Мәдениет

Перғауындар пір тұтқан қазақ

Астана қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйе­сінің ұйымдастыруымен «Қаламгерлер» аллеясында Дешті Қыпшақта дүниеге келіп, Мысырда ел басқарып, аты аңызға айналған Бейбарыс Сұлтанның туғанына 800 жыл толуына орай «Перғауындар пір тұтқан қазақ» атты әдеби саяхат өтті.

Бұл шараның мақсаты – Дешті Қыпшақ ұланы Бейбарыс Сұлтанның өмірі мен батырлық болмысын, қайраткерлігі мен ержүректігін дәріптеу, кітап оқуға баулу, тұлғатануға қызығушылық ояту.

Шара барысында бас қаланың орталықтандырылған кітапханалар жүйе­сінің директоры Гүлбадан Мәдібаева, елорданың Орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасының кітап­ханашысы, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, Кітапхана ісінің үздігі Сағыныш Дүйсенқызы, басқалар да Бейбарыс Сұлтанның өмірі мен тұлғасына тоқталды.

«Бейбарыс Сұлтан және оның дәуірі» тақырыбында әңгіме қозғалды. «Қазақ баласы Мысыр сұлтаны» кітап көрмесі ұйымдастырылды. Тарих тақырыбына көп қалам тербеген ақын, жазушы, аудармашы Орынбай Жанайдаровтың «Ежелгі Қазақстан әфсаналары», шығыс­танушы ғалым, тарих ғылымдарының докторы Болат Көмековтің еңбегіне, шығыстанушы Қайрат Сәкидің «Бейбарыс Сұлтан» және Морис Симашконың «Султан Бейбарс»  кітаптарына шолу жасалды.

Ежелгі заманнан қазірге дейін шетел оқымыстылары мен ғалымдары да Бейбарыс Сұлтан туралы сөз қалдырған. Мәселен, ХІV ғасырда өмір сүрген араб ғалымы Ибн Кәсир «Бейбарыс Сұлтан Алла рақым еткір, өте сергек, айбынды, жауларына күні-түні тыныштық таптырмайтын ержүрек болатын. Ислам дұшпандарымен аянбай күрескен жаужүрек жолбарыс» деген сөз қалдырған. Шарада Бейбарыс Сұлтан тұлғасын әлемдік деңгейде зерттеу мәселесі де қозғалды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button