Жаңалықтар

«Тәуелсіз Қазақстаным» пойызы сапарға аттанды



Бүгін Астана вокзалынан сағат 13:35-те Қазақстан халқы ассамблеясының ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіз Қазақстаным» пойызы салтанатты түрде сапарға аттанды.

pojyz

Халыққа медициналық, әлеуметтік және құқықтық қызмет көрсетуді мақсат еткен пойыз 43 күн бойы Қазақстанның 35 елді мекеніне аялдайды.  Бұйыртса, 14 желтоқсан күні сапарды Алматы қаласында аяқтамақшы.

Пойыз қызметі аясында еліміздің шалғай өңіріндегі тұрғындарға ерекше көңіл бөлінбекші. Оның құрамында Парламент мәжілісінің депутаттары, Ассамблея мүшелері, мәдениет және спорт майталмандары, медицина қызметкерлері және әлеуметтік сала мамандары бар. Өз саласының білікті дәрігерлері халыққа медициналық қызмет көрсетіп, жан-жақты кеңес бермекші.

-Әлеуметтік акцияның мақсаты – еліміздің жетістіктерін таныстыру, халықтың бірлігін нығайту, қоғамдық іс-шаралар өткізіп қана қоймай, халыққа дәрігерлік қызмет көрсетуді көксейді. Бұл ауқымы кең шара. Олай дейтін себебім, қайырымдылық акциялары мен мерекелік концерттер  ұйымдастырылады. Түрлі саладағы министрліктің өкілдері тұрғындардың мәселесін тыңдап, көкейінде жүрген сауалдарына жауап береді, – дейді «Тәуелсіз Қазақстаны» пойызының штаб жетекшісі Әміржан Әлпейісов.

Оның айтуынша, толыққанды медициналық тексеруден бастап, әлеуметтік мәселелер бойынша кеңес беріледі. Яғни, «Жұмыспен қамту -2020» жол картасына қатысу, қызметкерлердің еңбек құқығын қорғау, зейнетақымен қамтамасыз ету, жәрдемақы төлеу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, жылжымайтын мүлік құқығын тіркеу, борышкер мүлкіне тыйым салуды болдырмау, кәсіподақ қызметі бойынша да қажетті  кеңестер ұсынылады. Ауылшаруашылық, білім беру саласы және тұтынушы құқын қорғау мәселелері де шет қалмайды.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button