Басты ақпарат

АСТАНАЛЫҚ САЯБАҚ – ЕҢ ҮЗДІК

Сочи қаласында жыл сайын өтетін «Хрустальное колесо» байқауында ойын-сауық пен демалыс индустриясындағы үздіктер анықталады. Биылғы XV байқауда Астаналық саябақ ТМД бойынша 2017 жылдың ең үздік ашық ойын-сауық саябағы атанды.

Осы жолы байқауға 162 саябақ қатысты. Олардың арасында Мәскеу, Санкт-Петербург, Минск, Тбилиси және өзге де мегаполистердің саябақтары болды.
Астаналық саябақ «Келушілер саны жылына 500 мыңнан 1 млн адамға дейін жететін үздік ашық ойын-сауық саябағы» аталатын ең ірі аталымда топ жарды.
Астаналық саябақта аттракциондардан басқа, қалалық жағажай, ашық бассейн аймағы, спортпен шұғылдануға арналған шаңғы-роллерлік трасса бар. Мұнда жаз бойы күн сайын «Саябақтың 7 ғажайыбы» ойын-сауық шарасы мен әр аптаның жексенбі күндері «Fitness Park Astana» жаттығулары ұйымдастырылды. Байқаудың қазылар алқасы осыған ерекше назар аударды.
– Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында мәдениет пен жаңғыру арқылы ұлттық сананы кеңейтуге ерекше назар аударды. Осы саясатты ұстана отырып және жаңа міндеттерді алға қойып, біз саябақтарды дамытуға және Астана тұрғындары мен қонақтары үшін жалпыға қолжетімді демалысты ұйымдастыруға баса көңіл бөлеміз. Ал Сочидегі жеңісіміз – елордадағы мәдени-бұқаралық демалыс орындарын дамыту жолындағы көп жылдық қажырлы еңбектің нәтижесі. Еліміздегі саябақтарға қатысты алғашқы осындай елеулі марапатты Астананың 20 жылдығына арнаймыз» дейді Астана қаласының Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы

Болат Мажағұлов.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button