Әлеумет

Малика Бектұрова: Отбасым – басты байлығым

«Ілгеріде Санкт-петербургте Астана қаласының күндері өтті. Осынау алқалы жиында екі елдің белгілі тұлғалары өз салаларына қатысты баяндамаларын оқып жатты. Жүрексінгені болса керек, бәрі де қағазға шұқшиған. Бір кезде Астана қаласының басқармасын басқаратын қазақтың жас қызы шықты да елге  қасқая қарап тұрып, кәсіпкерлікке қатысты көрсеткіштердің бәрін қолдан тізгендей жатқа айтып шықты. Өз саласын жілікше шағатыны көрініп-ақ тұр.  Жұрт риза болғаны сондай, ұзақ уақыт қошемет көрсетті» дейді газетіміздің бас редакторының орынбасары Талғат Батырхан. Әңгіме елорданың Кәсіпкерлік пен өнеркәсіп басқармасының басшысы Малика Бектұрова туралы еді.

10

Малика Ерланқызы бұл саланы 2006 жылдан бері басқарады. Осынау басқармаға бүгінде үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғаны белгілі. Өйткені орта және шағын бизнесті қолдау, өндірісті дамыту – қазіргі таңда мемлекетіміздің басты көңіл бөліп отырған саласы. Былай қарасаңыз, кәсіпкерлік пен өндіріс ер адамдарға тән сияқты. Бірақ жас та болса білгір басшы Малика Ерланқызы осынау күрделі саланы шашау шығармай, басқарып отыр. Оның айтуынша, Астана қай жағынан да көшбасшы болуы керек. Қазіргі таңда елордада жас кәсіпкерлерді қолдауға арналған көптеген бағдарламалар бар. Қалада бизнесті дамытуға бағытталған нақты істер атқарылуда. «Бас қалада кез келген кәсіпкерлік бастаманы жүзеге асыруға мүмкіндік бар» дейді ол.

Өзіне тапсырылған міндетті ұзақ жылдар бойы қылаусыз атқарып келе жатқан Малика Бектұрова әйел ретіндегі ең басты міндеті – ана болу, аяулы жар атану екендігін әсте естен шығарған емес. Ол – бүгінде тәп-тәтті үш баланың анасы.  Үлкен қызы Дания екінші сыныпта оқиды. Ұлы Әлімжан бірінші сыныптың оқушысы болса, үшіншісі Дария – бес жаста. «Балаларым – байлығым» деп білетін Малика қанша жұмысбасты болса да перзенттерінің тәрбиесіне жіті көңіл бөледі. Қыздары мектептен тыс уақытта үйрмелерге қатысып, тоқыма тоқуды, іс тігуді үйреніп жүр. Ал ұлы шахмат ойнағанды, хоккей мен футболға барғанды жақсы көреді. Балақайдың спортпен әуестенгені соншалық, жаттығудан бір күн де қалғысы жоқ. Тіпті демалыс күндері де керекті құрал-жабдығын асынып алып, үйірмеге асығып бара жатқаны сол.

Көктемгі мерекеде Малика Ерланқызының отбасында қос қуаныш болады. Ұлы екеуі туған күнін бір күнде тойлайды. Осы күні баласы қолдан жасалған сыйлығын табыстап, анасын екі есе қуантып қоятыны бар. Ал жолдасы Азат Бектұров жан жарына ол жақсы көретін гүлі – қызғалдақты тарту етеді.

Елордның еңсе тіктеуіне еңбек сіңіріп келе жатқан Малика Ерланқызы ұжымда тәртіп болғанын талап етеді. Қызметкерлер кейбір мемлекеттік мекемедегідей түнге дейін сарылып отырмайды.  Астананың қарбалас тіршілігіне қарамастан қолдарына алған кез келген жұмысты уақытылы әрі сапалы орындауға тырысады. «Жұмыста тәртіп пен жауапкершілік болғанын жақсы көремін. Сонда ғана ісің алға басып, нақты нәтижеге қол жеткізесің».

Қымбат НҰРҒАЛИ

astana-akshamy.kz

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button