SportБасты ақпаратЖаңалықтар

БИIК ТҰҒЫРДА – ТҰРСЫНОВ

Ол «әкесін көріп, оқ жонды». Ол өзінен үлкен дәулерді алып-жықты. Ол – «Қазақстан барысы» атанды.

Мұхит Тұрсынов. Екі көзімізді төрт етіп, тағатымызды тауысқан «Қазақстан барысының» төртінші маусымында топ жарған жігіт. Мұхиттың әкесі Шыңғысбек – балуанның жеке бапкері. Осылайша шығыс қазақстандық әкелі-балалы екеудің төккен тері еш кетпей, биылғы турнирді бағындыру бақытына ие болған жайы бар.

Астана күні қарсаңында өткен жарыс басында «Алдаспан», «Алаш ұлы» сынды өнер ұжымдары музыкалық шашумен «болғанынан боладысы қызық» тойдың көрігін одан әрі қыздыра түскендей жақсы әсер қалдырды. Ал, жер-жерден шыққан айқай мен соғылған шапалақтан құлақ тұнады. Міне, биылғы турнир осылай басталған еді.

«Жалын» деген бүркеншік атпен өнер көрсеткен жеңімпаз финалда қарағандылық «Жас сұңқар» – Асыл Бәрменовтен айласын асырды. Негізгі уақытта бірін-бірі жеңе алмаған қос балуан кездесу соңындағы қоян-қолтық белдесу арқылы ғана кім мықтыны анықтаған болатын.

Турнир қорытындысында, 2014 жылғы «Қазақстан Барысы» Мұхит Тұрсынов 150 мың АҚШ долларын қанжығасына байласа, оның бапкеріне, яғни әкесі Шыңғыс Тұрсыновқа 20 мың АҚШ доллары табысталды. Ал, екінші орын иеленген Асыл Бәрменов 30 мың доллар көлемінде сыйақы алса, оның бапкеріне 10 мың АҚШ доллары ұсынылды.

Үздік үштікке таласқан кездесуде Қызылордадан келген «Сыр барысы» Руслан Әбдіразақов жамбылдық «Талас арланы» – Дәулетхан Жақыповтың жауырынын жер иіскетіп, тартысты кездесудің негізгі уақыты тәмамдалмай жатып-ақ қола белбеуді беліне тақты. Сондай-ақ, ол 10 000 АҚШ долларына татитын чекке ие болды. Жеке бапкері де марапаттан құр қалмай, 3 000 АҚШ доллары көлеміндегі сыйақыны қалтасына басты. Ал, көрермендердің көзайымына айналған Дәулетхан Жақыпов ұйымдастырушылар тарапынан арнайы сыйлық – «Hyundai Elantra» көлігіне отырды.

Сонымен қатар, боз кілемге «Қазақстан барысының» былтырғы жеңімпазы, Шығыс Қазақстан облысының үкілеген үміті Айбек Нұғымаров ширек финалдың алдында қола жүлдегер қызылордалық Руслан Әбдіразақовқа ешкім күтпеген жерден ұтылып қалды. Осылайша 95 келідегі «Сыр барысы» өзінен 20 келі ауыр әрі атынан ат үркетін қарсыласынан еш қаймықпай, таза жеңіспен келесі кезеңге өтті.

Мұхиттың бұл жеңісін заңдылық деп айтып жатқандар да бар. Өйткені, ол 2012 жылы «Қазақстан барысы» атанған әрі «Еуразия барысы» Бейбіт Ыстыбаевтан айласын асырып кетті. Ал, Бейбіт биылғы турнирдің негізгі фавориттерінің бірі саналатын.

Шара соңындағы жеңімпаздарды марапттау рәсімінде елдің белді азаматтары сөздерін айтып, жеңген балуандарды құттықтаса, жеңілгендерді мойымауға шақырды. Солардың ішінде қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Тастанбек Есентаев және даңқты палуан Жақсылық Үшкемпіров сияқты тұлғалар болды. Сондай-ақ, көрермендер арасында ұтыс билеттері ойнатылып, жолы болған адамға көлік берілді.

Биылғы турнирге қатысушылардың саны 33 емес, 28 болғанын айтқанбыз. Олардың негізгі себебі – допинг қолданғандарында. Яғни, мемлекеттік «Допингке қарсы ұлттық орталық» мекемесінің 2014 жылғы 20 мамырдағы допингтік сынама қорытындысына сәйкес, қанының құрамында допингтік зат анықталған Батыс Қазақстан облысының балуаны Дамир Қалақов, Қостанай облысының балуаны Михаил Твердохлебов, Астана қаласының балуаны Нұрғали Байтарақов және Маңғыстау облысының балуаны Манас Иманқұлов финалдық бәсекеден шеттетілген еді.

Нұрислам Құспанғали

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button