Sport

Нұрсұлтан шыңына шықты

«Вечерняя Астана» газетінің фототілшісі Василий Крась Іле Алатауының ең биік шыңдарының бірі – Нұрсұлтан шыңын бағындырды. Бұл шыңның теңіз деңгейінен биіктігі – 4376 метр. Өзінің жеңісін ол Астана қаласының 20 жылдығына арнаған.

«Шыңға көтерілу үшін спорттық жағынан өте мықты дайындық қажет. Өйткені тау қателікті кешірмейді. Бұл мақсатқа жарты жыл бұрын дайындала бастадым. Өзімді, күш-жігерімді бір сынап көрмек болдым. Бұрын да тауға шығып жүрдім. Бірақ мынадай биікке көтерілген емеспін» дейді Василий Крась.

Осы сапарында Васяның жанына Әлішер Ахметов пен тәжірибелі альпинист Александр Сапрыгин ілесіп жүрген. Өзінің айтуынша, Александр Сапрыгин шыңға шыға алатын адамды бірден таниды. «Нұрсұлтан шыңына апаратын жол Талғар асуы мен Богданович мұздығы арқылы өтеді. Одан әріде шыңға дейін жартаспен шығасың. Мұндай сапарға шығардан бұрын, кіммен баратыныңды дұрыс таңдауың керек. Ол адамға өз өміріңді сеніп тапсырасың. Егер де алда-жалда бекітетін жердің бірінен ақау кетсе, құздан төменге құлайсың» дейді Василий өзінің дайындық кезіндегі әсерлерімен бөлісіп.

Құзар шыңдардың басына шығатын адамдардың қандай қиыншылықтарға тап болатынын ол былай әңгімеледі: «Біз шыңға көтерілерде ауа райы қолайсыз болды. Базалық лагерьде қондық. Александр таңғы сағат 4-те тұрып, жолға шығатынымызды түсіндірді. Өйткені шыңның басында ауа райы күрт өзгереді екен. Кенеттен жаңбыр құйып кетуі мүмкін. Ең маңыздысы – осы. Біз лагерьге жеткенде жауын жауды. Малмандай су болдық. Өткен жылы тауға шыққан 800 адамның 200-і ғана шыңға дейін жетіпті».

– Құзар шыңның басында 10 минуттай ғана аялдадық, – дейді Вася. – Өйткені аспанды қара бұлт торлады. Қатты жауған жаңбыр немесе тұман жолымызды жауып тастайтыны анық. Тәуекелге бел бууға болмайтынын біліп, тездетіп төмен түстік. Әрине, бұл жеңістен алған әсерім керемет! Алатаудың шыңындағы әдемілікті ешқандай да фотосуреттен көре алмайсың. Оны тек өз көзіңмен көруің керек!

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button