Sport

Судан шыққан суырды көрдіңіз бе?



Футболдан әлем чемпионаты жаһанның түкпір-түкпірінен келген кіл жүйріктердің басын қосқан аламан бәйге сияқты. Мұнда да арғымақ аттар жарысындағыдай нағыз үздіктер басында тізгінді тежеп ұстап, сайыс ұзаған сайын қыза түседі. Алғашқы бір жарым турдың байыбы осыны көрсетіп отыр. Сондығынан болар, бүгінгі есепті кезеңде ойналған 6 матчтың 4-еуінде 1:0 деген есеп тіркелді. Бірақ «сауысқаннан да сақтық» таныту бір құрамалар үшін қымбатқа түсіп қалған сыңайлы. Осындай «абайлы ойын» Аргентинаны жолдан да шығарып тастауға жақындатты. 

Қазақта «судан шыққан суырдай» деген теңеу-тіркес бар. Ол әлденеден беті қайтып, сүмірейіп қалған кісіге қарата айтылады. Бұрнағы күннің түн ортасы ауа Аргентина құрамасы тап осындай кейіпке түсті. Оның лидері Лионель Мессидің түріне қарау тіпті мүмкін емес еді. Бірақ мұны ешкім де жөнсіз болды деп айта алмаса керек. Команданың Хорватиядан 0:3 болып күйрей жеңілуі, шын мәнінде, заңдылық сияқты болып көрінеді.

Жалпы, бұл Аргентинаны чемпионаттың фавориті санап келгендерге үлкен сын болды. Оның қарым-қабілетіне қатысты күдік мұның алдында Исландиямен өткізген кездесуінен кейін-ақ бой көтерген. Ал соңғы ойын La Albicelestes жасағында тұтас ұжым да, оларды біріктіретін үйлесімділік те, тіпті әр ұшырасу үшін жасалған жеке жоспар да жоқ екенін байқатты. Осы жерде бұдан алдын Диего Марадонаның бас бапкер Хорхе Сампаолиді ойыншыларды менеджер сияқтандырып бөліп қойғанымен, оларға не істеу керектігін түсіндіруді ұмытып кетті деген сыңайда сынағаны еске түседі. Шынында, «дойбышылар» өздерін прессингті сұрапыл серпінмен қолдана білетін, қорғаныста мығым, шабуылда өткір, тартысты күреске дайын болып қалыптасқан ұжым ретінде көрсетті. Мұндай бес қаруы сай жауынгер жамағатқа қарсы ойнауға «аспан түстес ақшыл-көк» жігіттер даяр болмай шықты. Ойын деңгейіндегі осы айырмашылық ақыр соңында таблодағы есеп қалпында көрініс тапты. Бірінші ойында беті қайтып қалған Аргентина Хорватиямен кездесуге схемасын өзгертіп шықты. Әдетте, мұндай турнирде бірінші матчтан кейін ойын өзгертіле бермейді. Ал Хорхе Сампаоли оны түбірінен түлетіп жіберді. Сөйтіп, бүгінде өте сирек қолданылатын 3-4-3 схемасын ұстанды. Мундиальды көтеріңкі көңіл күймен бастаған Златко Даличтің шәкірттері Нигерияны ұтқан құраммен, сол 4-2-3-1 сызбасымен ойынға кірісті. Алаңдағы төреші, өзбекстандық Равшан Ирматовтың ысқырығы естілісімен шабуылға көшкен аргентиналықтар басында бәрін жапырып өте шығатындай болып көрінген. Олар, бұған қоса, алаңның барлық нүктесінде прессинг жасау тәсілін қолданды. Мұның есесіне, хорваттар барынша салқынқандылық танытты. Олар бәсекелестерінің қыспағынан сытылып шықты да, кең ауқымды шабуылға үзеңгі қақты. Ал аргентиналықтар сол кездерде абыржып жүрген жандардың кескінін байқатып алды. Осы күйгелектік оларды сазға отырғызды. Ойынның 5-минутында-ақ Иван Перишич сол қапталдан суырылып келіп, қақпаға қарай қақырата доп ұрды. Қақпаны туралап келген қауіптен голкипер Вильфредо Кабальеро қорғап қалды. Ойынның уақыты ұзаған сайын хорваттардың артықш ыл ығы айқындала берді. Бірақ оларға бірінші таймда есеп ашудың орайы келмеді. Екінші таймд а да сол басымдық сақталып тұрды. Ал алғашқы гол күтпеген жерден салынды. Қорғаушы Габрэль Меркадо артқа, қақпашыға доп тастады. Сол кезде өзіне қарай ұмтылған Анте Ребичтен қорғанған Кабальеро тез тебемін деп, оны өзінен көп ұзата алмады. Міне, соны жолай іліп әкеткен хорват футболшысы ашық қақпаға арқырата ұрды. Келесі гол ойынның 80-минутында соғылды. Оны айып алаңының сыртында доп алған команда капитаны Лука Модрич алыстан ұрып түсіру арқылы жасады. Ол өзінің алдында жүрген бірнеше ойыншының жанынан зулата жөнелтіп, қақпашыны да қапы қалдырды. Осыдан кейін Аргентина құрамасы мүлдем қауқарсыз да қорғансыз сияқты болып қалды. Олардың әдепкіде жанталаса алға шауып, жылдамырақ есе қайтармақ сияқты болып көрінген. Сол шабуылдардың бірінде Пауло Дибала бір доптың қайырымын қайтара жаздады. Бірақ қақпаға қарай ұратын мезетті созып алып, сәттің қолайын жіберіп қойды. Хорваттар мұның жазасын тез берді. Әуелі Иван Ракитич алыстан доп ұрды, Кабальеро оны қайтарды, сол кезде допты қағып әкеткен Матео Ковачич қайтадан Ракитичке бере қойды. Иван сосын допты ашық торға сүңгіте салды. Талқандау тауаны осылай жасалды. Енді бұл топтың толық тағдырын Исландия мен Нигерия арасындағы ойынның қорытындысы шешіп береді.

ҚЫСҚА-НҰСҚА

* Маусымның 22-сіне дейін чемпионатта 23 матч ойналды.

* Бұл ойындарда ең көп кездескен есеп – 1:0. Ол 10 рет тіркелді.

* 23 матчта 51 гол соғылды. Сонда әр матчқа орта есеппен 2,21 доптан келіп тұр.

* Осы аралықта 1 футболшы алаңнан қуылып, 69 футболшыға ескерту берілді. Даниялық Юссуф Поульсен екі ойында ескерту алды.

* 23 матчты 2014862 адам көрді. Бұл – әр кездесуде орта есеппен 44120 көрермен болды деген сөз.

* «Лужникиде» ойналған Ресей – Сауд Арабиясы, Германия – Мексика, Португалия – Марокко ара
сындағы ойындарды 78011 жанкүйер тамашалады. Бұл – ең жоғарғы көрсеткіш.

* Ең аз көрермен Екатеринбургте өткен Египет – Уругвай арасындағы кездесуде тіркелді. Оған 27015 адам жиналды.

* Осы кезге дейін қақпаға 11 пенальти белгіленіп, олардың 9-ы голға айналды. Аргентина – Исландия матчында аргентиналық Лионель Месси ұрған допты исландиялық қақпашы Ханнес Халльдоурссон қағып алды. Ал Перу – Дания кездесуінде дат Кристиан Куэва қақпадан жоғары теуіп жіберді.

* Чемпионатта 1 хет-трик, 4 дубль жасалды, 5 автогол соғылды.

ТУРНИР ТАБЛОСЫ

2-тур

20 маусым

Мәскеу, «Лужники». Португалия – Марокко 1:0

Гол: Криштиану Роналду (4)

Дондағы Ростов. Уругвай – Сауд Арабиясы 1:0

Гол: Луис Суарес (23)

21 маусым

Қазан. Иран – Испания 0:1

Гол: Диего Коста (54)

Самара. Дания – Австралия 1:1

Голдар: Кристиан Эриксен (7) – Миле Единак (28, пенальти)

Екатеринбург. Франция – Перу 1:0

Гол: Киллиан Мбаппе (34)

22 маусым

Нижний Новгород. Аргентина – Хорватия 0:3

Голдар: Анте Ребич (53), Лука Модрич (80), Иван Ракитич (90+1)

Серік ПІРНАЗАР




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button