Айтпайын-ақ деп едім!Басты ақпарат

«Жиеннен» жеру жөн білгендік пе?

Соңғы жылдары жиі аңғарылатын жөнсіз үрдістің бірі – үлкен буынның, жасамыс аға-апалардың «жиен» деген сөзден жаппай жеріне бастауы. Олар жиенін «немере» деп атағанды айрықша артықшылық көретін тәрізді. Тіпті ел танитын, жастарға жөн көрсетеді-ау деген сыйлы-беделді кісілердің өзінен соны байқаймыз.

«Жиен» деген сөз бейне айтуға ауыз бармайтын ұятты атау сияқты өз-өзінен бүгежектеп, ең жоқ дегенде міндетті түрде «жиен немере» деген ойдан шығарылған жасанды атаумен қосақтап айту әдет болып барады. Біздің ойымызша, бұл дағды дəстүрлі ұлттық танымнан тамыр үзе бастаудан келіп шыққан болса керек. Өйткені «внуктың» қазақта «немеремен» қатар «жиен» деп те аударылатынын кейбір біліксіздер ескере бермейді ғой. Сондай-ақ соңғы ширек ғасырда ажырасудың, оң жақта отырып «олжабайлы» болған жалғызбасты аналардың» көбеюі де бұған əсерін тигізгені анық. Соларға жəне негізінен өз кіндігінен өрген ұлы жоқ, ішкі қорсыну-комплексі бар кейбір кісілердің көңіліне «жиенді» жақауратып «жиен немере» деп «жаңа» сөзбен немесе тіпті мүлде бұрмалап «немере» деу жағыңқырағандықтан белең алып кеткен тәрізді. Кейін үлкен-кішінің бәріне «жұқты».

Әрине, ата-ана ұлы болмағанына жазықты емес. «Ал сонда қызынан туған, ол да Құдай берген ұрпағына «жиенім» деп еміренген бұрынғылар жазықты ма?» деген орынды сауал туады. Әлде олардан біздің бірдеңеміз артық па? Жоқ, әлбетте. Ендеше, әр нәрсені өз атымен атау керек қой, қазақы ұғымда жиен бөлек те, немере бөлек емес пе?!

Құдайға шүкір, қазақ тілі өзге халықтардағыдай туыстық атауға кедей емес, барлық туыстық жіктің жеке-дара өз атауы бар. Бір ғана «брат» деген сөздің алды-артына түсініктеме беруге мәжбүр немесе келін мен қалыңдықты «невеста» деген бір ғана сөзбен атайтын орыс тілінен гөрі, қазақ тілі туыстық атауға бай. Ғылыми тілмен айтсақ, олардың функционалдық қызметі де соншалықты нақты айқындалған, жетілген.

Халқымыздың ежелден бауырмал, туысшыл, қаншыл болмысы мен мал шаруа­шылығын кәсіп еткендігінен қазақта туыстық атаулар мен малға қатысты атаулардың, анатомияның, тағы басқа біраз сала атауларының айрықша молдығы және мейлінше жетілгендігі белгілі. «Аңғалдық-ай, аңғалдық, үстінде отырып алтынның, басқаның күмісіне таңғалдық» деп Есенғали ақын айтпақшы, қыз бен ұлдан тарайтын ұрпақтың аражігін ап-анық ажыратып тұрған «жиен» мен «немерені» жалғыз сөзбен «внук» («внучка») деп таңбалайтын туыстық атауға кедей, жат тілдің «қаңсығын таңсық қылуға» бізді сонда не зор айдады?

Біздіңше, бұл қазақ қоғамының ең бір қаймағы бұзылмаған арнасы саналатын салт-дәстүр институтына да «орысшылдық» дертінің салқыны жіңішкелеп өте бастағанын көрсетеді. Әйтпесе, мұрагер ретінде ұлдың орнын бөлекше бағалап, өз басынан ұрпағының жалғас­тығын артығырақ көретін арлы қазақ «асыраушым, жанашырым болады» деп қыз балаға қаттырақ қуанатын жат жұрттың, өзге ділдің ықпалына бой ұрар ма еді?!

Мұның артында қазақ үшін маңызы зор демографияның біраз түйткілді мәселесінің де құлағы қылтияды. Ол – өзінше бөлек әңгіме. Қалай болғанда да, нендей желеу айтса да, біз қазақтың қазіргі үлкендерінің жиенін жаппай «немере» деп бұрмалауын құптамас едік. «Қыздан туған немерем», «мен қыздан туған шөбересімін» деп сөйлейтін қазақтар көбейді. О, тоба, сондағы айтып отырған алдыңғысы – жиен, кейінгісі – жиеншар. Қыздан туған соң-ақ ол немере, шөбере болмайды, жиен немесе жиеншар болады!

Ау, ағайын, «жиен» деген сөз қорлық сөз емес қой? Әлде сіз басқаша ойлайсыз ба?

Батырболат АЙТБОЛАТҰЛЫ,

Журналист

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button