Қала тіршілігі

«Жерұйықтың» азабы

Ұлы Жеңіс күні мерекесінде төрт күн қатарынан демалып, бойымыз бір жазылып қалды. Сол күндері ауа райы да бар шуағын төгіп, жарқырап тұрды. Мерекеде отбасымызбен табиғаты көркем Бурабайға баруды алыссындық та, шаһардағы жасыл желекке толы «Жерұйық» саябағына барып демалуды жөн санадық.

Бұл саябақ қаланың ең бір көрікті жерінде орналасқан. Содан да болар, мұнда тұрғындар демалуға жиі келеді. Айтқандай, 10 мамыр күні де саябаққа көп адамдар бала-шағасымен келіпті. Бәрі де жапырағы қалың ағаштарды көлеңкелеп, жерге төсеніштерін төсеп, үйден әкелген тамақтарын жеп, мәре-сәре күй кешуде. Әсіресе, тасжолда өскен балалар аяқ киімдерін шешіп, жайқалған көгалды жалаң аяқ басып, еркін ойнады.
Енді осы шарада толған сүттей лүпілдеген көңілімізге бір келеңсіз жағдай қаяу түсірді. Сол күні саябақта тұрған дәретхана жабық тұрды. Дәретке отыр­ғысы келген баламызды қайда апарарымызды білмей қиналдық. Ақыры кешке дейін демаламыз деп барған ойымыздан айнып, екі сағаттан кейін үйге қайтуға тура келді.
Содан кетіп бара жатып саябақтың шыға берісінде тұрған күр­кеге кірсем, алдымнан «Астана-Зеленстрой» мекемесінде жұ­­мыс істейтін Солақай Төлеу деген жасы келген ағамыз шықты. Осы сая­бақтағы ағаштарды суарып, тазалығын қадағалап жүретін бағбаншы. Бұл кісінің де біраз айтары бар екен:
– Саябақта бір дәретхана бар. Оның иесі кім екенін білмеймін. Бір жігіт ашып-жауып жүреді. Бүгін таңертең көргенде: «Дәретхананы ашып қойы­ңыз, адамдар демалуға келеді деп едім, «су жоқ» деп есігін жауып кетіп қалды. Суды шақырып құйғызуға болады ғой. Бұрын мұнда ағаш дәретхана болған. Оны санитарлық талапқа сай емес дегеннен кейін алып тастады. Енді мынау жабық тұр. Өзім жолдың арғы бетіндегі жеке үйлердің дәретханасына барып жүрмін. Сол үй иелерін жиі мазалауға да ұяламын, – дейді ол.
Қысқасы, бас қалада дәретхана мәселесі – түйіні шешілмеген сұрақтардың бірі. Жалғыз «Жерұйық» саябағында ғана емес, адамдар көп баратын алаңдар мен басқа саябақтарда да бұл мәселе толық шешімін таппаған. Соны қалалық әкімдіктің жауапты мекемелері ескерсе дейміз.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button