Басты ақпаратРуханият

Тана мырза мен Құнанбай неге құда болмады?

Тана мырза Тілемісұлы – (1803-1868) қаракерей елінің ішінде руы Жанайдан шыққан ел ағасы, болыс басқарушы және мырзалығымен есімі ел есінде сақталып қалған тарихи тұлға.

Тананың әкесі – Тілеміс өз заманында беделді шешен, би болған. Малға бай болғанымен, баласы жоқ адам екен. Жасы егделеніп қалған шағында бір қорқынышты түс көріпті. Түсінде батыстан қазандай қара бұлт шығып, ақыры аспан әлемін түгелдей бүркеп, күн көзін көлегейлеп, қалың нөсер жаңбыр жауып, күн күркіреп, найзағай ойнап, Тілемістің шаңырағына жай түсіп, қазанын қақ бөліп, табалдырығынан шығып кетеді.

Ол кезде түсті кез келген адамға айтпайтын заман. Ел ішінен аузы дуалы ел ағасын қос ат жіберіп, күншілік жерден шақыртыпты. Келген адам аузы дуалы, шарапаты мол адам екен. Ол кісі келгеннен кейін Тілеміс оңашалап отырып, көрген қорқынышты түсін айтады. Сонда ел ағасы Тілемістен үлкен болса керек, келінді шақыршы, түсіңді содан кейін жориын депті. Келін есіктен сәлем бере кіріп, басын игеннен кейін ел ағасы: «Бара ғой, қарағым» деп қайтарып жіберіп, түсті жорыпты. «Келін екіқабат екен, ұл табады» депті. Шаңырағыңа түскен жай – бұл ұлың найзағайдың отындай жалынды болады екен, қазанды қақ бөліп, табалдырығыңды жарып шығып кеткені халқының ырысы, қара қылды қақ жарған әділ болады екен, ұлдың атын Тана қой, елден асқан дана болады» депті.

Айтқанындай Тілеміс би баласының атын Тана қойып, Тана 16 жасқа келгенде ел билігіне араласыпты. Ол тұс Қазақ жерінде хандық билік жойылып, аға сұлтандар мен болыстар билейтін заман екен. Жанболат деген бір атадан тараған – Шойтабан, Жарылғап, Сары, Қарабай, Қожет, Ырсақ, Жанай және Тоқабай деген сегіз ұлының ұрпағы Нарын деген болысқа қараған.

Тананың үрім-бұтақ тарихнамасы туралы 1901 жылы Семей қаласында орыс тілінде басылып шыққан «Памятная книжка Семипалатинской области» деген жинақ кітапшасында В.Майевский: Назар-Мұрын болысының ауыл ағасы, шежіреші Сүлеймен Сақауовтың айтуы бойынша 1874 жылы съезге және асқа жиналған қазақтардың арасындағы белгілі шежірешіл адамдарға көрсетіп, толықтырғанын баяндаған. ­В.Маевскийдің ескертпесінде Тана, оның баласы Омар және Омардың туған Тілеуберді (Тілебалды) жөнінде деректер келтірген.

ЕЛ БАСҚАРҒАН КЕЗЕҢІ

1838 жылғы Аягөз округіне қатысты архив дерегінде: Тілеміс Базаров Бәйжігіт, Мұрын елінің старшыны. Әрі би. 1780 жылы туған. Оның баласы Тана (мырза атанған) Тілемісов 1803 жылы туған. Мұрын-Назар руларын басқарады. Әскери шені – поручик. Сіңірген қызметі үшін қасиетті Анна лентасына алтын медаль тағылып берілген. Елге абыройлы, жомарт, әрі батыл адам деп сипатталған.

Тана мырза 39 жасында болыс сайланған. Бірақ, болыстық беделінен азаматтық ұстанымы, парасатты тұлғасы көбірек танылып, ел ішінде төре тұқымы болмаса да елге жақсы таныла бастаған. Оған А.Влангали, Г.Потанин, В.Майевскийдің жазбалары дәлел. Тіпті өзіне қарсы әрекетте жүрген Тана мырзаны орыс үкіметі ерекше бағалаған тәрізді. 1842 жылы берілген мінездемеде: «Тана Тілемисов, 39 лет, умен, стоек и шедр» деп жазды. Бұл формулярда оның саяси жағынан сенімсіз адам екені айтылмайды. Тек, әкесімен бірге көшіп жүретіні, болыс болып сайланғаны ғана көрсетілген. Қазақ арасындағы жер дауы, жесір дауы, мал дауы тәрізді мәселелерді шешуге үнемі Тана мырза қатысып, өзінің тура билігімен көзге түсіп отырған екен.

1846 жылы патшалық Ресей империясының құпия экспедициясы ұйымдастырылып Ұлы жүз жеріне әкімшілік қызметкерлері, әскерилері және Тана Тілемісов  барған. Онда жер дауы шешілген. Осы сапардан кейін 1847 жылы «Тана Тілемісов. Саяси сенімсіз» деген мінездеме берілген. Бұл арада өзге ұлт өкілдері Тана мырзаның қазақ халқына жан­ашырлығы мен ұлтжандылығын байқаған сияқты.

Қытай мен Ресейге танымал білікті билердің бірі – Тана мырза Тілемісұлы 1858 жылы Лепсі аймағының Шұбарағаш жерінде өткен орыс-қытай шекарасын бөлу жөніндегі комиссияның мүшесі болып, шекара бөлісу туралы маңызды құжатқа қол қоюшылардың бірі болғаны тарихтан белгілі мәлімет.

Жалпы шекара сызығын белгілеу науқаны елдің жанын пышақпен кескендей әсерлі, әрі ауыр кезең болғаны анық. Аталған комиссияның жұмысы барысында, белгілі Әріп Тәңірбергенов тілмаш ретінде қызмет атқарған. Бұл жағдай ХІХ ғасырда қазақ жеріндегі шекара сызықтарын айқындаумен байланысты жүрген оқиға болатын.

МЕКТЕПТЕР МЕН МЕШІТТЕР САЛДЫРУЫ

Қазақ даласына патшалық Ресей империясының әкімшілік басқару жүйесі енген қиын заманда елді жат ағымдардан қорғап, сауатын аштыру және халықтың діни ахуалын жақсартуды ертерек ойлаған білікті тұлға – Танамырза Тілемісұлы болды.

М.Мұхамадиұлы: «Тана мырзаның дін саласындағы және ағартушылық қызметі» тақырыбында жазған мақаласында: «Тана мырза салдырған үш мешіттен басқа, халық аузында бізге жеткен саны 7. Көкпекті, Кеңтүбек, Қаражар, Ақмектеп, Ақсуат, Көкжайдақ, Құйған оның ішінде, Кеңтүбек мешіті 1848 жылы салынып, қасындағы медреселерге келушілер көбейіп, мұсылманша оқығандар орыс тілін біліп, текке желінбеу жолына түсті. Тана халқының қамқоры, ел басқарушы адам болды. Одан басқа 1850 жылы Семей облысы көлемінде жұқпалы аурулар асқынып, ел өлім құшқанда Көкпектіде дәрігерлік училищені ашуды талап етіп, жоғарыға хат жолдаған» деп тарихи мәліметтер келтірген.

Тана мырза ендігі жерде елде орыс тілінің де тиер пайдасы бар екенін ескеріп, оны да бір бөлім сабақ ретінде жүргізуге нұсқау берді. Бұл бағытта Тананың сенімді көмекшілері өзінің інілері, етене жақындары Ғалим мен Дәуіт молла болды. Екеуі Семей қаласынан бірталай ноғай отбасыларын көшіріп әкелді. Олардың арасында дін қариялары, білімді ұстаздар, орыс тіліне жүйрік аудармашылар, жер телімінің бабын білетін бағбандар, саудагерлер бар еді.

Осындай шырғалаң кезеңде Тана мырза 1848 жылдан бастап алғашқы болып Тарбағатай мен Көкпекті өңірінде мешіттер тұрғыз­а бастаған. Тана мырзаның осы бастамасынан кейін ел ішінде мешіт, медреселер көптеп ашыла бастайды. Тана мырза діни білімге ертерек сусындаған татар азаматтарын мешіттер мен медреселерге имам, ұстаз ретінде дәріс беруге шақыру мақсатында, оларды Семей шаһарынан көшіріп, маңына қоныстандырған. Олар, атап айтқанда, Ғабидолла, Дәуіт сияқты білімді ұстаздар болған.

Тана мырза шын мәнінде білім мен рухани жан азығын іздеп шөліркеген, тұтас бір өңірге өз қаражатымен алғаш рет мешіт, медре­се салдырып, қолына білімдар молла, діндар ишандар ұстаған, мектеп ашқан игі ниеті нағыз мәрт және мырза адам болған.

Ел басқарған тарихи тұлға Тана мырза Көкпекті ауданының ортасындағы және сол ауданға қарасты «Үлгілі малшы» ауылының Ертіс өзені жағасына жақын жатқан елді мекенде «Тана мешітінің» орны күні бүгінге дейін сайрап жатыр. Тарбағатай ауданындағы «Ақмектеп» деген атпен Тарбағатай мен Қалба тау­ларының баурайында Танадан бұрын мешіт салдырып, мектеп ашқан бір қазақ болмағаны тарихтан белгілі.

1860-1863 жылғы Көкпекті округінің сайлауында Тана мыр­заны қазақ бұқарасы қолдай тұра, аға сұлтандық лауазым дуан кеңесінде бұрынғы Саржомарт болыстығының басқарушысы, тілмаш Әлхан Тілеубердинге бұйырыпты. Соған қатты назаланған Тана мырза үйіне келіп қайғырып жатып қалған. Содан бәйбішесі Бостан ерінің қайғысын серпілту үшін әкесіне барып Ертіске құятын үш өзеннің тоғысқан жеріндегі түбекті сұрап алып, сол түбекке 1863 жылы Тана мырза мешіт салған, сөйтіп ол жер «Тана мешіті» ауылы атанған, – деп жазған Қалихан Алтынбаев.

ЭКСПЕДИЦИЯЛАРДЫ ҚАРСЫ АЛУЫ

Тана мырза өмір сүрген XIX ғасырда оны өз көздерімен көрген 2 экспедиция мүшелері болды. Оның біріншісі, 1849 жылы келген А.Влангали бастаған ғылыми-зерттеу экспедициясы алтын және тағы басқа пайдалы қазба байлықтарды іздеп келген; екінші, Карл Струве мен Григорий Потанин бастап келген экспедиция. Оның біріншісін Тана мырза күтіп қонақ қылған және жол бастайтын адамдар қосып берген. Бұл Тана Тілемісұлының Назар-Мұрын болысының басқарушысы қызметінде жүрген кезеңі еді. Ал екінші экспедиция К.Струве мен Г.Потанин 1863-1864 жылдары келген уақытта Тана мырза Көкпекті дуандығына Аға сұлтандыққа өтпей қалып, қызметті қойған, біржола елге қамқорлық жасаудың игі істерін елдегі білікті адам ретінда жалғастырған және қолы бостау кезінде келген.

1849 жылы 24 тамыз – 3 қыр­күйек аралығында Александр Влангали экспедициясы Көкпекті жеріндегі Бөкен өзені жағасына келіп тоқтаған. Осы жерде олар Мұрын-Назар болысының болысы Тана Тілемісовпен танысып, бірнеше күн аялдаған.

Осы сапарында А.Влангали күнделігінде Тананың әкесі Базарұлы Тілеміс биді, Тананың әйелі мен қызын көргендігін жазған. Сондай-ақ Тана қызының суретін салуды сұрағаны да баяндалған. Бірнеше күн тоқтап, осында қонақ болған кезде Тана мырзаның келбетін де сипаттап жазған. Оның жазбасына назар аударсақ, Тана орта бойлы, өткір көзді, дөңгелек жүзді, қыр мұрынды, қара шоқша сақалы бар және толықтау келген адам ретінде сипатталған.

Экспедиция мүшелері 1863 жылы 12 маусымда Зайсан көлін артта қалдырып, Сарытауға шыққан. Бұл жер теңіз деңгейінен 2700 метр биіктікте болған. Осы биік жерден олар Күршім және Нарым жоталарын көрген. Бұл тауға экспедиция мүшелері 5 рет көтеріліп шығып зерттеулер жасаған. Табиғаты өте қатал, салқын болғандықтан от жағып жылынып, тоң киіп жүрген. Осы сапарда Қалжыр және Қалғұтты өзендерін бойлап жолда 25 маусым күні Зайсан көліне қайта келіп, одан кейін Көкпектіге жеткенде экспедиция жұмысын аяқталған.

1864 жылы 26 маусымда К.Струве мен Г.Потанин экспедицияны бастап Тарбағатайдың күңгей беті Үржар бекетінен жолға шығып, алдымен оңтүстік жағын, одан кейін солтүстік жоталарына өткен. Осы бағытта ұзақ жол жүріп Қытаймен шекарадағы Хабарасуына жеткен. Одан ары Тана мырзаның жол бастауымен Шәуешек жеріне дейін барып қайтқан. Бұл шетелдік зерттеушілер осы сапарда жол бастаушы Тана мырза болғандығын анық жазып кеткен.

ҚАЛАМҚАСҚА СӘЛЕМ АЙТҚАН КІМ ЕДІ?..

Құнанбайдың үлкен әйелі – Күңке (Қаракерей ішінде Тоқабай Ағанас батырдың қызы). Бұдан туған баласы Құдайберді. Екінші әйелі – Ұлжан, ол Құнанбайдың інісі Құттымбетке айттырылған қалыңдық екен. Інісі өлген соң келінін алған. Бұдан туған балалары: Тәңірберді, Ибраһим (Абай), Ысқақ, Оспан. Үшінші әйелі – Айғыз. Одан Халиолла, Ысмағұл деген балалары болған. Төртінші әйелі – Нұрғаным. Бұдан бала болмаған.

Міне, осы Құнанбайұлы Ысқақ Тана мырзаның немере інісі Жәмпейіс батырдың Текті есімді қызына үйленген. Одан атақты Кәкітай (Ғабдүлхакім) Ысқақұлы Құнанбаев (1869-1915) туылған. Осы Кәкітай өсе келе оқыған, дарынды адам ретінде қалыптасып, Абайдың бауырына басқан баласы, шәкірті болған және кейін Абай шығармаларын 1905 жылдан Әлихан Бөкейхановпен кеңескен соң жинақтап, ең алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербург баспасынан шығарған Кәкітай Ысқақұлы мен Тұрағұл Абайұлдары болды.

1851 жылы шілде айында Үш жүзге сауын айтқан Құнанбай әкесі Өскенбайға ас береді. Бұл ас Абыралы жерінде Көкшетауда Арғын ішінде Қамбарлар отырған «Көкжайдақ» деген жайлауда өткен. Осы Өскенбайдың асында 300-ден астам қазақ үй тігілген ұлан-ғайыр ас үш күнге созылған. Атасының асына 6 жастағы Абай да қатысқан. Сол асты Құнанбайдың өзі Тана мырза, Алшынбай, Тәттімбет, Жанақ ақынға басқартады. Бұл Тана мырзаның ел ішіндегі биік абыройын байқатса керек. Тана мырза өзінен бұрынғы би-шешендердің тапқырлығын, әдет-ғұрыпқа негізделген салтты, билік айтуда, дау шешуде даналықтың бәрін меңгерген кемеңгерлікті жалғастырушы адам болған.

Қазақ елінің тарихында Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» өлеңі мен әнін білмейтіндер бірен-саран. Бұл ойын-тойларда махаббат жырына айналған. Осы ән мен өлең Қаламқас есімді қызға арналғаны даусыз. Осындағы Қаламқастың кім екені, қай елдің адамы екені «Абай жолы» эпопеясында да айтылмайды. Сонда Қаламқас кім?

Жалпақ жатқан найман елінде Абай мен Қаламқас туралы аңыз ертеден келе жатыр. Бұрынғы білетін қариялардың айтуынша, Қаламқас – Тана мырзаның інісі Жәнібектің қызы. Тана мырза бауырына салып өсірген. Тана мырза Көкпекті дуанына Аға сұлтандыққа өтпей қалған кезде, оның орнына бұрынғы Саржомарт болысы, тілмәш Әлхан Тілеубердин сайланған. Одан кейін Ертіске құятын үш өзеннің түйісіне Тана мырза 1863 жылы мешіт салыпты. Сол мешіттің салынып бітуіне Құнанбай құтты болсын айтып, әрі Тананың көңілін жұбата келген екен. Он сегіз жастағы Абай әкесімен бірге ере келген. Келе жартылай қала үлгісімен киінген киінген әрі сұлу, әрі инабатты Тұржанға (жеңгелері «Қаламқас» атандырған) Абайдың көңілі құлайды. Инабатты, өңді қыз Құнекеңе де ұнапты. Тіпті құда түсуге ниеті ауған екен. Екі жас та бір-біріне «кет әрі» емес. Бірақ Тұржан бұрынырақ бір елдің азаматына атастырылыпты. Ол да бір аталықты жер. Тана мырза осыны ескерткенде, Құнанбай ойланып қалған. Оған да қарамай бір есебін табар ма еді, қайтер еді, егер сол мезетте ақ орданың маңынан ашулы мінезді біреудің ащы айқайы мен дөкір сөздері естілмесе. Әлгі ашулы адам бір көзіне ақ шорланған түйені бақыртып ұрып жатыр. Ара-тұра:

– «Көзіңді… қу соқыр» деп боқтап жібереді.

Мұны естіген Құнанбай қатты ашуланып, әлгі оңбағанға ат-шапан айып кестіреді. Қоналқаға қарамай аттанып кетеді. Жігітке айып кесіп, жік-жапар болған Танаға аттанарда Құнанбайдың айтқаны:

– Істеп отырған өзіңсің, – деп аттанып кеткен екен.

Содан бері «Түйені соқыр десе, Құнанбайға тиеді» деген мәтел қалыпты. Екі жастың болашақ махаббатына осы болмашы көрініс бөгет жасапты. Алыстан бір-біріне бірер хат жолдасып, келген-кеткен кісіден сәлем айтысумен тынған. Қатынасуға жер шалғай. Мұнан кейін Қаламқас өзі дүниеге келген өңірде Тоқтардың інісі Быжы есімді азаматқа тұрмысқа шыққан, – деп жазған Қалихан Алтынбаев.

БАТЫЛДЫҒЫ МЕН ДАНАЛЫҒЫ

Ауылынан ақын мен балуан, белдеуінен бәйге ат кетпеген. Аягөзде өткізілген Орта жүз қазақтарының үлкен жиынында Тана мырзаның аты көбіне екінші келгені айтылады. Тананың осы «шағыр» тұлпары басқа жиындарда да бәйгенің алдын бермейді. Мырза сондай-ақ Матай руынан шыққан Кешімбай ақынды қолына ұстаған.

Ол бір жылы нөкерлерін ертіп Өскеменге сапар шегеді. Жолшыбай бұлар Қалба тауының ішінде үлкен аюға кездескен. Түз тағысы өкіре ұмтылғанда, қасындағылар (ішінде атақты Ақан палуан бар) тым-тырақай қашады. Жалғыз қалған Тана қашпайды. Мойнынан пілтелі мылтығын алып басып қалады. Аю сеспей қатыпты. Біртіндеп жинала бастаған серіктерінің басқасына назар аударған Тана жоқ, тек Ақан балуанды сөзбен сөгіп, жерден алып, жерге салыпты. Осы жерде аюды алып соғатын күшің бар еді ғой, өлсең менен жаның ардақты ма еді деп қатты ашуланыпты. Көңілінің қалғаны соншалық, Ақанға тиесілі ақысын беріп, еліне қайтарыпты.

Тағы бір батылдығына назар аудара қарасақ, ХІХ ғасырда Қытай мен Ресей мемлекеттерінің арасында шекара сызығы тартылған. Осы науқанның құрметіне Өскемен ұлықтары әскери ойын ұйымдастырған. Атпен шауып келе жатып, қылышпен тал кесу, нысанаға мылтық ату, сынынан Тана мүдірмей өткен. Мұнан кейін ойынды басқарушы жоғары шенді офицер Танаға ат үстінде найзамен түйенің құмалағын шабуды бұйырады. Тана «мынау мені мазақтап тұр ма» деп ойласа керек, «Атаңа нәлет, мен құмалақты емес, сені шаншамын» деп, найзасын кезеп, офицердің өзіне ұмтылыпты. Офицер ойбайлап қашып, киіз үйге кіріп кеткен. Ол заманда бір орыстан жүз қазақ қорқатын заман екенін ескерсек, бұл Тананың анық жүректі адам болғанын байқатады.

Қорытындылай айтқанда, ХІХ ғасырда Қазақ елінде өмір сүріп, есімі қазақ халқына кеңінен танымал болған Тана мырза Тілемісұлы саналы ғұмырында халыққа қалтықсыз қызмет жасап, болыс басқарушысы, би, старшын және мырза атанған тарихи тұлға болды. Тана Тілемісов 1868 жылы өзі дүниеге келген өңірде (қазіргі Абай облысы, Ақсуат ауданы, Сұлутал ауылының маңында) қайтыс болып, сонда жерленген. Оның ел мүддесін қорғап сөйлеуі, отаршылдыққа қарсы шығып, салт-дәстүрді насихаттауы, оқу-ағарту мәселесін көтеріп мешіттер, мектептер салдыруы және қазақ арасында түрлі дауларды шешуде әділ қазылық жасап, билік шешімін айтуы нағыз елдің жанашыры болғандығын байқатады. Осы аталған атқарған істерінің барлығы Тана мырза Тілемісұлының батылдығы мен даналығы деп айтуға толық негіз болады. Сондықтан, қазақ халқы осындай халқына қалтқсыз қызмет жасап, жанашыр болған тұлғаларын ұмытпай, оларды жас ұрпақ пен халықтың есіне салып отыруы керек.

Қанат ЕҢСЕНОВ,

 Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері,  тарих ғылымдарының кандидаты

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button