Басты ақпаратЖаңалықтар

РОЗАМЕН КӨКТЕМГЕ БІР БАРАМЫЗ

8 наурызда Халықаралық әйелдер күні Конгресс-холда Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, атағы алты Алаштан асып, әлемге тараған жез таңдай әнші Роза Рымбаеваның «Сахнада – 40 жыл. «Көктем шақырады» атты мерейтойлық концерті өтеді. «Астана» эстрада-симфониялық оркестрі (көркемдік жетекшісі ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Александр Аблаев) сүйемелдейтін концертте әнші жанды дауыста ән шырқайды.

69156d53e7da25ab087013c1b94ccdcbcf635fda

САХНАДАҒЫ КӨРКІНЕ КИІМІ САЙ

Былтыр күзде дәл осындай концерт «Ертеңіме сенемін» атауымен Алматыда дүркіреп өткен еді. Онда кеш иесі Әлібек Дінішев, Мәдина Сәдуақасова, Жанар Дұғалова, Әли Оқапов, тағы басқа танымал әншілермен қосылып ән салған болатын. Қазақстандық эстрада примадоннасының айтуынша, елордада ұйымдастырылатын концерт те бұдан кем түспейді. Жаңа бағдарлама мен жаңа дуэттер көрерменді әдемі әсерге бөлейді. Қазіргі таңда әнші соған қызу дайындыққа кірісіп кетті.

Роза Рымбаева үшін ұсақ-түйек ештеңе жоқ. Қайсыбір әншілер сияқты сахнадағы образына, киіп шығатын киіміне жеңіл қарамайды. «Сахнада жүргеніме 40 жыл толса да, өзімді үлкен емтихан алдында тұрғандай сезінудемін. Менің сахнадағы образым, келбетім, кейпім, киген көйлектерім салған әніме сәйкес келуі керек. Керемет костюм, әдемі көйлек киіп шығуға болады, алайда оған сенің жан-дүниең, шырқап тұрған әнін, мінез-құлқын, мәнерін, жүрісің сай келмей жатса, әнін бір жақта, киімін бір жақта, өзің бір жақта болсаң, өте бір күлкілі жағдайға тап боласың. Мен өзім табиғи болғым келеді, көрерменге әсемдігімді, мәдениетімді көрсеткім келеді. Концерт атауына сай романтикалық кейіпте, үлкен махаббатты, көктемді елестетін образда сахнаға шықсам деймін» дейді даңқты әнші. Сәйкес образды таңдауға оған жиырма жылдан бері қасында жүрген стилист-әрлеуші Елена Исаева көмектесуде.

СЕЙДОЛЛАНЫҢ «ӘЛИЯСЫ» СҮРІНДІРМЕДІ

Айтпақшы, көрерменнің көзі әншінің сахнадағы қызыл роза гүліндей бейнесіне үйреніп қалған. Осы түс Розаға ыстық екен. «Қызыл көйлек маған ең алғашқы үлкен жеңісті сыйлады. «Әлияны» шырқағанда мен сахнаға сол түсті көйлекті киіп шыққанмын» дейді ол Болгарияда өткен «Алтын Орфей» байқауындағы жұлдызды сәтін еске алып.

Белгілі композитор Сейдолла Бәйтерековтің жалпақ жұртқа танылуына, Роза Рымбаеваның өнер көгіне самғауына жол ашқан «Әлия» әнінің дүниеге келгеніне де 40 жыл толып отыр. Бұл ән арнау емес, жоқтау екені, қаршадай қыздың ерлігін ұлықтау, ел жадында қалдыру мақсатында жазылғаны белгілі.

Композитордың ойға алған мақсатын әнші артығымен орындады. Халықаралық байқауда айтып, Әлия Молдағұлованың да, өзінің де атын асқақтатты. Сол жолы бұл ән алып Одақтағы ең үздік жыл әндерінің бірі болып танылып, Мәскеудегі «Песня года» фестивалінде шырқалды.

ЖАСТАР  ҮЙРЕНЕТІН  ҮРДІС 

Тәжірибесі толысса да, әлі күнге дейін вокалдан сабақ алады. Бұл тұрғыдан алғанда, жас әншілер одан үйренуі тиіс. «Қазақконцерт» бірлестігіне аптасына үш рет барып, опера әншісі Римма Вальтердің класында шеберлігімді шындаймын. Спортшылар қалай жақсы форманы ұстаса, әнші де сондай формада үнемі болуы керек. Әншілік – менің мамандығым. Сондықтан бұған үстірт қарай алмаймын» дейді әнші.

Иә, әншілік жолға түскеніне 40 жыл болды. Бастапқыда «Гүлдер» ансамбліне қабылданды. Бұдан соң жары Тасқын Оқапов жетекшілік еткен «Арай» ансамбліне алынды. Елордада өтетін концерттің бір бөлігінде де осы өнер ұжымының сүйемелдеуімен ән шырқайды. Қазіргі «А-студио» тобы кезінде бұл ансамбльдің құрамынан шыққан жігіттерден жасақталғанын айта кету керек. «Арай» ойнатын музыканы да «А-студионың» белді мүшесі Байғали Серкебаев өңдеген.

«НҰРТУҒАННЫҢ  ТЕРМЕСІН»  НҰРЛАНМЕН АЙТАДЫ

«Арай» ансамблімен 10 жыл жұмыс істедім. Талғат Сарыбаев сынды көптеген композиторлардың тамаша әндерін орындадым. Астанада өтетін концертте бұл әндерді жаңғыртпақпын» дейді әнші. Сондай әндердің қатарына халық әні «Бір бала», Нұрғиса Тілендиевтің «Куә бол» туындысы, Жанбота Тұяқбаевтың «Атамекені», Бақытжан Байқадамовтың «Айгөлегі», «Гавань моей любви», «Наурыз думан», т.б. белгілі әндер жатады. «Нұртуғанның термесін» де осы қатарға қосуға болады. Концертте аталған термені кеш иесі Нұрлан Албанмен қосылып шырқайды.

ХАЛЫҚ  ӘНДЕРІН  ӘДЕМІ  ҰСЫНАДЫ

Розаның орындайтын әндері дегенде де мына бір жайтқа ерекше назар аударуға тиістіміз. Ол халық әндерін немесе халық композиторларының шығармаларын эстрадаға салып шырқағанда ән табиғатын еш бұзбайды. Бірнеше ғасыр бұрын дүниеге келген туындыларды осы заманға сай өңдетіп, көрерменге әдемі ұсына алады. Мысалға «Бипыл» сынды халық әнін алуға болады. Осы әннің алғашқы ноталары естіле бастағанда-ақ делебең қозып кетеді.

Әншінің мерейтойлық концертіне атау берген «Шақырады көктем» әніне де тоқтала кетейік. Бұл туындының авторлары небір әсем әндерді тудырған композитор Әсет Бейсеуов пен махаббат жыршысы атанған көрнекті ақын –Тұманбай Молдағалиев.

«Көктем шақырады» бағдарламасын Роза Рымбаева осыдан біраз жыл бұрын дүниеге әкелді. 2008 жылы бұл бағдарламаның 10 жылдығына арнап концерт берді. Жалпы алғанда аталмыш атаумен концерт он жетінші мәрте өткелі отырса, елордада тұңғыш рет ұйымдастырылады. Әншінің репертуарында бас қаламыз жайлы композитор Ринат Ғайсиннің «Арайлы Астана» деген әні де бар. Бұл туындыны ол жеке де, ұлы Әли Оқаповпен бірге де орындаған. Астанадағы концертке Роза Рымбаеваның үлкен ұлы да қатысады. Сол жерде екеуі үйреншікті әнді орындап қалуы тиіс.

«Мінекей, көктем қайта оралды! Айналамыз көкке оранды! Бұлбұлдар сайрап бақтарда, өзендер тасып жатқанда – осындай ғажап сәтте көктем шақырады! Мен шақырамын! Келіңіздер! Көріңіздер!» дейді Қуаныштың қара қызынан бар қазақтың дара қызына айналған әнші. Ендеше, сағат 20.00-де басталатын концерттен қалып қоймайық, ағайын!

P.S. Кеше Алматыда «Мерейтойлық концерт. «Роза Рымбаева. Сахнада – 40 жыл. Ертеңiме сенемiн» атты DVD дискінің тұсауы кесілді. Оған былтыр өткен концерті толығымен жазылған. Астанада өтетін кеш те дәл осылай жазылып, сатылымға түсуі тиіс. Әншінің айтуынша, музыканттар мен телеоператорларды қосқанда концертте 150 адам қызмет көрсетеді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

astana-akshamy.kz

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button