Басты ақпаратШартарап

Ақша соғысының ақыры немен тынады

доллардың орнын юань баса ма?

Осыдан бірнеше жыл бұрын Goldman Sachs банкінің сол кездегі президенті Гэри Кон «Әлемнің барлық елі өз экономикасының өсімі үшін ақша соғысына кірісіп кетті» деген еді. Әрине, бұл күнде ақша соғысы десе, көптің ойына алдымен, АҚШ доллары мен юань арасындағы немесе рубль, АҚШ доллары, евро арасындағы текетірес келеді. Соңғы кездері бұл қатарға Жапония иені қосылды. Бірақ бұл шайқас тек осы ақшалар арасында ғана жүріп жатқан жоқ, керісінше бүкіл әлем экономикасына әсер етіп, әр елдің валютасына да ауыр соққылар жасауда.

Екінші дүниежү­зілік соғыстан кейін жаһандық коммерциялық және инвести­циялық операциялардың қаржылық есептеулерінде белгілі бір тұрақтылық орнады. Атап айтқанда, АҚШ доллары сенімділік жақтан халықаралық валюталар арасында алдыңғы орынға шықты. Бірақ 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысынан кейін үлкен өзгеріс туды: Еуропа елдері мен Қытай халықаралық қаржылық есеп айырысуда басқа валюта табуға талпына бастады. Әрине, бұл әлемге ақша үстемдігін жүргізіп отырған АҚШ-қа ұнаған жоқ. Керісінше ол доллардың орнын сақтап қалудың тың жолдарын қарастыра бастады. Ең алдымен, «арзан ақша саясатын» іске қосты, яғни коммерциялық банктердің корреспонденттік шоттарында жатқан мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алып, олардың бизнесті несиелендіруіне жол ашты. Пайыздық мөлшерлемені жоғарылатып, басқа валюталар құнсызданды. Алайда бұл әлемдік ақша соғысының доллардан арылу саясатына деген сұранысын тіпті үдете түсті.

Оның үстіне, АҚШ доллары да бұрын-соңды болмаған тың қатерге дөп келді. Жақында 2008 жылғы дағдарысты болжаған экономист Нуриэль Рубини АҚШ-тағы жүздеген банк банкротқа ұшырауы мүмкін деп мәлімдеді.

Нуриэль Рубини банктердің 620 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі бағалы қағаздар бойынша іске асырылмаған шығынға ұшырағанын алға тартып, «Одан да жаманы, жоғары пайыздық мөлшерлеме банктердің басқа активтерінің нарықтағы құнын төмендетті. АҚШ-та банктердің іске асырылмаған шығындары іс жүзінде 1,75 триллион долларды немесе олардың капиталының 80% құрайды» деді. Демек аталған маманның уәжіне сүйенсек, салымшылар өздерінің депозиттерін қауіпсіз сезіне алмайды, бұл алдағы уақытта жұрттың АҚШ долларына деген сенімнің жоғалуына әкелуі мүмкін. АҚШ ақшасының бұл жағдайын қазақ тіліндегі «жығылғанға жұдырық» деген қанатты сөзбен сипаттау­ға болады.

Доллардан арылу саясаты – бүгіндері кез келген мемлекеттің күнтәртібінде тұрған мәселе. Бірақ оны тиімді жүзеге асыру тәсілін әлі ешкім таба алған жоқ. Бұл оңай жұмыс емес. Алайда осы бағытта қарқынды шаралар қабылдауға қазіргі геосаяси жағдайлар ұтымды мүмкіндік туғызып тұр. Бірақ доллардан түбегейлі бас тарту бойынша заң жобаларын қарастырып жатқан бірден-бір мемлекет – Ресейдің өзінде қазір банктерде сақталып тұрған ақшаның басым бөлігі, 50 пайыздан астамы доллармен тұр. Сондықтан Ресейдің өзі шалт қимылға көше алмай келген еді. Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін дүниежүзілік жағдайда үлкен өзгеріс болды. Ресей әп-сәтте әлемдегі санкция ең көп салынған елге айналып, экономикасы үлкен сынаққа дөп келді. Рубль зор дәрежеде құнсыздануға айналды. «Суға кеткен тал қармайды» дегендей шарасыз қалған Мәскеу өз өнімдерін (мұнай мен газ) Еуроодақ пен АҚШ-қа доллармен, еуромен сатудан бас тартып, табиғи газды ресейлік рубльге сату туралы шешім қабылдады. Бұл рубльдің зор дәрежеде құнсыздануының алдын алғанымен, Ресей Еуроодақ пен батыс елдерінің нарығынан айырылып, табиғи байлығын өз ақшасын әлемдік валютаға айналдыруға талпынып отырған Үндістан мен Қытайға өте арзан бағамен сатуға мәжбүр болды. Осылайша бұл «қайтсем долларды ығыстырып, юаньді халықаралық валютаға айналдырам» деп басы қатып отырған Қытайға «май тілесең, міне, құйрық» болды.

Өткен айда Қытай төрағасы Ши Жипиң Мәскеуге барып қайтты. Ұзын құлақтан естуімізше, осы кездесуде Қытай мен Ресей юаньмен есеп айырысуға, сондай-ақ юаньмен есеп айырысатын елдердің қатарын көбейтуге келіскен-мыс. Осы арқылы долларды ығыстырып, доллардан құтылу аяқ алысын тездетпек. Қытайдың бұл бастамасына Иран да келіскен. Қытай енді өз қатарына Сауд Арабия­сын тартып, мұнайдан бұлақ ағызған елді барлық саудада юаньмен есеп айырысуға, АҚШ долларын біртіндеп ығыстыруға итермелеп отыр. Қытайдың ұзақ жылдардан бері қырбай болып отырған Иран мен Сауд Арабиясы арасына ара ағайын болып татуластыруындағы бір мақсаты осы дейді мамандар.

2000 жылдан бастап Қытайдың жаһандық экономикалық аренадағы рөлі артып, Қытай АҚШ-тан кейінгі әлемдегі екінші ірі экономикалық державаға айналды. Дүниежүзілік банктің 2021 жылы жариялаған мәліметтеріне сүйенсек, Қытайдың ЖІӨ (жалпы ішкі өнім) 117,7 трлн АҚШ долларына жетіп, сол жылғы жалпы әлемдік ЖІӨ-нің 18,4% құрады. Тауар экспортының жалпы көлемі 33,36 трлн АҚШ долларға жетсе, тауар импортының жалпы көлемі 22,68 трлн АҚШ доллары мөлшерінде болды.

Қытай экономикасы орнықты қадаммен өркендеп, халықаралық саудада, сондай-ақ даму  үстіндегі елдер мен дамымаған кедей елдерге несие беруде, технологиялық жақтан көмек көрсетуде АҚШ пен Еуропамен үзеңгі қағыстыратын деңгейге жетіп, жер бетінің алты құрлығына өз ықпалын жүргізуге тырысты, бұл кезі келгенде Қытай – АҚШ арасындағы сауда соғысына айналып шыға келді. Демек, осы текетіресте кім жеңсе, болашақта соның десі артып, ақшасы да әлемдегі ең қуатты валютаға айналғалы тұр.

2016 жылы Халықаралық валюта қорымен болған келіссөздердің арқасында Қытай юаньді әртүрлі елдердің валюта резервтерін құрайтын халықаралық валюталардың біріне айналдырды, осылайша юаньнің одан әрі дамуына жол ашып, әлемдік валюта және қаржы жүйесіне кіруіне және юаньмен есеп айырысуға үлкен мүмкіндік тапты. Халықаралық валюта қоры юаньді халық­аралық резервтердегі тиімді валюталардың бірі ретінде қабылдағаннан бері Қытай бірқатар аймақтарда, соның ішінде Катар мен Парсы шығанағы аймағында, Біріккен Араб Әмірліктерінде юаньмен есеп айырысу орталықтарын құруға ұмтыла бастады. Сонымен қатар, Азия мен Еуропа елдерінде де есеп айырысу орталықтарын құрды. Қытайдың Орталық Банкі юаньға иелік еткісі келетін елдерге қажетті соманы көптеп беруге уәде етті.

Бірақ азулы АҚШ-тың ақшасы да оңай дес берейін деп тұрған жоқ. Халықаралық валюта қоры ұйымының мәліметіне сүйенсек, АҚШ доллары әлемдік валюта резервтерінің 41% құрайды, сонымен қатар ол әлемдік сауда-саттықтың 60%-ында төлем валютасы болып табылады. Сондай-ақ АҚШ доллары халықаралық қарыздың жалпы көлемінің 60%, халықаралық несиелік төлемдердің жалпы көлемінің 52%-ын ұстайды. Демек, юань бұл деңгейге жету үшін көптеген экономикалық факторлар қажет. Уақыт факторлары да ескерілуі керек.

Юань шетелдік резервтік валюта ретінде пайдалану көрсеткіштері бойынша АҚШ доллары, еуро және жапон иенінен кейінгі төртінші орында тұр. Қазіргі уақытта Иран, Біріккен Араб Әмірліктері, Дубай, Үндістан, Сингапур, Түркия және Индонезия сияқты 30 ел есеп айырысуда немесе инвестициялық мәмілелерде біртіндеп юаньді қолдануға көше бастады. Бүкіл Африка құрлығы да – юаньнің ықпалында. Алдағы уақытта бұл елдердің қатары көбеймесе, азаймайтын түрі бар. Әсіресе, Ресейдің де юаньмен есеп айырысуға мәжбүр болуы, сондай-ақ Сауд Арабиясы мен Қытайдың қарым-қатынасының күшеюі соңғы кездері тұтас әлемнің назарын аудара бастады. Егер алда-жалда Сауд Арабиясы да сыртқы сауда мен мұнай саудасында юаньмен есеп айырысуға көшетін болса, онда доллардың орны шынымен де шайқалайын деп тұр. Оның үстіне, Қытайдың даму үстіндегі елдерге және мешеу елдерге берген екіжақты қарызы шамамен бір триллион АҚШ доллары шамасында болуы мүмкін, бірақ бұл тек болжам ғана, өйткені Қытай ресми статистиканы ешқашан ашық жариялаған емес.

Қытайдың юаньді басқа елдермен қаржылық және коммерция­лық операцияларда есеп айырысу валютасы ретінде пайдалана бастауын екі мәселе тұрғысынан түсіндіруіміз керек: біріншіден, юань АҚШ долларынан кейінгі жаһандық деңгейде ақша болуға құлшыныс жасаған алғашқы валюта емес. Еуро, жапон иені, британдық фунт, австралиялық доллар және канадалық доллар сияқты басқа валюталар да осындай қадамдарға барды. Екіншіден, бұл қадамды АҚШ пен Батыс арасындағы әлемдік экономикадағы үстемдікке таласу тұрғысынан түсіндіру қажет. Бірақ жаһандық бәсекеде АҚШ долларын жеңу үшін юань әлі де ұзақ үрдісті бастан кешіреді, шешетін мәселелер де аз емес. Өйткені юаньмен есеп айырысу Қытайдың АҚШ долларына болған тәуелділігін жеңілдеткенімен, юаньмен есеп айырысуға келісім берген елдердің қажеттіліктерін қанағаттандыру жағынан үлкен қиындықтарға дөп келеді.

Екінші жағынан, Қытай-АҚШ-тың қазынашылық облигацияларына ең ірі инвесторлардың бірі, яғни активтердің жалпы көлемі 1 трлн АҚШ долларын құрайтын Қытай – бұл жағынан әлемде Жапониядан кейінгі екінші орында. Сонымен қатар, Қытайдың 3,1 трлн АҚШ долларын құрайтын валюталық резервтері бар. Оның үстіне Қытай техникалық жақтан әлі де АҚШ-тың алақанына қарап отыр. Әсіресе жартылай өткізгіштер АҚШ, Жапония елдерінің Қытайды шаужайлауындағы басты көзірі. Демек, юаньнің үстем орынға шығуына әлі біраз уақыт бар, жолындағы кедергілер де аз емес.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button