Мәдениет

ТАРИХПЕН ТАМЫРЛАС ТУЫНДЫ

Астанадағы Ұлттық академиялық кітап­­ха­нада белгілі публицист Ғаділ­бек Шалах­метовтің «Пятый сон» атты кітабының таныс­тыры­лы­мы өтті. Шараға елордадағы зиялы қауым өкіл­дері қатысты.

Ғаділбек ағаны көзіқарақты жұртшылық жақсы біледі. Танымал журналист. Қоғам қайраткері. Бірнеше кітаптың авторы. Парасатты публицистің оқырманға жол тартқан жаңа кітабы терең тарихтан сыр шертеді. Сонау өткен ғасырларда Еділ мен Оралдың және буырқанған Каспий теңізіне дейінгі болған оқиғаларды баяндайды. Автор өзі туып-өскен өлкенің байырғы өмірін сөз етеді. Қазақ тарихында ерекше орны бар тұғырлы тұлға Мақаш Бекмұхамбетов туралы айтады. Бүгінгі елорда туралы салиқалы ой қозғайды.
– Мен Астрахань жерінде өмірге келдім. Ел ішінде Мақаш правитель туралы ұлағатты әңгіме көп. Зерделі, парасатты кісі болған. Ұзақ жыл ел басқарған. Халқымыздың бай ауыз әдебиетін жинаған. Өз заманында баспасөзге түрлі тақырыпта мақалалар жариялаған. Этнографиялық дүниелерін орыс зиялылары жоғары бағалаған. 1886 жылы Астраханьға орыстың философ-жазушысы Николай Чернышевский келеді. Оның «Не істеу керек?» романын көпшілік жақсы біледі. Ленин мен Сталин оны қызығып оқыған. Бала күнімізде біз де оқыдық. Жазушы Астраханьға келгенде Мақаш правительмен кездеседі. Ол кісі қаламгерді бес күн конақ етіп, армансыз әңгімелескен. Келешек туралы ойларын айтқан. Мен сол оқиғаны жаздым, – деді туынды авторы.
Шара барысында жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Оның лентасын ҚР Мемлекеттік сыйлығының лау­реаты Қажығали Мұхамбетқалиұлы және ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Сауытбек Абдрахманов пен Кәрібай Мұсырман қиды.
Қажығали Мұхамбетқалиұлы толымды еңбек туралы өз ойымен бөлісті. «Кітапты толық оқыған жоқпын. Бірақ бір тарауы Мақашқа арналыпты. Шын мәнінде, ол кісі ерекше адам. Жеті атасынан билік үзілмеген. Бабаларының бәрі би болған, елге дуалы сөз айтқан. Мақаштың өзі – «қарадан шығып хан болған» тұлға. Лауазымды қызмет атқарған. Патшадан сый-сияпат алып, құрметке бөленген. Басқасын былай қойғанда, оның ағартушылық еңбегінің өзі – бір төбе. Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбет секілді жыраулар мұрасын зерттеп, кейінгі ұрпаққа қалдырып кетті. Әдебиетке бір кісідей еңбек сіңірді. Жинақта Мақаш туралы игі ой айтылды деп ойлаймын» деді қаламгер. Одан кейін сөз алған азаматтар автордың жаңа жинағы жайында салмақты ой қозғап, белгілі публицистке амандық тіледі.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button