Білім

Сатира сардары

…Көпен көкем қай кезде де шындықты шырқыратып айтып келді. Көпеннің тіліп түсетін алмас қылыштай өткір сатирасына күліп отырып, күрсініп те қалатынымыз сол, сынға құрылған сықақтың түбінде ащы запыран мен зары бар елдің шерлі мәселесі жатар еді. Мемлекеттік тілдің ауыр жағдайын «Жүз жылдық соғыс» атты мақаласында жүз жылдан бері мемлекеттік тілін төріне шығара алмай келе жатқан қазақ билігін ащы сарказммен, өткір тілмен түйреп еді.

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, руханиятқа қамқор, рухы биік іскер азамат Ислам Әбіш Су комитетінің төрағасы болып тұрғанда қазынаның триллионын қорғап қалғаны үшін жазықсыз жала жабылып, түрмеге түскенде, Көпен ағамыз сотына барып қатысып жүрді. Журналистерге сұхбат берді. Бұрын Исекеңе күніне кемінде үш мезгіл телефон соғып, саулығын сұрап тұратын кейбір «достары» қарасын көрсетпей кеткенде, Көпен ағамыздың сот отырыстарына қатысып, Ислам інісінің жағдайын сұрап, соттың әділ өтуін талап етуі үлкен азаматтық еді. Мұндай еркіндік танытқан ісі үшін «Нұр Отан» партиясының мүшесі, бір орысшалау партия шенеунігі наразылық танытып, ескерту жасапты. Сөйтсе, сөзден тосылып көрмеген Көпекең қынаптан қылыш суырғандай: «Мен Ислам інімнің сотына «Нұр-Отан» емес, «братан» боп барып жүрмін» деп, аузына құм құйып кетіпті…

Көпен көкеміз ана жылы Түркістан облысы Мақтарал ауданындағы Өзбекстанның Сардоба суқоймасы жарылуынан суға кеткен үйлерді барып аралады. Осы өңірден шыққан астаналық зейнеткерлердің атынан «Үйлеріңіз жарық болсын!» деп жаңадан салынған он үйге «Жақсы ырым ғой» деп он люстра іліп кетті. Жүрген жерін әзілге қарық қылып, күлкісімен жарық қылып жүретін көкеміз солай ісімен де жарық шашып кеткен еді мақтаралдықтарға.

Көпен Әмірбек көкеміз 70 жасын тойлайтын кезде 2020 жылы пандемия дейтін пәлекет басталып кетті. Қасқа мен жайсаңды қынадай қырған ол қырғыннан аман өткен еді… Шымкент арнайы шақырғанда осы жаман кеселдің кесірінен бара алмай қалды. Тек Ақтөбе облысының шақыруымен бір топ қаламгермен бірге елмен жүздесіп келді. Содан соң Сейіт Кенжеахметовты еске алу шарасына Торғайға барып қайтыпты.

Соңғы демін жинап елмен кездесуі екен ғой бұл. Бой жазғаны болар…

Ауруханада жатсам да, естіп жатып, қалай шыдайсың, екі күннен кейін өзіме жүрегіме күрделі ота жасайтынына қарамай, бас дәрігерден сұранып, Алтынбай бауырымды шақырып, Көпен көкеміздің шаңырағына кіріп шықтық. Інілері Базарбек, Шүкір Шахай, Кенже Жұмағұловтар бар екен. Есін біліп, сөйлеп жатыпты. «Ара» журналын шығару керек, қағазға шығарып қойғын, оқуым керек» депті жеңгейге. Қайран, біздің көкелер, соңғы демі қалғанша міндетіне адал болған…

Көпен Ел ағасы еді! Сатираның сардары, көрнекті Көпенін ел ешқашан ұмытпайды.

Қазыбек ИСА, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button