ӘлеуметБасты ақпарат

Талайды таңғалдырған «Талапай»

Көне мұра саналатын, ұлттық болмысымызды айшықтайтын қазақы ойындарды ұмыт қылмай, қайта жаңғырту, сол арқылы бренд қалыптастыру – астаналық студент Айнұр Полатованың арманы. Осыған орай «Талапай» атты жобасын қолға алып, көпшілікке таныстырып жүрген жастың бастамасына қызыққандар көп. Ойын әлемнің бес еліне таралып үлгерді. Оған тіпті франциялық танымал компания Louis Vuitton қолдау білдіріп, талапты қызбен бірлесе жұмыс істеу үшін Парижге шақырды.

Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қазақ филологиясы мамандығы бойынша магистратурада оқитын Айнұр Полатова былтыр «Талапай» атты жобасын дайындап, осылайша қазақтың төл мәдениетін кеңінен дәріптеуді ұйғарды. Негізгі көздегені – ұлттық ойындардың брендін қалыптастырып, жастардың қызығушылығын арттыру.

«Жобаны бастау туралы ой антикафеде отырғанымда келді. Мұндай жерлерде әдетте жастар шетелдің түрлі ойындарын көп ойнайды. Ал солардың орнын алмастыратын қазақы дүние бар ма деген сұрақ мені мазалады. Көбі тек мұндайда тоғызқұмалақты ғана біледі. Бала кезден көріп келе жатқан тоғызқұмалақтың өзі көк пластиктен жасалған. Дизайны жастарды онша тарта қоймайды. Одан басқа, небір ойындарымыз тасада қалады. Нарықта ұлттық ойындарды шығаратын бірде-бір бренд жоқ. Сондықтан өз басым гаджетке телмірген жасөспірімдердің назарын өзіміздің ұлттық құндылықтарымызға аударуға, сонымен қатар шетелге шыққанда көк шоколадты ғана алмай, ұлттық ойындар арқылы да мәдениетімізді таныстыруға болатын жоба керек деп түсіндім. Артымнан пайдалы дүние қалса екен деген ой мені алға жетеледі» дейді ол.

Айнұр өз жобасын жасамас бұрын, елордадағы бірқатар кітапханалардан ұлттық ойындар туралы еңбектер мен энциклопедияларды ақтарып, олардан тың ақпарат іздестіріп, жүйелі зерттеу жұмысын жүргізсе керек.

Құрамына «Бес тас», «Құмар», «Ағаш үй» бестемшесі, «Тұмар» бестемшесі, «Тоғыз­құмалақ» секілді бес ұлттық ойын кірген «Талапай» жобасы шынымен кез келгенді таңғалдырмай қоймайды. Сөмке тәрізді ағаштан жасалған, қазақы оюмен қашалған қорапқа қызықпау мүмкін емес. Ойын жас ерекшелігін талғамайды. Үлкенге де, кішіге де арналған. Десе де, бұл ойындар төрт жастан асқан балаларға ұсынылады.

«Құмар» – ұмыт қалған ойын. Асықпен ойналады. Көбі атауын естігенде таңғалады. «Бес­темше» – тоғызқұмалақтың қарапайым түрі. Ойнауға 10-15 минут уақыт жеткілікті. Оны екі түрлі нұсқада шығардым. Екінші формасын балаларға да, ересектерге де арнап өзім ойластырдым. «Бестемше» негізінен, киіз үй пішінді, десе де оны күрделендіру мақсатында жаңа бір түрін шығарып, оны «Тұмар» деп атадым. Ойынның ережелері – үш тілде. Бренд атауына сай болсын деген мақсатта әрбір ойынның сыртында сөмкесі бар. Ықшамдалып жасалған ойындар кез келген жерге алып жүруге ыңғайлы. Әр ойын икемділік пен шапшаңдық секілді қасиеттерді талап етеді. Әсіресе мұны ойнаған баланың зейіні ашылып, логикалық ойлау қабілеті жетіледі. Ұлттық ойындар баланың ұлтына деген махаббатын арттыруға және тарихын тануға жетелейді. Ойынмен танысу барысында әр бала оның не себепті ағаштан жасалғанын, не үшін асықтармен ойналатынын және басқа да сұрақтарды қойып, қызыға түседі. Ал балалар өз ойынымызды ойнап, қызығушылық танытса, сол арқылы тарихымыз бен мәдениетімізді жақсы көрсе, қандай керемет?! «Талапаймен» танысқан балалар «тағы бір рет ойнайықшы» деп жиі сұрайды. Мен үшін бұл үміттің, еңбектің ақталғаны» деді өз сөзінде жоба авторы.

«Талапай» сөзінің түбірі «тала» дегеннен шығады. Этимологиялық сөздікте «талапай» белгілі бір нәрсені бөліске салу деген мағынаны білдіреді. Атауын ойларда Айнұр «Талапай-ау, талапай, табылды ойын алақай» деп «Хан талапай» ойыны барысында айтылатын өлең жолын негізге алды. Яғни «жоғымыз түгенделіп, халық содан керегін таласып алса» деген ниетпен ойындар жинағын «Талапай» атады.

Өзі суретін салып, дизайнын ойластырған Айнұр Полатова әу баста стартап жобасын несие алып бастады. «Талапайды» дамыту үшін қаржылық тұрғыда қиындықтар болғанын айтады. Көңілге медеу болған жайттар да болды. Соның бірі – Еуразия ұлттық университетінің бизнес-инкубаторындағы байқау. Студент аталмыш байқауға қатысып, 2-орын иеленіп, 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық ұтып алды. Бұл байқау жасампаз білім алушылардың жобаларын қолдауға бағытталды. Кейін «Талапай» үшін тағы бір мүмкіндік туды.

«Күн сайын түрлі мемлекеттік органдарға, дүкен желілеріне, тұлғаларға хат жазатынмын. Әрине, бастапқыда ешкім көңіл бөліп қарамады.

Сонда Dior, Louis Vuitton, Prada сынды шетелдік компанияларға да хат жібере бастадым. Әсіресе, Louis Vuitton былтыр Швейцарияда киіз үй формасында дүкен ашқан еді, сөйтіп «менің ұлттық ойыным киіз үйге ұқсайды, неге екеуін байланыстырып, сөмке жасамасқа?» деп хат жолдадым. Екі аптадан соң жауап келді. «Иә, бізге сіздің ұсыныңыз қызық, бірге жұмыс істеп көрейік» деп жазылған. Бірақ мен сенбедім, бәріне жаппай жіберетін формалды хат болып көрінді. Кейін шақырту рас болып шықты, жақында Louis Vuitton компаниясына баруды жоспарлап отырмын. Киіз үй түріндегі сөмке жасау, келісімшарт сынды мәселелердің барлығы сол кездесуде шешіледі» деді А.Полатова.

Бірқатар отандастарымыздың бағы елден гөрі, шетелде ашылады. Талапты қыздың да тілегі сол, ұлттық ойынды әлемге таныту. «Талапайды» сатып алуға өтініштер айтқандай, тек қазақстандықтардан ғана емес, Түркия, АҚШ, Нидерланды, Үндістаннан да келіп түсті. Бүгінде Айнұр Германияның Франкфурт қаласындағы Гёте атындағы университетте академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алуда. Мұндағы мақсаты – тек білім алып қанай қоймай, жобаны одан әрі дамыту.

«Креативті индустрия Германия­да жақсы дамыған. Бұл жөнінде мемлекет әлем бойынша 3-орында. Сондықтан жобаны ілгерілету мақсатында түрлі креативті хабтарға хат жолдадым. Сондай-ақ Берлиндегі Қазақ ассоциациясы жобаны көпшілікке таныстыруға шақырды. Өзімнің университетім тарапынан да студенттерге дәріс өткізіп, кездесуге шақырту алдым. Бұған дейін мектептерге де шақырған еді. Әрине, мұндай кездесулерге мен қуана барамын. Германиядан кейін, Еуропаны аралағым келеді. Жай аралап қоймай, жүрген жерімде ұлттық ойындарды насихаттауды көздеп отырмын» дейді ол.

Айнұрдың айтуынша, әзірше әлеуметтік желілерде танылып, сатылып жатқан ойындардың болашағына, оларды дамытуға қатысты жұмыстар көп. Оның ұлттық ойындардың мобильді қосымшасын жасау, мектептерде үйірме ретінде оқушыларға үйрету секілді бірқатар ұсыныстары бар. Ұмытылып бара жатқан басқа ойындарды жаңғыртып, түрлі чемпонат ұйымдастыруды да жоспарлап отыр.

«Расында, бұл – өте маңызды жоба. Бұған жүрдім-бардым қарауға болмайды. Себебі мұның бәрі – халық ойыны. Ұлттық ойындарды қайта жаңғырту жағынан үлесім бар шығар. Бірақ ұмыт бола бастаған құндылықты халық назарына шығаруды көздеген менде көпшіліктің көңілінен шықса екен деген ниет басым болғандықтан, әзірлеп жатқан дүниемнің сапалы болғанын қаладым. Десе де, бұл жобаны кәсіп ретінде көрмеймін. Себебі одан аз-маз ақша түседі де, кейін ол қаражат жобаға қайта құйылады. Сондықтан «Талапай» жобасы – мен үшін құндылық, мұра» деп сөзін қорытындылады ол.

Шыдамдылық, ептілік, ұшқыр­лықты дамытатын студент жобасы ұлттық ойындарымызға жаңа тыныс беретіні сөзсіз. Әсіресе, жас буынның қызығушылығынан «Талапайдың» болашағы зор болмақ. Балалардың да ой-өрісі жетілдіретін ұлттық ойындар бүгінгі күні аса қажет. Ойнай білмеген бала ойлай да білмейді. Көгілдір экранға телміргеннен не далада доп қуғаннан гөрі, қызық та, танымдық ақпарат та – «Талапайда».

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button