Басты ақпаратЕл тынысы

Халықтың Дәулеті

Біле білсек, әр ұлттың сүйкімді ұлдары болады. Үлкені де, кішісі де оның есімін жақсы біледі, құрметпен атап жүреді. Біздің қазақтағы осындай азаматтың бірі – Дәулет Тұрлыханов болса керек.

ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАРДЫҢ ҰЛЫ

Дәулет Тұрлыханов – көпбалалы үйдің баласы. Әкесі мен анасы мектептің мұғалімі болды. Болат Тұрлыханұлы дене шынықтыру пәнінен сабақ беретін әрі күрес­тен жаттықтырушы болатын, ал анасы Мәрзия Айтпайқызы физика-математик пәнінен бала оқытты. Арғы атасы Қасен қажы тар заманда қажылық парызын өтеген, ел-жұрттың қамын ойлаған ақылгөй кісі болса, оның ұлы Тұрлыхан да тегіне тартып ер жеткен. Әкесінің пәрменімен орысша-парсыша сауатын ашқан, жоғары білім алған. Аудандық білім басқармасын басқарған. Білім саласында еңбек ете жүріп-ақ қаламгерлік қабілетін де ашқан. Бірнеше кітап жазып, Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданған. Затаевичке бірнеше қазақ әндерін жазып берген. Алайда ұлтжанды азаматтың белсенділігін Қызыл өкімет көре алмай, 1937 жылы «халық жауы» қатарына жатқызып, жеті жылға Сібір түрмесіне қамалған. Кейіннен атасы ақталды. Дәулет Тұрлыханов ФСБ-дан рұқсат алып, ГУЛАГ архивінде болып бүкіл құжаттың көшірмесін алады. Нижний Тагиль даласында жатқан атасының басына құлпытас қояды. Осылайша, ол тектінің тұяғы екенін дәлелдеді.

Әкесі Тұрлыханның мейірімін көре алмай өскен Болат ширақ болып өседі. Қатарынан қалмай оқып, спортпен шұғылданып ер жетеді. Еркін күрестен бірқатар жарыстарда топ жарады. Жүрек қалауымен қосылған жан жары Мәрзиямен шаңырақ көтергеннен кейін Георгиевка ауылына оралып, екеуі де мектептен еңбек жолдарын бастайды.

Құдайдың құдіретінде шек болмайды екен, жас мұғалімдер отбасынан 10 бала өрбіді. Сегіз ұлдің ортасында қызғалдақтай болып екі қыз өсті. 1976 жылы Дәулет үшін күтпеген жағдай орын алды. Әрі әкесі, әрі бапкері Болат Тұрлыханұлы алтыншы сыныпты енді бітірген Дәулетті Алматыдағы Қажымұқан атындағы спорт мектеп-интернатына апаратын болып шешті. Бұл кезде Дәулет еркін күресті біршама игеріп, аудандық және облыстық жарыстарда жүлдегер де болып үлгерген еді. Сол оқиғаны Дәулеттің өзі былай еске түсіреді: «Бұл әңгімені естіген анам «Болат пен Мәрзия он баласын асырай алмай интернатқа беріп жатыр екен деп ел сөз қылады ғой» деп әкемнің шешіміне қарсылық та білдіргені есімде. Бірақ әкем, «қабілеті бар баланы қалай ұстаймын, ауылдан өсе алмайды, астанаға барса мүмкін бағы ашылады»  деген өз шешімінен қайтпады. Сөйтіп мен мектеп-интернаттан бір-ақ шықтым. Алайда мұнда еркін күрес секциясы болмай, классикалық күреске баруыма тура келді».

Міне, Дәулет Тұрлыхановтың күрес әлеміне, үлкен спортқа деген жолы осылайша басталған еді. Интернатта өткізген үш жылда оқушылар арасындағы КСРО чемпионатында жүлдегер, екі рет Бүкілодақтық спорт мектеп-интернаттары арасындағы біріншілікте чемпион атанады. Оныншы сыныпта тұңғыш рет «Динамо» спорт қоғамының чемпионатында жеңімпаз атанып, «КСРО спорт шебері» нормативін орындайды.

ДАРЫНДЫ БАЛУАННЫҢ ДАҢҚТЫ ЖОЛЫ

ХХ ғасырда классикалық, яғни грек-рим күресінен қатарынан үш Олимпиада ойындарына қатысып жүлде алған, әлем чемпионатында, Әлем кубогы бәсекесінде екі мәрте жеңімпаз атанған, Еуропа мен Азияның біріншіліктерінде, Азия ойындарында жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілген, КСРО чемпионаттарында қатарынан жеті рет чемпион атанған қазақ балуанының спорттық жолы әсте тақтайдай тегіс болды деу­ге болмайды. Осынша жеңіске жету, Кеңес одағы мен тәуелсіз Қазақстанның мерейін қатар көтеру орасан еңбектің, қайсар мінездің жемісі дегеніміз дұрыс болар.

Біле білсек, ол кезде КСРО чемпионатын ұту деген әлем чемпионатын ұтумен деңгейлес қаралатын. Өйткені Одақтағы 15 республиканың арасындағы бәсекені жеңу дегеніңіз бақтың жанғаны есептелетін. Демек, КСРО құрамасына қабылданып, алып державаның атынан додаға түсудің өзі үлкен жетістікке бағаланатын. Ал біздің Дәулет болса, сол КСРО чемпионаттарын жеті рет қатарынан ұтып алған Одақтағы жалғыз балуан болды. Осындай деректерге көз жеткізгенде, қазақтың қаны да, жаны да күрескер екенін мойындамасқа шараң жоқ.

Дәулет 1986 жылғы ел чемпионатының финалында әлемнің екі дүркін чемпионы болып үлгерген Кудрявцевті 16:1 есебімен тізе бүктіргенде, спорт мамандары Одақ көлемінде тағы бір талантты балуанның пайда болғанын айта бастады. Келесі жылы да Дәулет көш басынан көрінді. Арасында Әлем кубогын да қанжығасына байлап үлгерген. Ал 1988 жылғы КСРО чемпионаты нағыз «жан алысып, жан беріскен» чемпионат болғаны сөзсіз.  Өйткені бұл жарыста Олимпиада ойындарына кімнің баратыны шешілетін еді. Құдайдың қалауымен бұл жарыста да Дәулет жарқын жеңіске жетті. Жарқын дейтініміз Сеул Олимпиадасына берілетін жолдама қазақ балуанына бұйырды. Осы кезде Одақтың біріншілігінде топ жарып үлгерген Рудак, жастар арасындағы әлем чемпионы Палазник, әлемнің екі дүркін чемпионы атағы бар Кудрявцев сынды балуандар Тұрлыхановтың салмағында иық тірестіріп жүрген-тін. Осындай балуандарды бірінен соң бірін тізе бүктірген қазақ жігітіне сол тұста КСРО құрамасының бас бапкері Геннадий Сапуновтың көңілі кәдімгідей құлайды. Атақты бапкердің «Дәулет Тұрлыхановтың тұла бойы толып тұрған талант» дегені осы кезде айтылған-тын.

1987 жылы әлем чемпионатында күрескен Дәулет бүкіл Скандинавияның батырына баланып келген, бірнеше дүркін әлем чемпионы фин балуаны Салумяэкимен шешуші белдесуге шығады. Финдер өздерінше қазақ баласын ұтатынына мың пайыз сенімді болып, алдын ала дастарқан жайып қойыпты, бірақ оған ешкім бармай мәзірі бұзылмай сол күйінде қалады. Өйткені Тұрлыханов фин балуанын екі минуттың ішінде тас-талқан етіп ұтады. Осы оқиғаны әлем газеттері жарыса жазған еді.

Қаншама күшті сарқып, жүйкені жұқартып, 15 республиканың ішінен іріктеліп қолға түсірген жалғыз жолдаманы ақтау бір жағынан өзіне үлкен жауапкершілік артқанын, екінші жағынан үлкен абырой болатынын Дәулет жүрегімен сезінді. Сезінді де мықтап әзірленді. Сөйтіп, Сеулдің боз кілемінде финалға дейін қарсы келген балуанның бәрін тізе бүктірді. Қазақ баласының шеберлігі мен екпінін көрген күрес мамандарының көпшілігі Дәулеттің чемпион болатынына сенімді болғанын жасырмаған. Бірақ, Олимпиада алтыны бір-ақ сәтте қолдан сусып кетті. Осыдан бір жыл бұрын өткен әлем чемпионатында атақты Салумяэки мен Ким Ен Намды бірінен соң бірін алып ұрған Тұрлыхановқа бұл жолы корей балуанын жеңу бұйырмады. Төрткүл дүние көз тіккен бұл белдесуде жеңіс ұпай санымен алаң иесіне берілді.

Осы бір тарихи сәт белгілі спорт қаламгері Қыдырбек Рысбекұлының кітабында былайша сипатталады: «…Белдесудің үшінші минуты. Таразы басы тең еді. Кілемге тас кенеше жабысқан Ким Дәулетті тобықтан теуіп әлек. Классикалық күрестің ережесі бойынша төрттағандаған балуан­ның бұлай етуге қақысы жоқ. Төреші мұны көрсе де, көрмеген болып жүр. Ашуға мінген Дәулет Кимді ащы ішекше созғылап алып, «көпірге» тұрған бойда аунатып түсірді. Сөйтіп бір ұпай алды. Сол-ақ екен, бағанадан араның ұясындай гулеген сан мың жанкүйер сілтідей тына қалды. Дәулет тағы ұмтылды. Бірақ Ким уысынан шығып кетті. Қазақ балуаны сәл тізгін тартса ескерту алуы кәдік. Өршеленген Ким жамбасқа салмақ болды. Дәулет шегіне берді. Осыны күткендей, төреші Дәулетке «сылбыр жүрсің» дегенді ұқтырып өтті. Бұл жолы Ким Дәулетті бір аунатты – екі ұпай. Таразы басы енді корей балуанына қарай ауды.

…Соңғы секундтарда Дәулет Кимнің аш беліне қол салған бойда бұрай лақтырды. Көрермен атаулы төрешінің қолына қадалды. Амал нешік, жапон төрешісі саусағын шошайтқан жоқ. Оның есесіне түк болмады дегендей алақанын жайды. Сол алақаннан бұлт үйірілгендей Дәулеттің көз алды тұманданып кетті. Ким болса кілемді шөп-шөп сүйіп, секіре жөнелді. Сұмдық айқай-сүрен. Дәулет сең соққандай мәңгіріп тұр».

Дегенмен, Ким Ен Нам да жігіт екен. Абыройы аспандап, мол байлыққа кенелген корей балуаны қоштаспауға дәті шыдамай, отбасымен бірге Дәулетті әуежайдан шығарып салады. Сонда Ким «Жеңіске сен лайық едің. Үкімет басшыларының «Қайтсең де чемпион боласың!» деген әмірін спорт мамандары іліп әкетті. «Дүниедегі күллі корейдің, президенттің тілегі – сенің үстіңде» десе, қалай қызынбайсың. Арзандыққа бармаймын деп сонша қарсыластым. Саясаттың шырмауына бір түскен соң құтылмайды екенсің. Одан да күрескен жеңіл. Дәулет бұдан кейін кілемде кездеспейміз. Мен күресті қойдым. Саған пара-пар келетін балуан жоқ, Дәулет!» деп ағынан жарылған екен.

Олимпиада ойындарынан кейін атағы жер жарған балуан Иван Ярыгин де «Советский спорт» газетіне берген сұхбатында Дәулеттің Сеулдегі күресіне тәнті болып «Дәулетті классикалық және еркін күрестен Олимпиаданың даусыз чемпионы десек жарасады» дегені де Тұрлыхановтың талантты балуан екенін паш етпей ме?!

Сеулден кейін Дәулет біраз уақыт өз-өзіне келе алмай жүрді. Спортты қойсам деген ой да мазалады. Бірақ, текті мінезі тағы боз кілемге тартты. Ашуын ақылға жеңдіріп, 1989 жылғы әлем чемпионатына барды. Швейцарияда өткен әлем біріншілігінде қарсы шыққан қарсыластарының бәрін қоғадай жапырып, алтын медаль иеленді. Келесі жылы екінші мәрте Әлем кубогының жеңімпазы атанды.

Дәулет Тұрлыханов 1992 жылғы Олимпиада ойындарына күйреген КСРО мемлекеті атынан құрылған ТМД құрамасы сапында күресті. Даңқты балуанымыз Барселона ойындарында қола медальға қол созды. Содан кейін 1993 жылы Стокгольмде өткен әлем чемпионатында күміс жүлдемен күптелді.

Олимпиада ойындарынан кейін Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы бола жүріп, өзі де ел намысын қорғауға күш салды. 1994 жылы Хиросимода өткен ХІІ Азия ойындарында Қазақстан ұлттық командасы тұңғыш рет дербес мемлекет ретінде қатысып еді. Сонда Дәулет байрақты бәсекенің салтанатты ашылу рәсімінде егемен еліміздің туын ұстап шықты. Ол тек қана туды көтеріп қана қоймай, Азиаданың алтын медалін жеңіп алды. Кейіннен екі рет қатарынан Азия чемпионы атанды. 1996 жылы Атланта ойындарында ел намысын қорғауға үлес қосты. Өзінен бұрын шәкірттеріне көңіл бөлген ол жүлдеге бір қадам жетпей қалып, төртінші орынға табан тіреді. Дәулет Тұрлыхановтың бапкерлік жолында да бағы жанғанын айтуымыз керек. Ол баптаған бірнеше балуан Қазақстан командасының қоржынына Олимпиада және Азия ойындарының, әлем және Азия чемпионаттарының алтын, күміс және қола жүлделерін түсірді. Өзіне Қазақстанның және Қырғызстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағы берілді.

МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ

Көпшілік үшін Дәулет Тұрлыханов есімі алдымен спортшы мағынасын ойға әкеледі. Ал оның мемлекеттік және қоғамдық қайраткерлігіне мән бере қоймайды.

1994 жылы Дәулет Тұрлыханов Жоғарғы Кеңестің депутаты болып сайланады. Бұл әлі спорттан түбегейлі қол үзбеген кезі еді. Бір жағынан ұлттық құраманың бас бапкері болса, екіншіден, өзі де әлі күресетін. Сол кезеңді ­Дәулеттің өзі былайша еске алады: «Бұл кезде отыздан жаңа асқан, саясатқа маңыз бермейтін кезім болатын. Спорттан да түбегейлі қол үзе қоймағанмын. Парламент депутаты болып сайланғаннан кейін елдік, мемлекеттік тұрғыдағы істерге маңыз беріп, үзеңгілес азаматтармен бірігіп жұмыс істеуге кірістім. Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғарсынова, Серікболсын Әбділдин, Ұзақбай Қараманов, Қаратай Тұрысов секілді беделді, ұлтжанды аға-­апаларыммен қоян-қолтық жұмыс істегенімді өзіме өмірлік мектеп санаймын. Ол кісілер «Ал чемпион-батырымыз шәй ішпейміз бе?! Саған тапсырма, мына мәселені сарапта, мына мәселені пысықта…» деп еркелетіп те қоятын.

Дәулет Тұрлыханов 1995-1999 жылдары бірінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаты болды. 2000-2004 жылдары жаңадан құрылған ҚР Туризм және спорт істері агенттігінің төрағасы болды. Содан кейінгі екі жылда ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің Спорт комитетін басқарды. Кейіннен «Самұрық-Қазына Астана» корпоративті қорының басшысы, «СемАЗ» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы міндеттерін атқарды. Қоғамдық негізде Дүниежүзілік күрес федерациясының (ФИЛА) басшылығында қызмет істеді.  Бүгінгі таңда Азия күрес түрлері федерациясының президенті болып жүр.

Жастайынан бүкіл өмірін күреске айналдырып келе жатқан Дәулет Тұрлыхановтың еңбегі мемлекет пен қоғамдық ұйымдар тарапынан жоғары бағаланды. Қай салада жүрсе де ел мен ұлттың мүддесіне еткен еңбегі үшін «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, екі мәрте «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың қолынан ІІІ дәрежелі «Барыс» орденін алса, биыл Астана қаласынан Мәжіліс депутаты болып сайланды. Сондай-ақ «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Қазақ спорт академиясының құрметті профессоры», «Ресей Федерациясы Спорт академиясының академигі», педагогика ғылымдарының кандидаты, «Абай және Жарма аудандарының Құрметті азаматы» деген атақтары да бар.

ЖҮРЕГІ ЖОМАРТ, НАМЫСЫ НАЙЗАҒАЙ

Дәулет Тұрлыхановтың азаматтық келбеті мен қайырымдылығы жөнінде де айтар әңгіме бір төбе болады. Әр жылдарда кәсіпкер ретінде республика аумағында бірнеше кәсіпорынның құрылтайшысы болып, олардың жұмысын үйлестіре білді. Қайырымдылық және демеушілік іс-шараларды ұйымдастырады.

Мемлекет және қоғам қайраткері Дүйсенғазы Мусин айтқан мына бір ғана сөзді айтқым келеді. «Кезінде өзінің талантын бағалап, үлкен спорттағы несібесін алуға ықпал еткен, Мәскеуде тұратын атақты бапкер Геннадий Сапунов жасы келіп, тұрмысы қиындап қалғанда Дәулет Тұрлыханов ойланбастан қол ұшын созды. Кеңес одағы спортына өлшеусіз еңбек сіңірген бапкерін Алматыға әкеліп, баспана ұсынып, жағдайына қарайласты. Жақында дүниеден озған аңыз бапкер қайтар алдында Дәулетке деген ризашылығын айтып тауыса алмай кетті» дейді экс-сенатор Тұрлыхановтың бір ісін мысалға алып. Бұл даңқты балуанның адамгершілігі мен жомарттығының бір ғана көрінісі екені сөзсіз.

Боз кілемге шыққанда намысы найзағайдай жарқырайтын, дос десе ақжарқын кейіппен аңқылдайтын Дәулет Болатұлы бүгінде сүйген жары Гүлнармен бірге алтын асықтай ұлдарын, күміс қасықтай қыздарын өсіріп, олардан немере сүйіп жүрген бақытты ата-ана болып отыр.

Иә, әр ұлттың сүйкімді ұлдары болады. Ұлтына, мемлекетіне шынайы жүрегімен қызмет ететін ерлерін ел-жұрты да алақанына салып еркелетеді. Олай болса, сен де құрдасым, халқыңның Дәулеті болып жүре бергейсің…

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button