Әлеумет

Эльмира СУХАНБЕРДИЕВА: Өз балаларыма қалай алаңдасам, өзгелерге де солай алаңдаймын

Елорданың білім саласы – толғауы тоқсан тіршіліктің тоғысқан жері. Әлеуметпен тікелей байланысты сала болғандықтан, жауапкершілігі де үлкен. Осы саланың сан қатпарлы шаруасын Эльмира Суханбердиева  дөңгелетіп отыр. Ол негізі бала кезінде мұғалім болам деп ойламаса керек. Бірақ қоғамға пайдалы іс жасауды жастайынан армандаған. «Бала кезімде біреуге титтей көмегім тисе, мәз болып қалатын едім. Қайырымдылық жасауды қасиет тұттым. Қалалық мәслихаттың депутаты болған кезде жұртшылықтың мұң-мұқтажын шешуге көмектесіп, елге пайдамды тигіземін деген балалық арманыма қол жеткізгендей болдым» дейді кейіпкеріміз.

09

Небары 24 жасында мектеп директоры болған Эльмира Амангелдіқызы бала тәрбиесіне аса ыждаһаттылықпен қарайды. Әсіресе, өскелең ұрпақтың қауіпсіздігі ол үшін ең маңызды мәселе. Осы іске немқұрайлы қараған талай педагогты тәжірибесіне, біліміне қарамай жұмыстан шығарған кездері болыпты. «Білесіз бе, ата-аналар дүниедегі ең қимасын, ең қымбаттысын бізге, мұғалімдерге сеніп тапсырып отыр. Әрбір мектеп, әрбір балабақша балалардың қауіпсіздігіне басымен жауапты. Бұл – өте нәзік мәселе. Бұған келгенде мен тым қаталмын және жазам да қатал. Мен өз балаларымның қауіпсіздігіне қаншалықты алаңдасам, басқа жеткіншектерге де сондай алаңдаймын. Білім ұйымдарында оқып жатқан әрбір оқушы менің жалғызым секілді» дейді басқарма басшысы.

Балалар демекші, Эльмира Суханбердиева қат-қабат жұмысы бастан асып жатса да ана, жар екендігін ешқашан есінен шығарған емес. Жолдасы Берік екеуі төрт перзентті дүниеге әкеліп, тәрбиелеп отыр. Тұңғышы Гаухар Англияда оқиды. Екінші қызы Зарема – мектеп оқушысы. Үшінші перзенті – Жәнібек төрт жаста болса, оның артынан кішкентай інісі Ілияс өсіп келеді. Ал отағасы – спортшы. Футбол федерациясында жұмыс істейді, шағын кәсібі бар.

– Маған Беріктей азаматты жолықтырған тағдырыма ризамын. Екеуміздің отасқанымызға 26 жыл болды. Унверситетте бірге оқыдық. Екінші курста үйлендік. Содан бері өмірдің ащы-тұщысын бірге көріп келеміз. Өмірлік жартыңның саған үнемі қолдау білдіріп, сүйеу болып, түсіністікпен қарап отырса, әйелге одан артық қандай бақыт керек?! – дейді Эльмира Амангелдіқызы.

Кейбір әйелдер жұмысын бұлдап, ана, жар ретіндегі міндетін босаңсытып жіберетіні бар. Ал Эльмира Суханбердиева олардың қатарынан емес. Оның күнделікті жұмыс кестесінің әр сағаты мен минуты нақты жоспарланған. Оның ішінде отбасына міндетті түрде уақыт бар. Басқарма басшысының пікірінше, әр бала таңертең оянғанда және ұйықтар алдында міндетті түрде анасын көруі керек. Өзі осы қағидатты бұлжытпай орындауға тырысады. «Қызметтегі әйелдер жұмысын да, отбасы тәрбиесін де қатар алып жүруі керек. Егер адам күнделікті  іс-әрекетін  дұрыс жоспарласа, қай-қайсысына да үлгеруге болады» дейді ол. Есесіне, кейіпкеріміз тамақ жасау, үй жинау секілді жұмыстарға осалдау екенін мойындады. «Қазір қыздарым өсті, қолымда сіңлілерім бар. Үй шаруасы, тамақ жасау – солардың мойнында. Бірақ анда-санда ас әзірлеуге деген «махаббатым» оянып кететіні бар. Ондай кезде әзірлегенім ғұрлы айналамдағы жақындарымды «сен сәбіз тазала, ал сен сарымсақ аршы» деп жұмсап бітемін. Сонда қыздарым: «түу, мама, тамақты кім солай жасайды?» деп күледі. Бірақ айына-жылына бір тамақ жасап қойсаң, «тамағыңыз қандай дәмді болған?» деген ілтипатты сөздердің астында қалып, қадірің  артып-ақ қалады ғой» деп әзілдеп қойды.

  Әйел – әр үйдің құт-берекесі. Эльмира Амангелдіқызы да үлкен бір әулеттің ырысы болып отыр. Өзі үнемі жанашырлық танытып жүретін жақындары бұған да қамқорлығын аяған емес. Эльмира Суханбердиеваның, әсіресе, енесіне деген құрметі ерекше. «Мен келін болып түскен күннен бастап маған ақылшы-кеңесші болған, керек кезде үнемі қасымнан табылатын енеме ризашылығым шексіз. Айтпақшы, 8 наурыз – ол кісінің туған күні. 70 жасқа толып отыр. Газеттеріңіз арқылы енемді құттықтап, оған бар жақсылықты тілегім келеді» деді ол.

Эльмира Амангелдіқызының жұртшылық біле бермейтін тағы бір қыры – әншілігі. Кезінде музыкалық мектепті бітірген ол фортепиано мен гитарада да шебер ойнайды. Журналистік қызығушылықпен қоярда-қоймай, басқарма басшысының телефон жадына сақталған бір әнін тыңдап қайттық.

8 наурызды біздің кейіпкеріміз жақындарын, құрбыларын құттықтау үшін тағатсыздана күтеді. «Өз басым қызғалдақ, інжугүл сияқты қарапайым гүлдерді жақсы көремін. Мінезім былай қаталдау, қызба көрінгенімен, талғамға келгенде ұстамды адаммын. Жақсы көретін гүлдерім де талғамыма сай» дейді ол.

Қымбат Тоқтамұрат

astana-akshamy.kz

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button