Басты ақпаратСараптама

Интернеттегі алаяқтар қалай алдайды?

Астаналық полицейлер интернет арқылы жеңіл жолмен ақша ­табуға қатысты алаяқтық қылмыс қоғамда көз ілеспес жылдамдықпен өршіп бара жатқанын айтып, дабыл қағуда. Қазіргі кезде мынадай қылмыстық тізбек пайда болды: әлеуметтік желілерден әр адамға қандай да бір компанияның, я болмаса дүкеннің жарнамасына «лүпіл» бассаңыз, күн сайын 5000-10000 теңге табыс табасыз деген хабарламалар көбейді. Демек, цифрлық платформалар алаяқтардың «табыс» алаңына айналып отыр. Өзінің жеке мәліметін алаяқтарға берген адам олардың құрығына түседі.

Ішкі істер министрлігі қазіргі таңда алаяқтықтың ең кең таралған тәсілі интернеттегі алаяқ­тық екенін хабарлап, азаматтарды сақтыққа шақыруда. Қазір танымал сауда алаңдарының сайтында, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен мессенджер­лерде (Instagram, Telegram, WhatsApp) интернеттегі сауда туралы хабарламалар көп шығады. Биылғы 10 айда 6,8 мыңға жуық осындай киберқылмыс тіркелген. Алаяқтар бұл іске жұртқа жақсы танымал OLX, «Крыша», «Колеса» сияқты сайттарды, әлеуметтік желілерді пайдаланады. Ол жерде белгілі бір тауардың, я болмаса қызмет түрінің арзан бағасын көрсетіп, сатып алу үшін жартылай немесе толық ақысын төлеуге үндейді.

Интернеттегі сауда қызып тұр

Жуырда WhatsApp арқылы Астанадағы бір дүкеннің әлеуметтік желілердегі суреттеріне, бейнежазбаларына «лүпіл» бассаңыз, жағымды ой-пікіріңізді қалдырсаңыз, күніне кем дегенде 10 мың теңге ақша табасыз деген ақпарат таралды. Ал осындай тапсырмалардың ­бірнешеуін орындаған адамға алатын сыйақысы көбейе беретіні де анық жазылды. Алайда ондай қомақты сыйлық алу үшін сіз онлайн тәртіппен бір тауарды сатып алуыңыз керек. Егер бұған келісім берсеңіз, төлем жасау үшін банк картасының нөмірін жібереді. Сіз сол тауардың ақшасын төлейсіз де, өзін алмай, оның құны қанша тұратын болса, сол мөлшерде ақша аласыз. Алайда мұндай тізбек сізді бірден алаяқтардың құрығына түсіреді.

Астана қалалық Полиция департаменті Есіл аудандық полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі Нұрсұлтан Ережеев мұндай қылмыстарды жасайтын адамдар өзінің «құрбанымен» мессенджер арқылы ғана хат жазысып, өзінің бет-бейнесін көрсетпейтінін, дауысын естіртпейтінін айтады.

Ешқашан және ешкімге, әсіресе бейтаныс адамдарға өзіңіздің жеке басыңызды куәландыратын құжаттың көшірмесін, карточкаңыздың толық деректемелерін, әсіресе артқы жағындағы үшмәнді кодын, SMS арқылы келген кодты және басқа да дербес ақпаратты жібермеңіз. күмәнді сілтемелерге кірмеңіз.

«Екі адамның арасындағы әңгіме тек қана мессенджер арқылы жүргізіледі. Алаяқтар әуелі тауардың құны, дүкеннің жарнамасы туралы сілтеме жібереді. Алғашында тауардың құны аса қымбат болмайды, сол себептен оны сатып алған адамның ақшасы өзіне қайтып отырады. Соның нәтижесінде жеңіл жолмен ақша тапқан адам қызығып, одан әрі іс-әрекетін тоқтата алмайды. Сөйтіп көзіне көрінбеген тауарларды сатып алуға қомақты ақша жұмсауға кіріседі. Ал аса ірі көлемдегі сома жиналған кезде әлгі адам оны алмақшы болады, алаяқтар сол сәтті пайдаланып, салық төлеу үшін тағы да қосымша қаржы салуға сендіреді. Сөйтіп көп ақшаға қызыққан адам құрыққа түседі. Сол сәтте «жұмыс беруші» жалт беріп, жазбасын да доғарып, бірден ғайып болады» деп түсіндіреді қылмыс тізбегін Н.Ережеев.

Киберполиция немен айналысады?

Жарты жыл бұрын елордада киберполиция құрылғанын біреу білсе, біреу білмейді. Бұл – киберқылмыстар саласындағы қылмыстық істерді тергеумен және ашумен айналысатын құрылым. Астана қаласы Полиция департаменті Алматы аудандық полиция басқармасының киберқылмыстарды ашу жөніндегі аға жедел уәкілі Батыр­хан Кушенов киберполиция құрылымы қанатқақты жоба ретінде құрылғанын айтады.

«Мысалы, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бері бір ғана Алматы ауданының аумағында интернет-алаяқтыққа қатысты 730 қылмыстық іс тіркелді. Соның ішінде 146-сы ашылып, қылмыс­керлер жазаға тартылды. Біздің бөлім қызметкерлері осындай қылмыстарды ашу үшін IT-мамандардың көмегіне жүгінеді» деп түсіндірді Б.Кушенов.

Желіде алаяқты қалай тануға болады?

Полицейлер қылмыскерлердің әртүрлі тізбек бойынша жұмыс істейтінін айтады. Енді осыған нақты мысалдар келтірейік. Ең алдымен, алаяқ бір азаматқа қоңырау шалып, өзін «банк қызметкерімін» деп таныстырады. Сөйтіп әлгі азаматтың банк карточкасындағы ақшасын алуға белгісіз біреу іс-әрекет жасағанын хабарлайды. Ол шоттағы ақшаны басқа бір «запастағы» шотқа аударуға ұсыныс жасайды, яки қашықтан қатынасу бағдарламасын орнатуға үгіттейді, я болмаса жеке мәліметтерді (шоттардың реквизитін, банк картасының нөмірін, пин-кодты) хабарлауды сұрайды. Алаяқ өзі қоңырау шалған адамның телефон нөмірін біліп алуы үшін оған өздері ойлап тапқан бір қосымшаны телефон экранына орнатуға өтініш жасайды. Одан әрі әлгі нөмірге SMS-хабарлама жібереді. Ең соңында алданған адамның картасындағы ақшасының барлығын өзіне шығарып алады. Я болмаса мынадай екінші нұсқа бар: сізге экономикалық қылмысты тергеумен айналысатын «заң адамы» (ол өзін полицеймін, тергеушімін деп таныстыруы мүмкін) қоңырау соғып, сіздің қандай да бір қылмысқа қатысыңыздың бар екенін айтады. Алғашқы мысалдағы банкир сізді сендіргісі келсе, «заң адамы» қорқытып-үркітеді. Екеуі де қысым жасайды, өйткені олардың арам пиғылы біреу ғана – ақшаңыз­ды бөтен бір шотқа аударуға көндіру. Мұндайда ешқандай да қорқынышқа, байбаламға бой алдырудың қажеті жоқ. Бірден телефоныңызды басып, әңгімені үзе салыңыз. Есіңізде сақтаңыз: банк қызметкерлері өз тұтынушыларына ешқашан қоңырау шалып, жеке басының мәліметін сұрамайды. Ал құқық қорғау органдарының қызметкерлері телефон арқылы тергеу амалын жүргізбейді. Егер ондай қажеттілік болса, ресми түрде, көбінесе жазбаша хабарлама жолдайды.

Өзіңіздің гаджетіңізге антивирустық бағдарламаны орнатыңыз және оны үнемі жаңартып отырыңыз. Алаяқтық шабуылдар жағдайында антивирус оларды сәтті бұғаттайды. Қосым­шаларды тек ресми дүкендерден жүктеңіз.

Тағы бір мысал. Өзін «полиция қызметкерімін» деп таныстырған алаяқ кез келген адамға қоңырау соғып: «сіздің туысыңыз жол-көлік оқиғасына тап болды», «полицияда қамауда отыр» деген хабар айтады. Ондағы ойы белгілі: туысыңызды құтқарып алуыңыз үшін тез арада көрсетілген шотқа ақша аударыңыз дейді. Қылмыстың болғанын айтқан полицей ешқашан да біреуден ақша талап етпейді. Осы жерден-ақ алаяқтың арам ойын біліп қоюға болады. Бұл ескірген тәсіл, өкінішке қарай, әлі күнге дейін жұмыс істейді. Көбінесе егде жастағы адамдар алаяқтардың сөзіне сеніп қалады. Мұндай жағдайда ешқандай да үрейге берілудің керегі жоқ. Ең бастысы, асығыс іс-әрекет жасамаған жөн. Әуелі жақын-жуық, туыс-туғандарға қоңырау шалып, амандығын біліңіз. Істің анық-қанығына көзіңіз жеткен соң, алаяқтың нөмірін жойып жіберіңіз, я болмаса құқық қорғау органдарына хабарлаңыз.

Дропперлерді де бопсалайды

Интернеттегі алаяқтардың көбінесе шетелдерде отырып неше түрлі қылмыс жасайтыны мәлім. Олар өздері көлеңкеде қалуы үшін Telegram-арналардан тапқан Қазақстан азаматтарының арасынан «дроппер» деп аталатын адамдарды пайдаланады. Бірде қазақстандық бір әйел жұмыс іздеп отырып, әлеуметтік желіден кассирді жұмысқа шақырған хабарландыруды оқиды. Ол қашықтан жұмыс істеп, жақсы жалақы алатынына қуанады. Сөйтсе кассирдің жұмысы ақшаны қайта санау ғана екен. Ол қызметіне бірден кірісіп, шоттағы ақшаны санап, өзіне тиесілі 10 пайызын алады. Алайда ол алаяқтардың «апанына» түсіп қалғанын білген жоқ. Жұмысқа қабылданар кезде өз құжатын, анықтамасын жібереді. Әңгімелесу онлайн форматта өтеді. Одан әрі алаяқ­тар әйелге тапсырма беріп, бір мекенжайға жіберіп, басқа бір адам болып танысуын өтінеді. Көрсетілген мекенжайдан 80 жастағы әжеден 1000000 теңге ақшасын алып, банкке барады да, қылмыскерлерге аударады.

Биылғы 10 айда интернеттегі сауда туралы хабарламаларға қатысты 6,8 мыңға жуық

киберқылмыс тіркелген

«Одан кейін де маған көп тапсырма берді. Бірақ орындаудан бас тарттым. Өйткені күдігім ұлғайып кетті. Сөйтсем, қылмыскерлер менің барлық жүрген-тұрғанымды, алға қойған жоспарларымды, мақсат-мұратымды толық біліп алыпты. Тіпті ресми түрде тергеушіге түсінік бергеніме дейін біліп отыр екен. «Бүгін полицияға бардың ғой, ол жерде не істеп жүрсің?» деп жазды «жұмыс берушім». Күн сайын қайда баратынымды, не істейтінімді түгел алақандағыдай аңдып отыр екен. Анамның, туыстарымның да қайда тұратынына дейін анықтап, бақылап отырған» деп әңгімелейді әлгі дроппер әйел.

Алаяқтықтың жаңа түрі

Елімізде алаяқтықтың жаңа бір түрі пайда болды. Киберқылмыскерлер де жаңалықтан құр қалмай, өздерінің айла-амалында ең соңғы технологияларды тиімді пайдаланып жүр. Мәселен, олар қазір WhatsApp-ты белсенді қолданады. Нақты мысал айтсақ, ең алдымен сізге WhatsApp арқылы кәдімгі хабарлама келеді. Онда музыкалық байқауға қатысып жатқан бір балаға дауыс беруіңізді өтінеді. Сіздің сеніміңізге кіру үшін баланың суретін, интернеттен алынған байқау туралы ақпаратты жібереді. «Дауыс беру үшін мына сілтемені басыңыз!» деген жазу ап-анық көрініп тұрады. Сол сілтемеге кірсеңіз, смартфоныңызға зиянды бағдарлама жүктеледі, ондағы барлық ақпарат қаскүнемдердің қолына түседі. Көп ұзамай сілтемені ашқан адамның WhatsApp-ы бұзылады. Осылайша алаяқтар кез келген адамның аккаунтына кіріп, ақшасын ұрлайды.

Бұл жерде жалғыз бір адам «құрбан» болмайтыны анық. Оның жақындары, туыстары да зардап шегеді. Өйткені қаскөйлер әлгі нөмірде сақталған адамдардың бәріне «Маған қарызға ақша салып жіберші!» деген хабарлама жібереді. Мұндай хабарлама бірден күдік туғызбайтыны анық. Себебі ол – бөтен біреуден емес, өзіңе жақын адамнан келген хабар. Фактчекер мамандардың айтуынша, осындай сілтемені ашқан адамдар өз аккаунтының кенеттен бұзылғанына, өзіне бағынбай қалғанына таңғалып отырғанда, алаяқтар көздеген мақсатына жетіп үлгереді. Тіпті сілтемені ашып, телефон нөмірін, жіберілген кодтарды баспаған адамдар да бәрібір құрыққа түседі. Ең абзалы, ол қандай адамнан келсе де, ешқандай да сілтемеге кірмеу.

Қазір бұл бағытта ең көп таралған хабарламалар мынадай тақырыппен келеді: «Бұл жерде біздің ортақ суреттеріміз бар http://», «Сіздің аккаунтыңыз, парақшаңыз бұзылған, тіркеуден өтіңіз http://», «Сіз автокөлік ұтып алдыңыз, егжей-тегжейлі ақпарат мына жерде http://», «Мен сіз берген хабарландыру бойынша хабарласып тұрмын, сіз сататын тауарды мынаған айыр­бастауға келісесіз бе http://». Осыдай хабарламалар келген болса, ешқандай да сілтемені баспай, бірден жойып жіберіңіз. Қазір тіпті алданатын адамның тарапынан ешқандай белсенділікті талап етпей-ақ, өздігінен ұялы телефонға жүктелетін зиянды бағдарламалар бар. Егер смартфондағы операция­лық жүйе бұзылған болса, ол зиянды бағдарламаның келгенін білдіреді. Мұндай жағдайда телефонды жедел өшіріп, опера­торға барып, SIM-картаны қайта шығарған абзал. Егер алаяқтық іс-әрекет тыйылмаса, телефонды сервис орталығына апарып, мамандарға көрсету керек.

Егер осы ұялы телефонға банк картасы қоса жалғанған болса, тез арада банкке хабарласып, картаны бұғаттап, шоттарға қыз­мет көрсету процесін тоқтатқан дұрыс. Егер телефонның көмегімен мұны іске асыру мүмкін болмаса, жақын жердегі банк бөлімшесіне барыңыз. Ал мобильдік құрылғы әлеуметтік желілерге шығуға пайдаланатын құрал болған жағдайда, онда өзге құрылғыдан, я болмаса компьютер­ден әлеуметтік желіге кіріп, ондағы телефон нөмірін ауыстырыңыз. «Вирус» кірген ұялы телефон сіздің смартфоныңыздағы барлық нөмірге зиянды ақпарат жіберетінін де естен шығармаңыз. Сол себептен барлық танысыңызға, жақын-жуығыңыз­ға хабарласып, оларға сіздің нөміріңізден хабарлама келсе («маған жедел ақша керек болып тұр» деген жазбалар), оған жауап берудің, я болмаса ақша жіберудің қажеті жоғын ескертіңіз.

Тұтқаны көтермеңіз!

Қазір алаяқтар ұялы телефоннан қоңырау шалып та аңқау адамдардың қалтасын қағып жүр. Мысалы, сізге бір бейтаныс нөмірден қоңырау келеді. Оның ұзақтығы – бірнеше секунд. Сол нөмірге өзіңіз қоңырау шалсаңыз, ол ақылы болып, сіздің банк картаңыздан ақша төленеді. Кибералаяқтар телефон шалмай, аудио-хабарлама жіберуге де машықтанып алған. Олар сізге маңызды бір жаңалық айтамыз дегенге қызықтырып, одан әрі айла-шарғысын үдете түседі. Өзіңіз одан әрі шыдай алмай, қоңырау соғып, жауап күтесіз. Арғы жақтан ұзақ тұтқаны ешкім көтермейді. Қоңырау ұзаққа созылған сайын ақшаңыз да көп жұмсалады.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button