ЖаңалықтарҚала тіршілігі

ШЫМКЕНТ ТАРТУЫ КӨҢІЛДЕН ШЫҚТЫ



жәрмеңке

Елорда күніне әркім өзінше дайындалуда. Әсіресе, қыдырып келушілердің көп болатынын жақсы білетін астаналықтар дастарқан қамына әлден кіріскен. Бас шаһардың тұрғындарына Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкер-шаруалары сапалы әрі арзан бағадағы өнімдерін ұсынды. Сенбі, жексенбі күндері Орталық алаңда өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде 200 тоннадан астам жеміс-жидек пен ет өнімдері сатылды. Оңтүстіктік өнерпаздар ән айтып, би билеп, жәрмеңке көрігін қыздырды.

Берекелі өңірдің Астанада өткізген жәрмеңкесінде 12 сауда нүктесі құрылып, 24 кәсіпкер өнімдерін ұсынды. Еңбектерінің алғашқы жемісін ала келген диқандар азық-түлік, көкөніс пен жеміс-жидекті нарықтағы бағадан 25 пайызға төмен сатты. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Берік Оспановтың айтуынша, кейбір өнімдер нарықтағы бағадан 50 пайызға дейін төмен пұлданған. «Барлық көкөніс те, жеміс-жидек те өзіміздің аймақта өсірілген, шаруаларымыздың маңдай терінің жемісі. Барлығы – табиғи, таза, сапалы. Ең бастысы, тауарларымызды елордалықтарға өте арзан бағамен сатудамыз. Астана нарығынан кейбір өнімдер 50 пайыздан да төмен сатылуда. Өткен жылы облыс аумағынан 2 млн 200 тонна бақша өнімдері шығарылған болатын. Биыл да осы көрсеткіштен төмендетпейміз» дейді Б.Оспанов.

Жәрмеңкеде қызанақ, қияр, болгар бұрышы, картоп сынды қат кө­көністің бәрі бар. Астана жұрты екі күн бойы таңмен таласа қырық­қа­батты қаптап, қара өрік пен шиені жәшігімен әкетті. Тіпті, еліміз­дің оңтүстігінде ғана өсірілетін күр­ке­тауық еті де жәрмеңкеден табылды.

«Сауданың өтімділігі жақсы, 20 тонна бақша өнімін әкелгенмін, 35 келі ғана қалды. Халық риза болып жатыр. Астана жұрты жәрмеңкені шырайлы Шымкенттің бас қалаға жасаған сыйы деп бағалады» дейді Сайрам ауданының тұрғыны Шұхрат Құрманалиев.

Алғашқы жемісін алып үлгерген оңтүстік өңірі еліміздің барлық аймағын бау-бақша өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Шымкенттің көкөнісі Ресей, Беларусь елдерімен қатар Еуропаның бірнеше қаласына экспортталады екен. Бүгінде облыста 800 мың тонна көкөніс өсірілсе, бұл сондағы халықтың қажеттілігінен 2 есеге артық.

Бұл жәрмеңкенің жалғасы бар. Шымкенттік бағбандар «күзге салым тағы керуен тартып келеміз» дейді.

Асхат РАЙҚҰЛ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button