілді бес шараны сақтау­ды ұсынды. Сол жылдың қазан айында ол бұл идеяны Оңтүстік–Шығыс Азия елдеріне жасаған сапары кезінде тағы тарқатып айтып берді. Онда Си мырза АСЕАН-ға мүше елдердің басшыларына өзара бірігіп, «Жібек жолының экономикалық белдеуіне» қоса «ХХI ғасырдағы теңіз Жібек жолын» (ТЖЖ) жасау жөнінде сөз қозғады. Бұл екі идея біріге келгенде, Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» деген атаумен дүние­ге келген стратегиялық тұ­жырымдамасының негізін құрады. Ол ҚХР-дың бүгінгі таңдағы ішкі экономикалық және сыртқы саяси бағытындағы негізгі бағдарларының бірі болып табылады.
Өзінің алдына қойып отырған мақсаты мен міндеті, мазмұны мен мәні жағынан оны қазір формалды емес кең ауқымды басқару мен даму жобасымен (G-20 тектес) са­лыс­тыруға болады. Ол тек батысеуропалық емес, қытайлық нұсқада жүзеге асырылады. Соған қарамастан, Қытай саясаткерлері мен сарапшылары оны «Жібек жолының» осы заманғы жаңа нұсқасы деген пайымнан үзілді-кесілді бас тартып отыр. Осыған қарап-ақ «Бір белдеудің» астары мен мазмұнында тек экономикалық мүдденің ғана жатпағаны анық байқалады.
«Бір белдеу, бір жол» – бүгінде жоғары держава дәрежесіне жетіп отырған Қытайдың құрлықтағы («Жібек жолының» экономикалық белдеуі) және су айдынындағы (теңіз «Жібек жолы») ұзақ жылдарға бағытталған геосаясатының бастау алар тұсы. Бұл жағынан ол АҚШ-тың 1990 жылдары белсене ұсынған жаһанданудың батыстық нұсқасына ұқсайды. Сарапшылар болжамына қарағанда, «Бір белдеу…» елдері лидерлерінің форумы келешекте кем дегенде Қытай бастамасын қолдау мен ҚХР үшін қолайлы халықаралық орта қалып­тастырудың, ауқымды сая­си және экономикалық қолдау көрсетудің мінбесі болып қалуға тиіс.
Бүгінгі күннің басты тірегі – жобаны экономикалық жағынан толықтыру. Жоба соның ішінде қатарына топтар тарту тұрғысында белсенді инс­титуционалдық және сау­да-экономикалық саясат ұстанады. Бұған теміржол және автомобиль жолдары магистральдары құрылыс­тарын кеңейту де кіреді. Түптеп келгенде, ірі көлік жүйесін құру келешекте Қытайға Азия-Тынық мұхит аймағынан Батыс Еуропа елдеріне дейінгі аралықта сенімді көлік дәлізін жасап алуға мүмкіндік береді.
Жасалған жүйе қазір жалпы жер көлемі 50 млн шаршы шақырымды алатын, 3 млрд халқы бар Азия мен Еуропаның 18 мемлекетінің басын біріктіреді. Соңғы 10 жылдың беделінде Қытайдың «Жібек жолының экономикалық белдеуінде» орналасқан елдермен жыл сайынғы та­уар айналымының өсімі 19 пайызды құрады. Ал 2016 жылы ҚХР-дың «Жібек жолы» бойындағы мемлекеттермен жалпы сауда көлемі 954 млрд долларға жетті немесе әлемдік тауар айналымының 25,7 пайызы болды.
«Жібек жолы экономикалық белдеуінің» тұжырымдамасы Қытайдың Орталық Азия аймағын басқа өңірлердегі қатысушыларға қарағанда экономикалық және интеграциялық тұрғыда айтарлықтай кең ауқымда қарас­тыратынын танытады. Іс жүзінде ол Шығыс Азиядан Еуропаға дейінгі территорияны экономикалық жағынан бірлесе дамытудың мегажобасын ұсынады. Онда Қытай басты орындаушының және дем берушінің міндетін атқарады. Мұнда әңгіме еркін сауданың әлдеқандай бір еуразиялық аймағын жасау туралы болып отырған жоқ, ол, негізінен, Қытайдың көмегімен Еуразия ендігінде экономикалар мен көліктік/инфрақұрылымдық жобаларды дамытуға бағыт ұстайды.
Қазір «Жібек жолының экономикалық белдеуі» Қытайдан Орталық Азия мен Ресей арқылы Еуропаға (Балтық теңізіне дейін) шығу, Қытайдан Орталық Азия мен Батыс Азия арқылы Парсы шығанағы мен Жерорта теңізіне шығу, Қытайдан Оңтүстік–Шығыс, Оңтүстік Азия арқылы Үнді мұхитына шығу деп аталатын үш басты маршрутты түзетін болады деген болжам жасалды. Ал «XXI ғасырдағы теңіз Жібек жолы белдеуіне» Қытайдың теңіз порттарынан Оңтүстік–Қытай теңізі арқылы Үнді мұхитына және одан әрі Еуропаға жету, Қытай порттарынан Оңтүстік–Қытай теңізі арқылы Тынық мұхиттың акваториясына шығу қарастырылуда. Ал аталған бағыттарда «Қытай – Моңғолия – Ресей», «Қытай – Орталық Азия – Батыс Азия», «Қытай – Үндіқытай», «Қытай – Пәкістан» және «Бангладеш – Үндістан – Мьянма – Қытай» халықаралық экономикалық дәліздерін құрып, қалыптастыру жоспарланып отыр. Бұл құжатта инфрақұрылым құрылысы, өндіріс қуаттылығына инвестициялар әкелу, табиғи ресурстарды игеру, сауда-экономикалық және қаржылық ынтымақтастық, гуманитарлық алмасулар, қоршаған ортаны қорғау мен теңіздегі өзара бірлескен әрекеттер жасау салаларындағы міндеттер жайы да қарастырылған.
«Жібек жолының экономикалық белдеуі» тұ­жырымдамасы жақын аралықтағы бірнеше онжылдықта жүзеге асырылады деп есептелген. Қазіргі кезде оны жүзеге асырудың біртұтас қалып­қа келген жүйесі әлі жасалып болған жоқ. Соған қарамастан, ол бүгінде Қытайды жаңа жаһандық жағдайдағы көшбасылық құзыретке қарай бастаудың маңызды векторларының бірі екендігі ешқандай күмән туғызбайтындай дәрежеде толық айқындалып тұр. Алдына осындай ғасырлардан-ғасырларға ұласатын мегажоба жасау міндетін қойып отырған Қытай оны қаржыландырудың алғышарттарын да жасап қойды. Ол «Бір белдеу, бір жол» тұжырымдамасын қаржыландыруды қолға алу мақсатында 2014 жылы Азия инфрақұрылымдар инвес­тициясы банкі (АИИБ) және «Жібек жолы» қоры секілді екі қаржы институтын ашып қойды. Азия инфрақұрылымдар инвестициясы банкінің мақсаты банктің қатысушы-құрылтайшы елдерінің ірі инф­рақұрылымдық жобаларын қаржыландырып, олардың экономикалық жағынан өсулеріне серпін беру болып табылады.
2015 жылғы 29 маусымда аталмыш банкті құру туралы келісімге қол қойылды. Ал 2016 жылғы 16 қаңтарда 100 млрд долларлық бастапқы капиталы бар АИИБ өзінің жұмысын бастап кетті. Банктің ең ірі құрылтайшылары қатарында Қытай, Үндістан, Ресей, Германия және Корея Республикасы бар. «Жібек жолы» қоры 2014 жылғы желтоқсанда Бейжіңде тіркелді. Оның жалпы капиталы 40 млрд долларға тең, алайда оны толық қалыптастыру бірнеше кезеңнен тұратын болады. Қор 10 млрд долларлық бастапқы капиталмен іске кірісті. Қордың барлық капиталы Қытайдың еншісіне жатады, ал қаржыландырудың негізгі көзі – Қытай шетел валютасы мемлекеттік әкімшілігі (65%), Қытай Инвестициялық Корпорациясы (15%), Қытай экспорт-импорт банкі (15%) және Қытай Даму банкі (5%). Қор бұдан әрі басқа елдердің ұзақ мерзімді инвестиция беруге дайын институционалдық инвесторларын тартатын болады.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу, бір жол» идеясын алғашқы болып қолдағандар қатарынан табылды. Себебі бір мақсаттағы бір белдеуден бел алатын бұл жолдың, дұрыс қолға алынып, жөнімен жүргізілген жағдайында, берекеге бастайтыны бірден белгілі болып тұр еді. Идеяның бағалы екендігінде күмән жоқ. Мұны Елбасы 2017 жылғы 14-15 мамыр­да Бейжіңде өткен «Бір белдеу, бір жол» жобасына қосылған мемлекеттер басшыларының форумында да атап көрсетті.
Егер екі жақ тиімді жолдармен жалғаса берсе, «Бір белдеудің» Қазақстанға әкелетін пайдасы да зор болмақ.

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы Серік Пірназар Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшілігі мен «Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігі бірлесіп ұйымдастырған «Бір белдеу, бір жол» және «Нұрлы жол» бағдарламаларының 5 жылдығына арналып өткізілген шығармашылық байқаудың жүлдегері атанды.
Әріптесімізге алдағы уақытта да жемісті еңбек тілейміз!

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button