Басты ақпаратРуханият

Шәкен шыңы

Қазақтың әйгілі актері, режиссер, қазақ киносының атасы, Кеңес Одағының Халық әртісі атанған Шәкен Аймановтың дүниеге келгеніне биыл 110 жыл толды. Саналы ғұмырын ұлттық театр өнері мен кино саласының қалыптасуына, дамуына арнаған оның әр қадамы – бүгінгі ұрпақ үшін тұнып тұрған өнеге. Жуырда Астанадағы №20 орта мектепке Шәкен Аймановтың есімі берілді.

Шолпандай таң алдында жарқыраған

Шәкен Айманов 56 жыл өмір сүріп, 20 жыл театр сахнасында, 15 жыл кино көкжиегінде жұлдыздай жарқырап өтті. 1947 жылдан 1951 жылға дейін қазіргі Қазақ академиялық драма театрының бас режиссері болды. «Абай әндері», «Жамбыл» көркем фильмдерінде күрделі экрандық бейнелерді сомдады. 1953 жылдан 1970 жылға дейін «Қазақфильм» студиясының көркемдік жағын басқарды. Театрда Жамбыл, Ақан сері, Қобыланды, Сатин, Отелло рөлдерін сомдап, ұлттық театр тарихында өшпес із қалдырса, «Махаббат туралы аңыз», «Дала қызы», «Біз осында тұрамыз», «Біздің сүйікті дәрігер», «Бір ауданда», «Ән шақырады», «Жол қиылысы», «Алдар көсе», «Атамекен», «Тақиялы періште», «Атаманның ақыры» фильмдерін түсіріп, қазақ киносының тұғыры биік танымал тұлғасына айналды.

«Атаманның ақыры» – қазақ кино қоржынына теңдессіз олжа болып қосылған қомақты туынды. Айтулы фильм отандық кинематография тарихына детектив жанрында түсірілген тұңғыш кинокартина ретінде енуімен құнды болса, екіншіден, ол Шәкен Аймановтың соңғы түсірген туындысы болуымен қастерлі. 90 пайызы Өзбекстанда, 10 пайызы Қазақстанда түсірілген бұл фильм Шәкен Айманов түсірген екі серия­мен аяқталған жоқ. Атап айтқанда, осы еңбектің жалғасы ретінде 1977 жылы «Транссібір экспресі», 1989 жылы «Манчжурлық нұсқа» фильмдері түсірілсе, 2010 жылы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «ИЗАРУС-фильм» кинокомпаниясымен бірлесе отырып, «Сіз кімсіз, Ка мырза?» атты фильмнің тұсауын кесті. Оқиға сюжетіндегі жалғастық тұрғысынан алып айтсақ, бұл фильм де аты аңызға айналған тыңшы Шадияров жайындағы туындылардың тақырыптық жалғасы еді. Үш фильмде де бас кейіпкердің бейнесін Асанәлі Әшімов сомдады. Оны Қасымхан Шадияровтың рөліне ұсынған да Ш.Айманов болатын. «1968 жылы «Қазақфильм» студиясындағы Ғабит Мүсіреповтің жазған ғажап сценарийі бойынша «Қыз Жібек» екі сериялы кинотуынды болып түсірілсін деген шешім қабылданды. Киноға жауапты сарапшылар фильмдегі Бекежан рөлін менің қанжығама байлады. Қуанышымда шек жоқ! «Құда­йым көктен іздегенімді жерден берді» деп бөркімді аспанға атып жүрмеймін бе? Сол кезде Шәкен аға Аймановтан да хабар келсін… «Атаманның ақыры» фильмінің сценарийі бекіп, оған актерлер іріктеу басталғанда: «Басқа кейіпкерлерде шаруам жоқ. Қасымхан Шадияровтың рөліне даярлап отырған адамым бар. Ол – Әшімов» деп комиссия жиналысында отырып алыпты. «Оу, ағасы, өмірімдегі армандап жүргенім Бекежан образы емес пе? Қолымнан бірдеңе келсе осы арқылы көрсете алармын деуші едім. Соған енді жете бергенімде бұл қиын болды ғой?» деймін мен Шәкеңе артық сөз айта алмай қипақтап. «Фильм маған жүктелгенде осылай ойлағанмын. Енді осылай болды. Болашақта осылай болады. Қазірдің өзінде сезіп, біліп, тіпті көріп отырмын. Сенің Шадияров рөліндегі бұл бейнең өзгелерге өмір бойы үлгі болады» деп шарт түйді. Осыдан кейін бір күннің ішінде, яғни түске дейін Бекежан, түстен кейін Қасымхан болып ойнаған күндерім басталды. Осылайша, мысалы, атаман Дутовтың кабинетіне келген жас офицер мен Сырлыбайдың алдына кірген жас батырдың сөйлеу ерекшелігі мен өзін-өзі ұстау мәнеріндегі, тіпті жүріс-тұрысындағы титтей де қайталаулардың болмауы сияқты сан сыннан аман-есен өтіп, қос кейіпкерді экранға алып шықтық» деп еске алады Асанәлі Әшімов.

Қазір қазақ киносы басқа белеске шықты, әлемдік кино саласында да өзіндік орны бар. Танымал режиссерлер мен актерлеріміз де жоқ емес. Дейтұрғанмен Шәкен Аймановтың дәуірінде жасалған кинолар ерекше келбетімен ұлттық киномыздың құбылысы ретінде мәңгілікке қалды

Шәкен Айманов белгілі биші Шара Жиенқұлованың сіңлісі Хадишаға үйленіп, одан Мұрат есімді бір ұл сүйген. Одан бір қыз бар. Хадишаның бірінші некесінен сүйген қызы Майраны да бауырына басып, бұлаңдатып өсірді. Ал күйеу баласы – Асанәлі Әшімов. Екі жиені Мәди мен Сағи да өмірден ерте озды.

Тағдыр Шәкен Аймановтың бір басына барлық дарынды үйіп-төгіп берген. Театрда, кино саласында өшпес із қалдырған ­Шәкеннің әншілік өнері де бір төбе. Себебі жұрт арасында қазақтың халық әні – «Жиырма бес» пен «Екі жиренді» Шәкендей ешкім орындай алған жоқ деген сөз көп айтылады. «Атаманның ақыры» фильмінде де «Жиырма бесті» орындаған Шәкен Аймановтың өзі болатын.

Кинодағы құбылыс

Шәкен Кенжетайұлын бүгінгі ұрпақ қазақ киносының атасы деп біледі. Әрине, Қазақстанда Шәкен Айманов туындыларынан бұрын түсірілген кинолар да бар. Шәкеннің өзімен үзеңгілес жүрген қазақ кино саласының шын жүйріктері де аз емес. Солай бола тұра, Шәкен Кенжетайұлының есімі елден ерекше аталады. Мұның себебі неде? Шәкен фильмдерінің дәуір шаңының астында қалмай, әлі күнге дейін өміршең болуының не сыры бар? Бұл жөнінде белгілі кинотанушы Алма Айдар былай дейді:

«Шәкен Айманов – қазақ кино өнері саласындағы алар орны бөлек тұлға. Ол бұл салада қазақтың алғашқы кино режиссері ретінде танылды. Бұл жөнінде профессор, кинотанушы Бауыржан Нөкербек «Тұңғыш қазақ кинорежиссері кім?» деген мақаласында ерекше зерделеп, ғылыми негізде талдау жүргізіп, «Қазақтың тұңғыш қазақ кинорежиссері – Шәкен Кенжетайұлы Айманов. Біз ұлттық кино өнерінің пайда болуын оның есімімен байланыстыруымыз керек» деп атап көрсетеді. Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде Қазақстанға «Ленфильм», «Мосфильм» студиялары, сонымен қатар, Бүкілодақтық кинематография институты көшірілген еді. Одан бұрын Алматыда Алматы киностудиясының негізі қаланған болатын. Осы киностудиялар негізінде Орталық біріккен киностудия (ЦОКС) құрылады. Сол жерде кеңес дәуірінің белгілі майталман режиссерлері, операторлары, кинематография мамандары сабақ береді. Сондай-ақ кешкілік сабақ ұйымдастырады. Сол жерден қазақ киносының іргетасын қалауға атсалысқан көптеген жас маман кәсіби білім алды. Солардың қатарында актер Шәкен Айманов та болды. Оның алғашқы сомдаған рөлдері «Абай әндерінде» Шәріптің, «Жамбыл» фильмінде Жамбылдың рөлі болды. Көп ұзамай кино режиссері ретінде өз туындыларын халыққа ұсына бастады. Әрине, алғашқы фильмдерінде театрдың ықпалы басым болды. Сол себепті Шәкен Аймановқа «актерлік кинематограф» деген баға да берілді әрі көп сынға алынды. Дегенмен кейінгі киноларында кәсіби біліктілігін үздіксіз арттырып отырды.

Шәкен Аймановтың басты ерекшелігі, режиссер ретінде түрлі жанр мен әртүрлі тақырыпты көтеруден тайсалған жоқ, батыл болды. Мәселен, комедия жанрында «Біздің сү­йікті дәрігер», «Тақиялы періште» фильмін түсірді. Драма жанрында «Атамекен», «Бір ауданда» фильмдерін түсірсе, өмірінің соңында «Атаманның ақырын» түсірді. Демек, Шәкен Айманов заманауи тақырыпта түсірілген әлеуметтік мәселеден бастап, тарихи фильмдерді де түсірді. Фольклор тақырыбына барудан да жасқанған жоқ. Сонымен қатар Шәкен Аймановты қазақ киносының жаңашыл режиссері десек болады. Ол өзінің фильмдерінде оған дейін көтерілмеген, айтуға болмайтын мәселелерді көтерді. Мәселен, «Атамекен» фильмінде ұлттық дәстүріміз, діни нанымымыз, ата-баба жолы, жер мәселесі, сондай-ақ ұлттарды жер аудару мәселесін көтерген болатын. Яғни кеңес, қазақ киносында депортация мәселесі алғаш рет Шәкен Айманов фильмдерінде көрініс тапты. Шәкен өз фильмдерінде соғыс тақырыбын да басқа қырынан ашты. Демек, сол кезде Шәкен айтуға болмайтын тақырыптарға батылдықпен барды.

Оның театрдан киноға келуі шығармашылық жолына үлкен ықпал жасады. Ш.Айманов өз фильмдерінде актерлеріне айрықша назар аударатын. «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште» фильмдерінде қазақ сахнасының айтулы шеберлерін тасқа жазған тарихтай таспаға таңбалап қалдырды. Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Елубай Өмірзақов сынды өнер майталмандарының жарқын бейнесін жазып қалдырды. Шәкен Айманов өз фильмдерінде Алматыға айрықша назар аударып, ару қаланың өзін бір «кейіпкеріне» айналдырды. Бір ауыз сөзбен айтқанда, Шәкен Аймановтың даңқын асырған басты құдірет ұлттық бітім-болмысымыздың қазақ киносында өз келбетімен таспалануында.

Әр заманның өз ерекшелігі болады. Шәкен Аймановтың дәуірінде саяси бақылау өте қатаң болды. Көп нәрсені айтқызбайтын. Бірақ соған қарамастан ұлт тағдырына қатысты айтылмай жүрген өзекті мәселелерді астарлай отырып, көрермен назарына ұсынып отырды. Сосын да оның кинолары қай заманда да құнын жоймайтын өміршең өнім саналады. Қазіргі таңда елімізде комедия жанрында кино түсіру басты ағымға айналды. Бірақ бұл фильмдердің ой мен бойы, тілінің шұрайлылығы мен көркемдік құрылымы Шәкен Айманов фильмдерінің қарасын да көре алмайды. Әрине, қазір қазақ киносы басқа белеске шықты, әлемдік кино саласында да өзіндік орны бар. Танымал режиссерлер мен актерлеріміз де жоқ емес. Дейтұрғанмен Шәкен Аймановтың дәуірінде жасалған кинолар ерекше келбетімен ұлттық киномыздың құбылысы ретінде мәңгілікке қалды».

– Ұлтымыздан шыққан тұң­ғыш кино режиссері кім, ұлттық кино қандай болуы керек деген мәселеге Ш.Айманов еңбектері толық жауап беріп тұр. Ол кино саласында әр түрлі жанрға барды. «Саптыаяққа ас құйып, сабына қарауыл қойған» заманда киноларына ұлттық болмысымызды астарлап сіңіріп жіберу шын таланттың, ұлтқа қызмет етем деген ұлы жүректің ғана қолынан келеді. Сол туындылар Одақ кезіндегі цензурадан қалай өтті деп таңғаласың. «Атамекен» фильміндегі ұлттық идеология, яғни қазақтың екі буын ұрпағы сол дәуірде қандай өзгеріске ұшырағанын қалай әдемі бейнеледі! Қазақы дүниетанымымыз, тұрмыс-салтымыз да фильмде басты ұлттық құндылық ретінде дәріптелді. Ұлт үшін сол дәуірде дәл осындай қадамға бару үлкен ерлік саналады. Бір ауыз сөзбен айтқанда, Шәкен еңбектері ұлттық болмысқа терең тамыр жіберуімен құнды. Қазір біз тәуелсіз елміз, цензура жоқ болғанмен, Шәкен Айманов түсірген, арқауы ұлттық идеологиямен ширатылған кинолардай төрт тұрманы түгел дүние түсіре алмай келеміз. Мұның бәрі – қазіргі режиссерлеріміздің өзін қай ұлттың өкілі екенін толық түсіне алмаудан, ұлттық болмысқа терең тамыр жібермеуден туындап жатқан жайт. Ал Шәкен өз ұлтының барлық бітім-болмысын жан-тәнімен терең түсінетіндіктен, қай тақырыпқа барса да, терең ой, тағылымды түйін алып шығады. Қазіргі арзан күлкіге құрылған комедияларда «Тақиялы періште» сынды күлдіріп отырып ойландыратын қасиет бар ма? Жоқ. Тек арзан күлкіні көреміз. Шәкенді еске алғанда оның осы қасиеттерін ескеруге, үйренуге ден қойғанымыз дұрыс, – дейді белгілі кинотанушы Әлімақын Жанболат.

Театрдағы құтты қадам

Өнер тарланы 1932 жылы ­Алматыдағы Қазақ драма ­театры­на шақырылды. Яғни ол кісі өнер жолын театрдан бастады. Бірақ жұрт Шәкеннің фильмдері жөнінде көбірек айтады. Дегенмен Шәкен Аймановтың театр сахнасындағы орны ерекше. Ол ойнаған Ақан сері, Қобыланды, Отелло рөлдерінен Шәкен Айманов сахнаның хас шебері екені аңғарылып тұрды. Әрине, бұдан басқа рөлдерінде де Шәкен өз ерекшелігімен көзге ұрып тұрды. Театрдағы бұл шеберлігі кейін кино кейіпкерлерінің бейнесін ашуға айрықша көмегін тигізгені айтпаса да түсінікті жайт. Әсіресе актер таңдау жағында театр өнерінің қыр-сырын жетік білгенінің пайдасы көп тигені байқалады. Бұл туралы қазақ кино саласындағы танымал тұлғаның бірі Нұржұман Ықтымбаев мынадай естелік айтады:

– Мен киностудияның штатына кіргеннен кейін бір күні Шәкен аға шақырып жатыр деді. Қорқа-қорқа кабинетіне барсам, келген бетте: «Әй, қалқанқұлақ, жоғары шық» деді үлкен қазақы мінез танытып. «Қазақфильм» деген – қазақ мәдениетінің бір үлкен шаңырағы. Осы киелі шаңыраққа жақында штатпен актер етіп қабылдадық. Енді сендер осы киностудияның штатындағы актер деген атты абыроймен алып жүріңдер. Дубляждан жалақыңды аласың, түсіп жатсаң, кинодан да ақша табасың. Ол үшін дұрыс жүру керек» деді. Ол кісінің айтқаны – заң.

Бір күні Әзірбайжан Мәмбетов кездесіп қалып: «Сен маған кел, театрдың қыр-сырын білесің, үйренесің, театр кинодан арқан бойы жоғары нәрсе ғой» деді. Ол кісі Қазақ драма театрының режиссері еді. Мен де қызықтым. «Аға, шын айтасыз ба, аласыз ба?» деп едім, «шын, аламын» деді. Содан киностудияның кадрлар бөліміне барып, документтерімді жинаттым. Аралықта дубляж болды да, соған кіріп кетіп қайта шықсам, «Шәкен аға шақырып жатыр» деді, барсам кадрлар бөлімінің бастығы отыр екен. Шәкен аға бірден «сенің жаныңа не зорлық туды, неге кетем деп жүрсің?» деп шүйілді де, кадрлар бөлімінің бастығына бұрылып: «Егер мына қалқанқұлақтың документін беретін болсаң, сен де жұмыстан кетесің. Екеуіңді бірдей қуып шығам. Қалқанқұлақ менің рұқсатымсыз ешқайда кетпейді» деді. Ана кісі шығып кетті. «Қалқанқұлақ, сен отыр!» деп мені алып қалып, «сенің бақытың – осы кинода. Мен адам танысам, сенің бақытың да, өмірің де, болашағың да осы кинодан» деп ақыл айтқаны бүгінге дейін есімде. Сонымен Шәкен ағаның ақылымен киностудияда қалдым.

Шәкен Аймановтың кезінде киноның өресі өте жоғары еді. Өткенде Олжас Сүлейменовтен «Сіз неге сценарий жазбайсыз?» деп журналистер сұрап жатыр. Сонда Олжас «Абдолла тіріліп келсе, мен жазар едім» деп жауап берді. Сол Олжас айтқандай, Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықов, Шәріп Бейсенбаев, Абдолла Қарсақбаев бір-бір төбе еді. Қазір заман басқа, еркіндік бар, не жазам, не қоям деп ешкімге жалтақтамайсың. Кезінде түсірілген фильмдердің көбін кесіп-кесіп тастап, жұрнағы ғана қалатын. Сондықтан қазіргі кинолар мен Шәкен ағалар жасаған дүниені салыстыруға келмейді. Қазіргі киноларды «Атаманның ақыры», «Менің атым Қожа», «Қыз Жібекке» жақындата алмай жүрміз. Режиссурамыз саяз…

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button