Мәдениет

Сәкенді танытатын туындылар

Келесі жылы көрнекті мемлекет қайраткері, ақын, жазушы, драматург, халық композиторы Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл толады. Қазір тұғырлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығына арналған киносценарий мен опера дайын тұр. Қос туындының авторы, Сәкеннің насихатына мол үлес қосып келе жатқан сегіз қырлы, бір сырлы азамат Қанат Жүнісов жақында осы шығармаларын Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловқа таныстырды.

Бір атап өтерлігі, Қанат Жүнісов осыдан 9 жыл бұрын Сәкеннің 120 жылдығына орай «Сәкен – сұңқар» пьесасын жазып, бұл туындыны тарихи трагедия жанрында Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрында белгілі режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков сахналады. Сол уақытта көзі тірі көрнекті ғалым, сәкентанушы Тұрсынбек Кәкішев аталмыш спектакльге жоғары бағасын берді.

Ал  «Сәкен» операсы концерттік нұсқасының премьерасы Қазақ ұлттық өнер университетінде өткен қыста өтті.  Оның либреттосының авторы Қанат Жүнісов болса, музыкасын жазған – композитор Әліби Әбдінұров. Бұл шығарма былтыр жыл аяғында «Дала дауысы» республикалық шығармашылық байқауының «Үздік музыкалық-театрлық жаңа туынды» аталымында топ жарды. Алайда опера аталмыш оқу орнының шығармашылық ұжымдарының күшімен қойылған еді. Концерттік қойылымды қою­дың өз ерекшеліктері бар. Туынды опера театрында, кәсіби актерлердің қатысуымен қойылғанда әсер бөлек болады. Кәсіби өнер ордасында сахналанғанда да қалың көрермен жинай алады. Міне, осы операға Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов қызығушылық танытты.

Қанат Жүнісовпен кездесуде министр Сәкен туралы фильм мен операға қатысты: «Ұсыныс қызық. Әсіресе, опералық қойылым. Біз отандық авторлардан спектакльдер санын көбейтуге бағыт алдық. Сондықтан бұл мәселе мұқият зерттеледі. 2030 жылға қарай қазақстандық авторлардың қойылымдарының санын 600-ге дейін арттыруды жоспарлап отырмыз» деді.

Бүгіндері сахналанып жүрген ұлттық опералар саусақпен санарлық. «Сәкен» операсы бұл олқылықты шамалы болса да толтырар еді. Бірақ музыкалық туынды опера театрында қойылуы үшін тиісті іріктеуден өтуі керек. Көркем фильм де солай. Яғни, оны да іріктеу күтіп тұр. Өте ме, өтпей ме, алдағы күндердің еншісінде. Бұл кинотуынды алдында бірнеше рет тиісті комиссия отырыстарында қабылданбады. Оның әртүрлі себептері бар. Кейінгі жылдары тұлғаларға қатысты фильм­дер біраз түсіріліп жүр. Көрермендердің бұл фильмдерге қатысты пікірі де әралуан. Алайда опера да, фильм де сәкентануға үлес қосатыны анық. Министрдің аталмыш туындыларға көңіл аударғаны қуан­тады. Оң шешім қабылдануына үміттіміз.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button