Басты ақпаратҚоғам

Түркияны алғаш таныған – Алаш

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Түрік республикасының 100 жылдық белесінен – түркі әлемінің болашағына» атты халықаралық конференция өтті. Халықаралық түркі академиясы ұйымдастырып отырған, белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен дипломатиялық корпус өкілдері қатысатын осы жиынға орай, қазақ елі мен бауырлас түрік жұрты арасындағы байырғы байланыстың бір көрінісін айғақтайтын төмендегі мақаланы ұсынып отырмыз.

Әлбетте, жаңа заман тарихы аясындағы қазақ-түрік байланыстарын сөз еткенде, ең алдымен Мағжанның 1919 жылы жазылып, 1923 жылы жарық көрген жинағына енген «Алыс­тағы бауырыма» атты өлеңі ойға оралады. Бұл – бірінші жаһандық соғыстан қалжырап шығып, елдігіне қауіп төнген түрік ағайынға Алаш ақынының жан ұшыра жолдаған сәлемі еді. Поэзия тілімен өрілген мұндай тілеуқорлықтың ар жағында көзі ашық, көкірегі ояу қазақ зиялыларының саяси-қоғамдық көзқарасы атойлап тұрғаны аян. Мағжанның әлгі кітабы Түркістан республикасының беделді басшыларының бірі Сұлтанбек Қожанұлының алғысөзімен басылғаны өз алдына, осы қарымды қайраткер негізін  қалап, саяси  ұстазы – Міржақып Дулатұлы «бас жазушысы» атанған «Ақ жол» газетінің бетінде Түркия тақырыбының тұрақты түрде қамтылып отырғаны жайдан-жай емес. «Ақ жолдың» төңірегіне топтасып, ұдайы қалам тербеген Нәзір Төреқұлұлы, Халел Досмұхамедұлы, Хайретдин Болғанбайұлы, Ғазымбек Бірімжанұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Иса Тоқтыбайұлы, т.б. арда туған азаматтардың ішкі ахуалмен қоса, сыртқы саясатқа да құлағы түрік болғаны сөзсіз.

Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін әлемде бірінші болып мойындаған Түркия деп айтамыз. Туысқан халықтың өзімізге деген ыстық ықыласын әрдайым сезініп келеміз. Ал 1920 жылдың 7 желтоқсанынан бастап Ташкент қаласында жарық көрген «Ақ жол» газетінің жарияланымдарына көз салсақ, сол уақытта тарихи жолайрықта тұрған Түркияның тағдыр-талайына Алаш ардақтылары бей-жай қарамағандығын байқаймыз. Оның дәлелі – басылым бетіндегі «Түркия», «Түркияда», «Жуық Күншығыста» айдарларының аясында үздіксіз жарияланған 120-дан астам үлкенді-кішілі ақпараттық материал. Бұған, әлбетте, сол мезетте Түркия мен Кеңестік Ресей арасындағы қарым-қатынастың қайсыбір мәселелер бойынша мүдделестік тұрғысынан түйісіп жатқаны да мүмкіндік берді.

«Ақ жол» газетінің 1923 жылғы 18 қазан күнгі 358-санында «Түркия республика болды» атты мақала басылды. Онда: «Түркия үлкен ұлт мәжілісі (парламенті – А.Ш.) «Түркия республика түрінде басқарылады» деп жариялады. Үлкен Еуропа соғысынан кейін Түркияның жері еуропалықтар тарапынан таланғанды көрген соң халық жабыла қозғалып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, жерін қорып, еуропалықтарды қуып шығып, мемлекеттің тағдырын үлкен ұлт мәжілісі бақылап тұр еді. Мұнан соң Түркияда сұлтандық жоғалып, ескілік жойылып, азат республика болып жасамақшы», – делінген. Бір қызықтысы – бұл мағлұматтың Түркия Республикасы жарияланардан, яғни 29 қазаннан он бір күн бұрын жарыққа шыққаны.

Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін әлемде бірінші болып мойындаған Түркия деп айтамыз. Туысқан халықтың өзімізге деген ыстық ықыласын әрдайым сезініп келеміз. Ал 1920 жылдың 7 желтоқсанынан бастап Ташкент қаласында жарық көрген «Ақ жол» газетінің жарияланымдарына көз салсақ, сол уақытта тарихи жолайрықта тұрған Түркияның тағдыр-талайына Алаш ардақтылары бей-жай қарамағандығын байқаймыз. Оның дәлелі – басылым бетіндегі «Түркия», «Түркияда», «Жуық Күншығыста» айдарларының аясында үздіксіз жарияланған 120-дан астам үлкенді-кішілі ақпараттық материал

Ізінше, газеттің 1923 жылғы 23 қазандағы 360-санында «Түркияның астанасы Анкара болды» деген хабар жарқ ете қалды. Мұнда Анкараның теңізден алыс екендігі, оған үш жақтан темір жол келетіндігі, ал Ыстамбұл шаһарының Түркияның сауда, өнер және шаруашылық орталығы болып қала беретіндігі айтылған. Бұл екі қала жайында «Англия адамдары Ыстамбұлдан қашады» (11.01.2023, №261), «Еуропалықтар Ыстамбұлдан шығып кетті», «Ыстамбұл түріктерге қайтты» (04.10.2023, №352), «Анкара қаласы түзетіледі» (31.08.1924, №477) атты шағын мақалаларда да сөз етілген.

«Ақ жол» газетінен түріктердің ұлт азаттығы жолындағы күресінің көсеміне айналып, сұлтандық пен оккупациялық режимді күйреткен және түбегейлі саяси, әлеуметтік, мәдени реформаларды жүзеге асырған Мұстафа Кемал паша (1934 жылдан бері – Ататүрік) туралы мәліметтерді ұшыратамыз. Бұл деректерде ұлы тұлғаның ел алдындағы еңбегі әр қырынан көрінеді. Мысалы, «Төңкерісшіл Анкара» (04.03.2021, №32), «Кемал паша һәм Ыстамбұл» (10.05.2021, №57), «Түркияда» (21.07.1921, №79), «Түркиямен келісу» (18.12.1921, №120), «Кемал пашаның айтқаны» (06.05.1922, №169), «Кемал әскері ұмтылыс жасайды» (30.07.1922) атты хабарламаларда оның грек-түрік соғысы кезіндегі батыл қимылдары жөнінде баяндалса, «Мұстафа Кемал Пашаның жаңа программасы» (08.03.1924, 413), «Мұстафа Кемал паша жарнама таратқан» (12.03.1925, №548) атты материалдар республиканы орнықтыру кезеңіндегі әскер, егіншілік, қала шаруасы, су және темір жолы, дипломатия, т.б. салалардағы бетбұрысты бастамалары хақында хабардар етеді.

Газеттің 1923 жылғы 8 қыркүйек күнгі 341-санында Мұстафа Кемал пашаның Түркияның ұлт мәжілісінде сөйлеген сөзі ұсынылған. Тарихи мәлімет ретінде маңызы болғандықтан, оның мәтінін толық келтіргенді жөн көрдік:  «Лозанна жиылысы Түркия мемлекетіне аса көп жағдайсыз тиген жоқ. Бұл жиылыс арқасында Түркия хүкіметі шет мемлекеттерге өзінің иенерлік күш-қуатының барлығын ашық көрсетті. Біздің ішкі-сыртқы дұшпандарымыз Лозанна шарттарында Түркияның пайдасына түзілген бірнеше баптарға күйініп, іші удай ашып отыр. Біз бұл ұлы жиылыста өзімізді жалпы дүние жүзіндегі мемлекеттерге көрнекті қылып көрсеттік. Бірнеше жылдан бері өз араларымызда болып, іштен жеп келе жатқан надандық жегісі осы жиылыстың тұсында ашық көрінді. Шапқанда шауып, тоқтағанда есіне түсетін, ескілікті жақтайтын сұлтандарымыз бұл жиылыстың тұсында тәубасына қайтқандай болды. Түркияның ішінде енді бұдан былай ішкі алалықтар бітетін-ақ шығар деп ойлаймыз. Түркия Лозаннада өзін жеңімпаз етіп көрсетті. Түркияны қашан да болса жеңіл тулақ қыламыз дейтін әкімшіл мемлекеттердің менмендігі енді бітті деп есептейміз». Расында, Генуя (Италия) конференциясына (10.04.-19.05.1922) шақырылмай, шетқақпай күй кешкен Түркия оның есесіне мұнан кейінгі Лозанна (Швейцария) конференциясының (20.11.2022-24.07.2023) нәтижесі бойынша орасан табыстарға жетті. Атап айтқанда, Түркия өз жерінің бүтіндігін сақтады, теңіз бұғаздарына қатысты мәселеде ұтысқа шықты, Мосул дау-дамайын кейінге шегерді, т.б. Осылайша, Түркияның үлкен жетістігін «Ақ жол» газеті «Лозанна конференциясы бітті» (31.07.2023, №332), «Лозанна туралы» (08.08.2023), «Түркия Лозанна шарттарын бекітті» (01.09.2023, №338) атты мақалаларда: «Бұл бітімге аса риза болып, қуанышты болған мемлекет – Түркия мемлекеті. Түркия мемлекеті бұл бітімде өзіне тиісті зор сыбағасын алып, көңілі жайлы болып отыр»; «Түркияда қазіргі уақытта жалпы халықтың көңілі көтеріңкі деп айтарлық»; «Түркия хүкіметі Лозаннадағы жалпы ноталық шартын өздеріне өте тиімді етіп істеді», – деген сөйлемдермен берді.

Түркияның бастапқы дипломатиялық қадамдары «Түркия һәм одақтастар» (04.03.1921, №32), «Ресей-Түркия шарты» (19.04.1921, №49), «Германия мен Анкара» (06.03.1922, №149), «Түркия мен Польша арасындағы қатынас» (27.08.1923, №336), «Түркия мен Америка қатынасы» (11.09.1923, №342), т.б. жарияланымдарда көрініс тапқан. Бұлар республиканың қалыптасу кезеңіндегі әлемнің әр аймағында орын алған маңызды үдерістерден құлағдар етуімен құнды. Мәселен, «Англияның талабы» атты мақалада: «Англияның Макдональд үкіметі Түркияға нота жіберіп, Мосулдағы әскеріңді 48 сағат ішінде шығар деп талап қылды. Түркия үкіметі оған қыңқ ете қойған жоқ», – деп жазады (29.10.1924, №498). Сол сәтте 12 миллион халқы, 600 мың әскері бар Түркияның әлеуетті елге айналып келе жатқанын алға тартады. Сондай-ақ, елдегі күрдтер ереуілінің сыр-себебі мен жай-жапсары төңірегінде әңгіме қозғап, оған түрткі «Англияның балтасы», ал «балтаның сабы – елдің ішінде», – дейді (10.03.1925, 547). Түйінді: «Тура тартып алу қолайсыз көрінген соң Англия ежелгі әдісіне салды: түрік, күрд ұлттарының байларын, алпауыттарын сатып алып, түрік үкіметіне қарсы көтеріліс істетіп отыр», – деп тарқатады (06.03.1925, №545).

«Түркияның досы әрі дұшпаны көп» (02.03.1923, №280) деп жазған газет жаңа республиканың ішкі және сыртқы жағдайы туралы нақты ақпарат тарата отырып, бүйрегі қайда бұратынын кейде материалдардың мазмұнынан аңғартып қояды. Мысалы, грек-түрік (немесе басылым бойынша: түрік-ионан) соғысы жайында былай дейді: «Ионандардың жауыздығы», «Түріктердің олжасы», «Ионандар қашып барады», «Ионан әскері құрудың аз-ақ алдында», «Бұл турада Грекия айыпты», т.с.с. Сөйтіп, Түркияға қатысты жайттардың жақсысына сүйінеді, жаманына күйінеді.

1925 жылғы 29 мамырда Сталин Қазақ өлкелік партия комитетінің бюро мүшелеріне «Қазақ баспасөзі туралы» хатын жолдағаны белгілі. Мұнда ол «Ақ жол» газетіне айып таға отырып, «Шоқаевқа көлемді материал берді» дейді және эмиграциядағы ұлт қайраткерінің мақалаларымен рухани «бірлігін» әшкерелейді. Бұдан былай –  көп ұзамай қыз­метін біржолата тоқтатқанға дейін «Ақ жолдың» бет-бағдары түбірімен қайта құрылды. Алаш зиялыларының ықпалы жойылған газет бетінен Түркия тақырыбы да біртіндеп із жоғалтты. Тек сол жылғы 18 шілде күнгі 581-санында «Орынсыз саясат» деген айдармен «Түркия жайынан» атты бір мақала жарияланды. Онда Түркияда коммунистердің қудаланып жатқаны, «байшыл» Кемал үкіметінің «алды-артын ойламағандық» деп бағаланған әрекеті туралы пайым жасалды. Бұл –  большевизм жолына күштеп түсірілген қазақ баспасөзі сипаттарының және «пантүркизмге» қарсы қимылдың алғашқы нышандарының бірі еді.

Амантай ШӘРІП

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button