Басты ақпаратҚала тіршілігі

ОРМАНДЫ ӨҢIР – ҚОРҒАНДЫ ӨҢІР

орман

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жылдағы дәстүр бойынша Астана маңындағы орманды алқапты аралап, жасыл белдеуді дамыту барысымен танысты.

1997 жылы Елбасының тапсырмасымен қолға алынған жасыл белдеудің жалпы аумағы 14 827 гектарды құрайды. Осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 9,6 миллион ағаш пен 1,9 миллион бұта отырғы­зылған екен.

Президент жасыл желекті тік­ұшақпен аралап, Қызылжар орман шаруашылығына табан тіреді.

«Жылдағы қалыптасқан дәс­түр бойынша бүгін Астананың төңірегіндегі орманды аралауға келдік. 1998 жылы бас қаламыз осы жерде жайғасқаннан кейін Астананың айналасынан орманды алқап құруды тапсырдым. «Мына жерде ештеңе шықпайды», «Жері жақпайды» деген түрлі әңгімелер болды. Ал, қазір осы жылдар ішінде Астана төңірегінде 70 мың гектар орман өсті. Мұны «Астана орманы» дейді, кейбіреулері «Президент орманы» дейді. Қалай аталғанымен, атасы отырғызған бақтың көлеңкесінің қызығын ұрпағы көреді» деді Елбасы.

Бүгінде Астана орманында қайың, шегіршін, қарағай, терек және түрлі жидек ағаштары жайқалып тұр. Биылғы көктем айында 398 мыңнан астам көшет отырғызылып, 341 248 дана ағаш егілді. Бұйыртса, 2022 жылға дейін 6042 гектар орманға жобалық-зерттеу жұмыстарын жалғастыру көзделуде.

Президент өз сөзінде еліміз үшін жасалып жатқан игі бастаманың болашағы жайында әңгімеледі. Оның айтуынша, егер бүкіл Қазақ­стан бойынша әр қаланың, әр ауылдың төңірегінде, тіпті, салған жаңа үйдің жанынан ағаш отыр­ғызылатын болса, бұл жалпы ха­лықтың байлығы болып саналады.

«Орманы бар өңір – әр уақытта бай өңір. Мына орманның ішінде алғаш отырғызылған ағаш 15-20 метрге дейін өсті. Ішінде жойылып бара жатқан елік те, қоян да, түлкі де, марал да бар. Бүгін елік, марал, қырғауыл жіберіп отырмыз. Бұл, біріншіден халықтың демалатын жері. Екінші жағынан, жаздың күні бұл саябақ, ал қыстың күні желден қорғайды, қаланың климатын өзгертеді. Бұл да мемлекет құрумен бірге, тәуелсіздігімізбен бірге, Астанамызды салумен бірге мемлекетке керекті үлкен шаруа деп есептеймін» деді Президент.

Игі бастаманы жүзеге асыруда орманшылардың еңбегі жоғары екенін айтқан Елбасы оларға алғыс айтты. Дегенмен, әлі де атқарылатын жұмыстар көп екенін ескертті.

Жалпы, 1997 жылдан 2013 жылға дейін отырғызылған ағаш көшет­терінің жалпы ауданы 70 мың гектарды құрайды. Оның 15 мыңы Астана аумағында болса, қалған 55 мыңы қала сыртында екен. Елбасы 2020 жылға дейiн орман көлемін 100 мың гектарға дейiн жеткiзу көзделгенін атап өтті.

Айта кеткен жөн, жасыл орманда ағаш отырғызумен бірге хайуанаттар әлемін дамыту қатар қолға алынуда. Мұнда қояндар өсірі­ліп, құстар тіршілік етуде. Мәсе­лен, құстардың түрін көбейту үшін қырғауыл тұқымдарын өсіру, көбей­туге маңыз берілген. Себебі, көп күтімді қажет ете бермейтінқыр­ға­уылдар аязға төзімді келеді. Жыл­дам көбейетіндіктен, үш жыл ішінде инкубация арқылы 3210 жұмыртқадан 2333 құс өніп шыққан.

Шара соңында Президент бос жер­лерге ағаш отырғызу арқылы Аста­наның жасыл аймағын тығыз­дан­дыру жұмыстарын одан әрі жал­ғастыру қажеттілігіне назар аударды.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button