Басты ақпаратДенсаулық

Сәби үні естілетін үй

немесе перзентхананың бір күні

Елорданың оң жағалауындағы перзентхана алды қолында әдемі гүлдері бар, жүздеріне шаттық тұнған адамдарға толы. Әсіресе, өмірге келген тұңғышын күткен әкелердің жүзі бал-бұл жанады. Көше бойында «Қазақ еліне бір ару», «Қазақ еліне бір атұстар» деген жазумен безендірілген көліктер қаптап тұр. Тіпті түрлі заманауи кино, мультфильмдер кейіпкерлері секілді киінген аниматорлар да өмірге келген сәби мен оның анасын перзентханадан шығарып алу сәтін шоуға айналдырып жібергендей.

Мейлі, сәбилі бол­ғанда қуанбағанда, қашан қуанады. Тоғыз ай, он күн құрсағында көтеріп, енді аман-есен босанып шыққан ана үшін – бұл бір құрмет. Олармен бірге ақ халаттылар да мәз болып, ең бастысы, анасы мен сәбиін еш қиындықсыз аман-сау үйлеріне жіберіп жатқанына риза кейіпте. Ата-аналардың мұндай қуанышына олар күн сайын бірнеше рет куә болады. Бұл – бұрын «Теміржолшылар» ауруханасы атанған, қазіргі  №3 көпбейінді қалалық аурухананың Акушерлік блогы алдындағы күнде болатын көңілді көрініс. Дәрігерлері мақтаулы, өздері жұмысын жоғары сапалы көрсеткішпен орындайтын ауруханада босануға әйелдер көп келеді. Осында тіркеулі болмаса да, мамандарының кәсібилігіне тәнті болып, алдын ала босануға арнайы жазылады. Салынғанына 60 жылға таяған ескі ғимаратта орналасса да мұнда бұрыннан келе жатқан мықты кадрлық база қалыптас­қан. Осындай білікті мамандардың жаңа перзентханада жұмыс істейтін кезі де алыс емес. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен жаңа перзентхана салуға жоба жасалуда. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Самұрық-қазына» ұлттық әл-ау­қат қорының қаржысымен Сарыарқа ауданының С-185 көшесіндегі 4,5 га жерге 250 орындық перзентхана салу жоспарланды.

Қазіргі таңда аурухананың Акушерлік блогында 450-ге жуық медицина мамандары күн-түн демей, өмірге жаңа адам сыйлау жолында тынбай еңбек етеді. Солардың бірі, блогтың пациенттерді қолдау және ішкі аудит департаментінің  басшысы Анар Серікқызы былтырғы жетістіктері туралы айтып берді. Соның ішінде ең басты марапат – ЮНИСЕФ ұйымы атынан «Балаға ерекше қамқорлық таныта алатын аурухана» деген құрметті мәртебелі атауға ие болуы. Мұндай мәртебе оларға босанғаннан кейін ана сүтінен айырмауды кеңінен және тиімді насихаттап, жақсы нәтижеге жеткені үшін берілген. Блогта осы бағытта ана сүтінің пайдасы мен бала мен ана денсаулығына тиімділігін арнайы оқыған медбикелер тобы жұмыс істейді.

– Перзентханаға 15-16 жастан бастап, 40-50 жас аралығына дейінгі әйелдер келіп босанады. Былтыр 7357 әйелді босандырыппыз. Солардың біразы бұған дейін босанғасын немесе жүктілік кезінде түрлі курстарға барып, босануға дайын­дықпен келгендіктен емшек берудегі қиындықтарға дайын болып келеді, ол қиындықтарды тез еңсеріп кетеді. Ал жастар жағы немесе шыдамсыздары, әлде дайындықсыз келгендері тезірек жасанды сүт беріңіз, балам неге жылай береді, сүт шықпай жатыр деп байбалам салады. Міне, сол бағытта біздің арнайы оқытылған мамандарымыз оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, – дейді А.Серікқызы.

Жалпы бүгінде елордада жүкті әйелдерді босандыратын 3 қалалық, 2 жекеменшік перзентхана және Ана мен бала орталығы бар. Соның ең ескісі осы №3 қалалық аурухананың Акушерлік блогы 1966 жылы пайдалануға берілген. Бастап­қыда 80 орындық болған. Ақмола ел астанасы болғаннан кейін халық санының артуына байланысты 130 орынға көбейтілген. Ескілігіне  қарамастан перзентхана босандыру рейтингі жағынан қалада ең жоғары деңгейде қалып отыр. Соңғы 7 жылда мұнда ана өліміне жол берілмеген. Босанатын әйелдер саны жылдан жылға арта түскендіктен, перзентхана персоналы барлық мүмкіндігін сарп етіп жұмыс істеуде. Сарыарқа ауданы бойынша бала туу жасындағы әйелдердің бәрін қабылдайтын перзентханада тіркелмеген жүкті әйелдер де келіп босанып жатады. Олар жалпы босанатындардың 20 пайыздан астамын құрайды. Босанғаннан кейін оларды жеке палатада жатқызу мүмкін емес, сондықтан бір палатада 3-4 адам жатады.

– Акушерлік блогымыз 4 қабаттан тұрады. Бірінші қабатта – қабылдау бөлімі, екінші қабатта – босанғаннан кейінгі Ана мен баланың бірге болу бөлімшесі, үшінші қабатта – босандыратын және ота жасайтын залдар, төртінші қабатта  патологиялық және жан сақтау бөлімдері орналасқан. Әрине, ғимараттың өзі байырғы болғандықтан, палаталары да ескі. 130 орынның 65 орны – босанғаннан кейінгі ана мен балаға арналған палаталарға, 45 орын – патологияға, 20 орын – ауыр жағдайдағы балаларға, 10 орын босандыру залдарына бөлінген. Өмірге келетін сәбилерді аман-есен босандырып алу үшін мұнда күніне 20-21 дәрігерден шығып жұмыс істейді. Олардың ішінде гинекологтан бастап, ауыр жағдайдағы пациенттермен жұмыс істейтін реаниматолог, наркоз салатын анестезиолог, балаларды қарайтын неонатолог және басқа да дәрігерлер бар. Жалпы перзентханада 97 дәрігер, 244 орта персонал жұмыс істейді, – дейді департамент басшысы.

Перзентханада кадр тұрақсыздығы жоқ деуге болады. Мекеме ғимаратында Астана медициналық университетінің акушерлік-гинекологиялық кафедрасы орналасқан, сол кафедрадан мұнда резиденттер жұмыс істейді. Былтыр колледж бітірген 10 жас маман алынды. Одан бөлек, жас мамандардың кәсіби машықтарын жетілдіру және оларды қолдау үшін стационарда менторлық бойынша арнайы бағдарлама қабылданған. Ментор ретінде аға акушерлер мен медбикелер белгіленеді. Ұжымдағы еңбек өтілі ең көп медицина қызметкерлердің 36 жылдық тәжірибесі бар. Тек барлық жердегідей тәуекелі жоғары қызметтегі анестезиологтар жетіспейді.

Былтыр сондай-ақ перзентханаға ең заманауи диагностикалық аппарат алынып,  дәрігерлер қуанышында шек болмады. Құны 350 млн теңге тұратын  Voluson E10 УЗИ диагностикалық жабдығы перинаталды кезеңде әйелдің жүктілігінің 24 аптасынан бастап құрсақтағы баланың жағдайына нақты және дәл баға береді. Оны эксперт кластағы 4 жаңа феталды монитор арқылы көре алады. Акушерлік бағдарлама арқылы скрининг жүргізу үшін қаладағы басқа емдеу мекемелерінен де жүкті әйелдер талонмен келіп осы аппараттан тексеріле алады.  Балалар және ересектерге арналған реанимация бөлімшесі де жабдықтармен толықты. Шала туған балаларға жаңа инкубаторлар, неонатальды монитор, сәбилердің гипотермиясын жүргізуге аппараттар да алынған.  Блогта бала босандырудың бірнеше түрлері қарастырылған. Соның ішінде ең жеңілі әрі көп әйелдің сұранысына ие суда босандыратын ақылы палата тек біреу ғана. Алдағы уақытта салынатын жаңа ғимаратта осындай палаталарды көбірек ашуға ұсыныстар берілді.

Біз барғанда перзентханадан екінші бөпесін босанып шығып бара жатқан елордалық Айгүл Сейілханова мамандар қызметіне ризашылығын білдірді. Оған және бөбегіне жақсы қараған медицина қызметкерлеріне тап болғанына қатты қуанғанын жасыра алмады. Перзентхана өмірі жаңа туған сәбилердің іңгәлаған даусына бөленсе, ақ халаттылар үшін сол қуаныш. Себебі баланың жылауы – жаңа өмірдің белгісі. Жаңа тіршілік иесінің дүниеге келіп, жарық әлемді алғаш көрген сәтіне куә болатын Акушерлік блог қызметкерлерінің осы бір тынымсыз, әрі сауапты қызметі тоқтаусыз жалғаса береді.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button