Басты ақпаратҚұқық

Сенім мен серіктестік қағидаты

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев азамат­тардың құқығы мен бостандығын қорғауға ерекше көңіл бөлуде. Осыған орай, Астана қаласының Полиция департаменті алдына үлкен міндеттер қойып, оны орындау бағытында жүйелі жұмыс атқаруда. Басты мақсат – ішкі істер органдарында болып жатқан оң өзгерістер мен тың реформаларды әрбір елордалықтың сезіне алуы үшін полиция қызметкерлеріне деген халықтың сенімін нығайту.

Осы негізде «Қазақстандық полиция қызметінің моделі» жобасы жүзеге асуда. Бүгінгі таңда айрықша назар аударылып отырғаны – көпшілікке кеңінен таныла бастаған қызметтік-бағдарланған полиция қызметі. Бұл – полиция мен қоғамға қылмыс мәселесін шешуде және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ынтымақтастықтың жаңа әдісін қолдануға мүмкіндік беретін модель.

Полиция мен халықтың өзара іс-қимылын сервистік модель контекстінде оңтайландыру, ең алдымен, полиция қызметкерлеріне сенім мен серіктестік қағидаттарын негіздеуді жүктейді. Бұл тұрғыда қазір бізде учаскелік полиция инспекторларының мәртебесін арттыруға, сондай-ақ қызметтік тәсілдерді енгізе отырып, халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу бағытында кешенді шаралар жүзеге асуда.

Қызмет көрсету үлгісінің тұжырымында заңға бағынатын азаматтардың мүддесі тұрады. Полиция жалпы қауіпсіздік мәселесін шешу мен дер кезінде көмек көрсетуде өзара құрмет, сенім, жауапкершілік, шынайы­лық пен адалдық қағидаттарына негізделген ұстанымдар тұрғысында қызмет атқарады.

Сервистік үлгіні дамытудың негізгі бағыттары – азаматтардың полицияға қолжетімділігін барынша арттыру қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алудан туындайды. Бұған учаскелік пункттерді, мобильді посттарды оңтайлы орналастыру мен дер кезінде жауап беру қабілетін арттыру, сондай-ақ цифрлық технологияларды қолдану кіреді.

Бүгінгі таңда алда тұрған басты міндет – полиция мен тұрғындардың жемісті ынтымақтастығын арттыру, сол арқылы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларға дер кезінде көмек көрсету және тәртіп сақшыларына сенімін арттыру. Соның ішінде елорда полициясы үшін ең маңыздысы – қылмыстың алдын алу. Осыған байланысты ауқымды жұмыс жоспары жасалып, оны жүзеге асырудың оңтайлы жолдары да қарастырылуда. Бұл, ең бірінші, сервистік үлгіні енгізу. Соның аясында кейінгі кезде «Цифрлық полиция қызметкері» жобасы да сәтті қолға алына бастады.

Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті нығайту мәселесінде азаматтардың өтініші мен арыз-шағымына нақты ден қойылып, құқық бұзушылықтан қорғау тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін модульдік полиция бекеттері ашылуда. Сонымен қатар «Қолжетімді полиция» қағидатын жүзеге асыру үшін әкімдікпен бірлесе отырып, учаскелік полиция пункттері мен модульдік қосындар санын көбейтудеміз. Осы бағытта былтыр 5 учаскелік пункт іске қосылып, 19 стационарлық модульдік қосын ашылды. Осының барлығы халықтың өтінішіне жедел жауап беру үшін жасалып отыр. Мұндай байланыс елорда тұрғындары мен полиция қызметкерлері арасында тығыз қарым-қатынас орнату­ға, ұсақ құқық бұзушылықты дер кезінде анықтап, аса ауыр қылмыстардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Ішкі істер органдарын жаң­ғырту аясында полиция мен жергілікті атқарушы органдардың тығыз байланыста бірлес­кен жұмысы ғана қауіпсіздікті қамтамасыз етуге оң ықпал ететіні көрінді. Сондықтан қазір цифрлық инновацияларды енгізу мен оны одан әрі дамыту үшін жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Бұған қоса, жедел басқару орталығының базасында полициямен байланыстың баламалы құралы – «Азаматтардың өтінішін қабылдау» және «SOS: дабыл батырмасы» жобалары іске қосылды. Осылайша «полиция 102» мобильді қосымшасын пайдалана отырып, азаматтар полицияға тікелей бейнеқоңырау шала алады, фотосуреттер мен бейнематериалдар қоса берілген мәтіндік хабарламаны да жібере алады.

«SOS: дабыл батырмасы» жобасы бойынша қаланың адам көп жүретін жерлеріне онлайн режимінде басқан кезде жедел басқару орталығының қызметкерімен тікелей байланысуға мүмкіндік беретін 19 арнайы құрылғы орнатылды.

Қылмыстың алдын алу және жедел әрекет ету мақсатында қоғамдық орындарға «Кілем» бейнебақылауын («Ковровое» видеонаблюдение) дамыту жалғасуда. Тағы бір маңызды жобаның бірі – «Үздіксіз бейнебақылау»-ды енгізу. Қазір қаланың жедел басқару орталығында 30 мыңнан астам бақылау камерасы орнатылды. Соның ішінде 13 мыңы – «Сергек» камералары.

Сондай-ақ тұрғын үйлердің кіреберісіне де (сыртқы аумақты бейнебақылау бағдарламасы аясында) 5 мыңнан астам камера қойылған. Ал білім беру нысандарын жабдықтау жобасы аясында 6 мыңнан астам камера жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері бейнебақылау камераларының көмегімен 2 мыңнан астам қылмыс ашылса, оның 89-ы – тонау, 1740-ы – бөтеннің мүлкін жымқыру, 59-ы – көлік ұрлығы, сондай-ақ 20 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген.

Қазіргі таңда білім ошағына мемлекеттік білім беру мекемелерінің, оның ішінде жалпы білім беретін мектептердің, балабақшалар мен қосымша білім беру мекемелерінің бейнекамералары іске қосылған.

Жыл сайын елордада камералар саны артқандықтан, құқық бұзушылық пен қылмыс­тың ашылуы да артып келеді.

Полицияға сенім азаматтардың заңды сыйлауынан, полицейлерге жедел қылмыс­тық іздестірулерге көрсетілген көмектен, жалпы тәртіп пен ережені қатаң сақтаудан көрінеді деген қағидаға сүйене отырып, елорданың құқық қорғау қызметкерлері қолға алынған оң өзгерістер мен белгіленген міндеттерді жемісті жүзеге асыра береді.

Салтанат БЕГАСЫЛОВА,

Астана қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары,

полиция полковнигі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button