Басты ақпарат

Шеткі аймақтар шет қалмайды

Елбасы Нұрсұлтан ­На­­зар­баевтың «Бес әлеу­меттік бастама» атты Үндеуіндегі тапсырмасына сәйкес құрылысы биыл басталған «Сарыарқа» магистральді газ құбыры 2,7 миллион адамды газбен қамтып, шағын және орта бизнестің жаңа өндірістерін ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, экологияны жақсартып, Нұр-Сұлтан қаласының өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуын алты есеге немесе жылына 35 мың тоннаға азайтады.

ГАЗДЫҢ ИГІЛІГІН АЛДЫМЕН КІМ КӨРЕДІ?

Осы жылдың 1 қаңтарына қарай мемлекетімізді газдандыру көрсеткіші 49,68 пайызды құраған. Биыл мұны 50,5 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Энергетика министрлігінің болжамынша, «Сарыарқа» магистральді газ құбыры жобасын жүзеге асыру барысында келесі жылы Қарағанды, Ақмола облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында 142 мың адам газбен қамтылады.
Елорданы газдандыру жобасы үш кезеңге бөлінген. Газ тарату желісінің жалпы ұзындығы 957 шақырымды құрайды. Құны – 50,8 млрд теңге. Бірінші кезең 9 іске қосу кешенін қамтиды. Осының ішіндегі 1 және 2-іске қосу кешендерінің жобалық-сметалық құжаттамасы мақұлданды. Ал қалған кешендер бойынша құжаттаманың қорытындысы осы мамыр айында дайын болуы тиіс.
Бірінші кезеңде газ ЖЭО-1, «Оңтүстік-шығыс» және «Железнодорожный» тұрғын алаптарына тартылады. Бұл жұмысқа биыл 3,0 млрд бөлінді. Осы қаржы 13,8 шақырымды құрайтын газ тарату желілерінің құрылысына жұмсалады. Алғашқы кезең жұмыстарының жалпы құны – 26,8 млрд теңге. Тиісті жұмыстар 2023 жылы аяқталып, аталған тұрғын алаптарға газ келуі керек. Сол кезде зиянды қалдықтардың ауаға таралуы 30 пайызға азаймақ. Бірінші кезеңнің газ тарату желілерінің жалпы ұзындығы – 486,47 шақырым.
Екінші және үшінші кезеңдерде көгілдір отын «Шұбар», «Өндіріс», «Агрогородок», «Пригородный», «Мичурино», «Интернациональный», «Күйгенжар», «Тельман», «Промышленный», «Family Village», «Garden Village» тұрғын алаптарына тартылады. Бұл кезеңдердің жұмыстары 2024-2030 жылдары жүруі тиіс.
Нұр-Сұлтан қаласының 2019-2023 жылдарға арналған ықшамды құрылысы жөніндегі кешенді жос­парына сәйкес елорданы газдандыруға 5 жылдық мерзімге 31,5 млрд теңге (республикалық бюджеттен – 13 млрд, жергілікті бюджеттен – 18,5 млрд теңге) қарастырылған.

НӨСЕР СУЛАРЫ КӘРІЗІ КӨБЕЙЕДІ

Аталмыш жоспарға сай елордада нөсер сулары кәріздерін көбейту жоспарланып отыр. Қазіргі кезде қаладағы бұл жүйе 14 тазалағыш құрылғысы мен 3 су жинағыш тоғаннан, 380 шақырымға жуық магистральді коллектордан тұрады. Бұл құрылғылар 12,9 мың гектар аумақтан су ағызады.
Өткен жылы елордада тағы бір тазалағыш құрылғысының құрылысы қолға алынып, жеті сорғы стансасы күрделі жөндеуден өткізілді. Сонымен қатар ұзындығы 1,2 шақырымды құрайтын коллектор салынып, үш тазалағыш кешенінің құрылысы жалғасты, екі осындай кешен салына бастады.
Ал биыл жеті тазалағыш кешен мен екі коллектордың құрылысы жалғасады. Бұған қоса, осы жылы қала аумағын су басудан қорғайтын екі жоба жүзеге асырыла бастайды. Оның алғашқысы – «Жас­тар» шағын ауданы аума­ғындағы I-5 нөсер сулары кәрізінің тазалағыш құрылғысы. Мұның құ­рылысы Ақбұлақ өзеніне тазартылмаған сулардың құйылуын тоқтатып, аумақтың экологиялық жағдайына оң әсерін тигізеді. Сонымен қатар А.Иманов, Ш.Иманбаева, Ж.Тәшенов көшелерін су басудан қорғайды.
Ал «Ақбұлақ» шағын ауданы маңайындағы I-4 нөсер сулары кәрізінің тазалағыш құрылғысы қайта құрылып, Дауылпаз көшесінен бастап магистральді коллектордың құрылысы басталады. Бұл жұмыстар Б.Момышұлы даңғылын, нақтырақ айт­қанда Оқушылар сарайы аумағын су басуын алдын алады.
Нөсер сулары кәрізінің жаңа тазалағыш құрылғылары салынып, бары күрделі жөндеуден өткізілген соң, қаладағы су жинау аумағы бес жыл ішінде 13 мың гектардан 23 мың гектарға ұлғаяды. Және «Молодежный», «Ақбұлақ» шағын аудандары мен «Өндіріс» тұрғын алабы, Ш.Құдайбердіұлы көшесі, жартылай «Мыңжылдық» аллеясы мен «Нұрлы жол» вокзалы, жаңа әскери қалашық аумақтарын судан қорғайды.

КЕНТТЕР ЕЛОРДАҒА САЙ БОЛАДЫ

Жақында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов қала іргесіндегі елді мекендер астана мәртебесіне сай болып, кенттер тұрғындары барлық игіліктерден шет қалмау керектігін айтты. Шеткі аймақтарды 2020 жылға дейінгі орта мерзімді перспективада дамыту тұжырымдамасын 5 жылға арналған елорданы өрлетудің кешенді жоспарымен сәйкестендіруді тапсырды.
Республикалық бюджет­тен шеткі аймақтарды да­мытуға үш жылдық мер­зімге 7,5 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржы «Көктал-1» және «Көктал-2», «Железнодорожный», «Өндіріс», «Ильинка», «Пригородный», «Үркер» сынды жеті тұрғын алаптың әлеу­меттік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталады. Атап айтқанда, шеткі аймақтарда 13 жоба жүзеге асырылады. Соның ішінде екі мектеп, бес дене шынық­тыру-сауықтыру кешені, 100 орынға арналған жатақхана, т.б. халыққа керек әлеуметтік нысандар мен инженерлік желілер, жолдар салынады.
Биыл «Қазаэронавигация» РМК-мен бірге бюджет қаржысынан тыс жалпы құны 4,5 млрд теңге болатын дене шынықтыру-сауықтыру кешенін пай­далануға беру жоспарланып отыр. Тағы осындай төрт спорттық нысанның құрылысына осы жылы 2,7 млрд теңге бөлінді. Оларды 2021 жылы тапсыру жоспарланды.
Елорданың төрт ауда­нына қарайтын елді ме­кен­дерде биыл бірқатар жұмыстарды атқару жос­парланып отыр. Отын-­энер­гетикалық кешені және коммуналдық шаруа­шылық басқармасының басшысы Ербол Төлеуовтың айтуынша, «Ильинка» тұрғын алабындағы инже­нерлік инфрақұрылым мен жолдар құрылысының 2011-2020 жылдарды қамтитын жобасына өткен жылы түзету енгізілді. Бұл жоба жүзеге асырылғанда 10 мыңнан астам адам тиісті инфрақұрылымның игілігін көреді. Қазір үшінші кезең жұмыстары басталды. Оған 2,3 млрд теңге бөлінді. Соның ішін­де бұл қаржыға биыл тұр­ғын алапта 11,4 шақы­рым жол, 4,3 шақырым кәріз желілері, 23 ша­қырым тротуар салынады.


Баршын, №11, №20-2 кө­шелері шекарасындағы және Н.Тілендиев даң­ғы­лынан оңтүстікке қарай тұрғындарды сумен, кәріз жүйесімен, электрэнергиясымен қамту үшін құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл оны аяқтауға 218 млн теңге бөлінді.
Н.Тілендиев даңғылы бойындағы «Жеті жол», «Ұлытау», «Көктал-2», «Ақ тілек» тұрғын үй кешендерін орталықтандырылған жылумен қамтуға 1,6 млрд теңге қарастырылды.
«Агрогородок», «Железнодорожный», «Өндіріс» тұрғын алаптарын электр­энергиясы желілерін жөн­деу­ге 5,8 млрд теңге бөлінді. 2017 жылы басталған жөн­деу жұмыстары келесі жылы аяқталады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button