Басты ақпаратМәдениет

Асқақ өнердің салтанаты

Жуырда ғана «Астана Балет» театрында елордамыздың мерей­тойына орай елорда мәдени өмірінің тынысын ашатын Astana Ballet Gala концерті көрсетілді. Театрдың 10 жылдық тарихында сахналанған үз­дік қойылымдардың үзінділерінен құ­рал­ған бағдарлама көп­шілікті ерекше таңқалдырды.

– Біздің театрымыз – Қазақстан өнерінің дамуына үлесін қосып жүрген дарынды әртістердің, хореографтардың, ұстаздардың өнерімен елге қыз­мет ететін киелі ордасы. Басты мақсат – көпшіліктің көңілінен шығатын бағдарламаны көрсету. Мұнда, әсіресе, балет өнеріне, классикалық керемет музыкаға құштарлығыңыз артып, әртістеріміздің талантына шын куә бола аласыз. Біз театрға келген өнерсүйер қауымның көңілінен шығу үшін әр детальға мұқият көңіл аударамыз, – дейді театр директоры Александр Совостьянов.

Мерекелік кеш бағдарламасы аясында «Астана Балет» театрының үздік қойы­лымдарынан, атап айтқанда, «Корсар», «Спартак», «Кармен-сюита», «Махаббат туралы аңыз» және тағы басқа айтулы классикалық және неоклассикалық спектакльдерінен, бразилиялық хореограф Рикардо Амарантенің «Diversity», «Love Fear Loss», «A Fuego Lento» туындыларынан, авторлық және ұлттық балеттерден үзінділер көріп, сонымен қатар, «Шығыс рапсодиясы» және «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасына енген хореографиялық миниатюраларды тамашаладық. Бұған қоса, маэстро Арман Оразғалиевтың жетекшілігіндегі театрдың симфониялық оркестрінің орындауындағы тамаша композицияларды тыңдадық.

– Театрымыздың тарихы – соңғы он жылдағы отандық хореография өнерінің даму жылнамасы. Мерейтойлық Astana Ballet Gala бағдарламасы театрымыз үшін маңызы зор бағдарлама. Себебі бұл – біздің шығармашылығымыз­дың жарқын үлгісі. Осы он жыл ішінде сахналанған үздік туындыларымыздан үзінділер көрсетіп, көрерменге ұмытылмас көңіл-күй сыйлағымыз келді» деді хореограф Айгүл Тәти.

– Бұл бағдарлама – он жылдық тәжірибеміздің, барша әртістер, хореографтар, ұстаздар, театр қызметкерлерінің ерен еңбегі мен талантының көрінісі. Осы Gala бағдарламасы арқылы театрымыздың рухани мұрасын көз алдыңызға әкеліп, алған асуымыз бен жеткен жетістіктеріміздің үлгісін айқын көрсеткендей болдық. Осы бағдарламаны дайындау барысында бар шеберлігімізді паш етіп, баға жетпес уақытымызды қажыр-қайратымыз бен күш-қуатымызды танытуға жұмсадық» дейді театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button