Басты ақпаратМәселе

Көк тyтінге тұншыққан көкөрімдер

Біз тұратын көпқабатты үйдің кіреберісінде үнемі шылым шегіп тұратын 15-16 жас шамасындағы екі қыз баланы көремін. Біраз уақыт өткеннен кейін оларға үшінші бір ер бала қосылды. Үшеуі күнде әлгі жерде еш қысылмай темекі тартып тұрады. Бір күні шыдай алмай әлгі жасөспірім шылымқорларға ескерту жасадым. «Жап-жассыңдар, күнде будақтатып шылым шегесіңдер. Өкпелеріңнен не қалады? Бұл денсаулыққа өте зиян ғой. Неге түсінбейсіңдер?!» дедім жаным ашып. «Мұның денсаулыққа еш зияны жоқ. Қазір бұл темекіні бәрі шегеді» деді бірі беті бүлк етпестен.

Акциз неге жойылды?

Қазір елорданың өзінде мектеп оқушыларының 70-80 пайызы шылым шегетіні айтылады. ­Әсі­ресе жас ағзаға өте зиян «вейп» деп аталатын электронды темекі бағасының қымбаттығы өз алдына (біреуі 2000 теңге тұрады), күн сайын жеткіншектердің өз денсаулығын құртып жатқаны қынжылтады. Осыны кеш те болса түсінген Үкімет жақында оған заңмен тыйым сала бастады. Алайда бұдан контрабандалық жолмен елімізге кіріп жатқан темекілердің көлемі азаймай отыр.

Әрине, бір жарлықпен темекі тартуды тоқтата салу әсте мүмкін емес. Оның адам денсаулығы мен қоршаған ортаға келтіретін зиянын екінің бірі біледі. Сөйте тұра шылым шегушілер қатары азаймай келеді. Бұл өнімнің саудаға шығуы мен сатылуын мемлекеттік дәрежеде реттеу тетігі де жеткілікті. Алайда одан жағдай түзеліп кетіп жатқан жоқ. Сарапшылардың пікірінше, кейінгі жылдары осы өнімдерді шеттен жасырын енгізу одан сайын арта түсіп, қылмыстық әрекеттерге билік өкілдерінің көзді жұма қарауы асқынып бара жатқан сияқты. Бұл тұрғыда белгілі экономист Қанат Нұров өз ойын былай білдіреді.

«Темекінің денсаулыққа қауіпті екенін айта бергеннен еш­теңе шықпайды. Оның бірден өлімге әкелетінін түтін құмарлар түсінуі керек. Мен сізге айтайын, бүгінгі таңда елімізде сатылып жатқан темекі өнімдерінің 20-30 пайызы – сыбайлас жемқорлық арқылы контрабандалық жолмен кіргендер. Оның кеденде сапасы тексерілмеген соң, ішінде ­пластиктан бастап кеміргіштердің қиына дейін жүруі әбден мүмкін. Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша елде кәмелетке толмаған 2,8 миллион шылымқор бар. Бұл дегеніңіз – республика халқының 7 пайызы деген сөз. Буындары қатып үлгермеген көкөрімдердің астыртын өнімдер еркін жымысқылықпен жаулап алып, болашағын құртып жатыр. Ал оның көлеңкелі жағы тіпті қорқынышты. Кез келген контрабандалық тауардан бюджетке салық төленбейді. Бұл – бір, екіншіден, мектеп, аурухана, жол, тұрғын үй салынуға жұмсалатын қаржы оқушылардың ағзасын улауға кетіп жатыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша елде кәмелетке толмаған 2,8 миллион шылымқор бар. Бұл дегеніңіз – республика халқының 7 пайызы деген сөз

2020 жылдың қазан айынан бастап Қазақстанда тауарлардың маркировкасын енгізу міндеттелді. Бұл қанатқақты жоба темекі өнімдерінен басталып еді. Сондағы мақсат – тұтынушыларды елімізге жасырын өтетін тауарлардан қорғап, көлеңкелі кәсіпкерліктің жолын кесу. Бас­тама жақсы. DataMatrix-кодты маркировкасы ақ-қара жолақпен көмкеріліп, қос төрт бұрышты белгілер соғылып жүрді. Тіпті бұған қосымша AppStore мен Google Play-да қолжетімді тегін Naqty Onim мобильді қосымшасы да іске қосылып, сатып алынатын тауардың сапасы мен шынайылығын анықтауға толық мүмкіндік болды. Дегенмен бұл қадам кімге ұнамай қалғаны белгісіз, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап қағаз түріндегі мұндай «акциздік марка» жойылды. Ал оның орнын басқан цифрлық маркировканың темекі өнімдеріндегі көлеңкелі бизнеске қауқары жетпей-ақ келеді.

Арзанның тұзы татымас

Біздің елге темекі өнімдері көбіне Еуроодақ пен Ресейден, Қытай мен Түркиядан тасылады екен. Бірақ бір қызығы, тауар шекарадан өтіп, бірізділенген кезде, әсіресе сигареттерге атауы, шығарылған, шекараны өткен күні жазылғанмен, қай елде өндірілгені жазылмайтын болып шықты. Содан келіп отандық дүкендерде күмәнді, заңсыз «эмиссия» немесе «агрегирленген» темекі өнімдері пайда болады. Мұның денсаулыққа келтіретін зияны өз алдына, халық қазынасына түсетін қомақты қаржыдан да қағылып отырмыз.

Экономист Сапарбай Жұбаев бұл мәселені көптен назарда ұстап келе жатқанын айтады. Осы төңіректе өз ой-пікірін баспасөз бетінде, бұқаралық ақпарат құралдарында талай айтыпты. Алайда оның сөзіне құлақ асып жатқан құзырлы органдар әзірге байқалмай тұр.

«Мына мәселені қараңыз, маркировка деген тауардың сипаттамасы деуге болады. ­Мәселен, бірыңғай оператордың бір маркировкасы (қосымша құн салығынсыз) 2,68 теңге тұрады. Заңды жүйеде бұл – о бас­та тауардың құнына өндіруші қосатын үстеме. Ол тұтынушыға салмақ салмауы керек. Сондай-ақ өнімнің сапасы мен шығарылған кәсіпорны нақты көрсетіледі. Бірақ кейінгі кезде бұл үдеріс жаппай бұзылып, контрабанда мен контрафактіге жол ашылып кетті. Мысал керек пе? Айталық, базарда екі темекі дүкені бар делік. Бірінде темекінің бір қорабы 400-500 теңге тұрады. Әрі одан сауда жасаушылар арылмайды. Өйткені онда өнім анағұрлым арзан. Көп жағдайда көпшілік «арзанның тұзы татымас» деген мақалды ескере бермейді. Ал екінші дүкенде сатылатын сигареттер – заңды өнімдер. Сондықтан ондағы ең арзан деген бір қорап темекі бағасы – 750-800 теңге. Ал кеңінен танымал түрі 950-1000 теңгеге жетеді. Бірақ онда тұтынушы аз. Өйткені шылым құмарлар сапасына да, құрамына да қарамай, тек арзанға жүгіреді. Сондықтан Үкімет осы саладағы көлеңкелі бизнеске тұсау салу керек. Әйтпесе бұл келеңсіздік бұдан әрі де белең ала берері сөзсіз».

Доғарыстағы полковник Ермекқұл Есберген бұл мәселені әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында біраздан бері көтеріп келе жатқанын айтады.

«Сіз білесіз бе, темекі өнімдері қазір көлеңкелі бизнестің көркін қыздыруда. Көтерме бөлшек саудада нағыз өтімді тауар осы сигареттер болып тұр. Айналымы ауқымды. Сондықтан осы саладағы адамдар өздерінің мүддесін жанын салып қорғауда. Өткен жылдың тамыз айында Қазақстанға көршілес Қырғызстаннан астыртын кіріп кеткен екі вагон темекі өнімдерінің жолы бөгелді. Тауарды тәуелсіз сарапшылар 1,5 миллиард теңгеге бағалады. Артынан 3 айдан кейін тағы да 900 миллион теңгенің тауары осындай жолмен кіргізілгені белгілі болды. Міне, осылардың барлығы адал бизнеспен айналысып жүрген отандық кәсіпкерлерге үлкен кедергі келтіруде.

Электронды темекі де зиян

Бүкілодақтық денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жер бетінде 1,5 миллиард ересек шылымқор бар екен. Сонда жер шарын мекендеген адамның әрбір бесіншісі темекі тартады деген сөз ғой.

Түтінге құмарлар елімізде де азаймай отыр. Кейінгі жылдары бұл бағыттағы күрес кешенді жүргізілгенмен, айтарлықтай нәтижеге қол жете қойған жоқ. Атап айтқанда, темекі өнімдерін тұтынатындар барлық республика тұрғынының 26,5 пайызын құраса, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 30 пайызға дейін өсуі мүмкін деген болжам бар. Әсіресе осы аталған санның ішінде әйелдердің үлесі де аз емес.

Шылымнан Қазақстанда жыл сайын 20 мың адам көз жұмады екен. Бұл – оның адам ағзасына тигізіп жатқан зияны. Ал қоршаған ортаға, айналадағы адамдарға келтіретін залалын тіпті айтып жеткізе алмайсыз. Дәрігерлер оның құрамынан 7000-нан астам улы зат бөлінетінін айтады.

Елордалық дәрігер Ермұрат Жаңабайдың айтуынша, темекінің әсіресе әйелдердің репродуктивті денсаулығына кері әсері мол көрінеді.

«Бүгінде электронды темекі деген шықты. Кейбіреулер оның басқа темекіге қарағанда зияны аз деп есептеп, қатты қателеседі. Ол тіпті темекіні қойып кетуге де көмектеспейді. Электронды темекі де денсаулыққа қауіпті. Өйткені онда кәдімгі темекінің құрамындағы канцерогенді заттар жоқ дегенмен, адам ағзасына теріс әсер ететін басқа да зиянды заттар өте көп. Сондықтан осы өнімді жасөспірімдерге сататындардың жауапкершілігін арттырып, темекі өнімдерін сату ережелерін қатаңдату қажет. Әсіресе шылым шегетін мектеп оқушыларының ата-анасына құқықтық та, ақпараттық та тұрғыда әсер ету керек. Қажет болса, кәмелетке толмағандар шылым шексе, ата-анасына айыппұл салуға дейін жаза қарастырған жөн болады» дейді дәрігер.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button