Басты ақпаратҚоғам

Сүрінгенде бір қазақ – тіреу болсын мың қазақ!

Үш айдан бері Сайрагүл Сауытбайдың тағдырына алаңдаған жұрт соттың соңғы отырысына дейін оң шешім шығатынына үміттенді. Сәуір айында тарихи атамекені – Қазақстанға келу мақсатында Қазақ–Қытай шекарасын амалсыздан заңсыз кесіп өтуге мәжбүр болған ананың ақ тілегі қабыл болды. Сот Сайрагүл Сауытбайға алты ай мерзімге бас бостандығынан айыру туралы шартты жаза тағайындады. Сайрагүл тағдырынан біздің газет те тысқары қалмай, бірнеше мақала арнаған болатын.

Сот отырысында Алматы облысы Жаркент кентіндегі Панфилов аудандық сотының судьясы Динара Құйқабаева Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбайды Қазақстанда қалдыру туралы шешімін жариялады. Нақты айтқанда, «Қазақстан Қылмыстық кодексінің 392-бабы 1-тармағы бойынша Сайрагүл Сауытбайды кінәлі деп тауып, 6 айға бас бостандығынан айыру туралы шартты жаза тағайындалсын. 6 ай мерзім пробациялық бақылау мерзімі тағайындалсын. Сот залынан босатылсын» деп мәлімдеді. Белгілі болғандай, Сауытбайдың қылмысы «онша ауыр емес» деп бағаланды. Сот шешім шығарарда БҰҰ-ның балалар құқығы конвенциясы негізге алынғаны, Сауытбайды кәмелеттік жасқа толмаған екі баласынан, отбасынан ажыратпау үшін осындай шешім шығарылғаны туралы айтылды. Этникалық қазақ ретінде, Қазақстан азаматтығын алуға құқығы бар тұлға ретінде оны Қазақстаннан шығарып жіберу жазасы тағайындалмайтынын айтқанда, жиналған көпшіліктің
қуанышында шек болмады. Осылайша, сот шешімімен Сайрагүл Сауытбай сот залынан босатылды.
Қоғамдық резонанс тудырған Сайрагүл Сауытбайдың ісіне қоғам белсенділері мен танымал тұлғалар бір кісідей атсалысқаны белгілі. Әлеуметтік желіде қолдаушылар тобы қалың болды. Оның сотына отандық БАҚ құралдарынан бөлек, әлемдік БАҚ-тан «The Wall Street Journal», «New York Times», «The Washington Post» басылымдары мен «France-Presse» агенттігінің өкілдері келді.
Сот залынан босап шыққан Сайрагүл Сауытбай «Мен халқыма, еліме сеніп келдім. Пана іздедім. Бар екенсіздер. Алла осындай бірлігімізден айырмасын. Қиын-қыстау кезде сүрінген бір қазаққа сүйеу болғандарыңыз үшін, бар болғандарыңыз үшін зор алғыс айтамын» деп жиналған жұртқа ризашылығын білдірді.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Бір пікір

Пікір үстеу

Back to top button