ЖаңалықтарМәдениет

«ЖАЙДАРМАН» АЛАҢЫНДА – ЖАС МАМАНДАР

Астана қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту басқарма­сының ұйымдастыруымен ҚР Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығына арналған «Мемлекеттік тіл – барлық салада» атты жас мамандардың арасындағы «Жайдарман» ойындары өтті.

img_0552

Бұл сынның басты ерекшелігі ойынға кә­сіби «жайдарманшылар» емес, әртүрлі салада қызмет етіп жүрген жас мамандардың қа­тысуы болса керек.
Мемлекеттік тілдің мерейін көтеруге ар­налған «Жайдар­ман» ойындарына 11 команда қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Олардың ішінде Астана қаласы әкімдігі Білім басқар­масы, Сарыарқа ауданы әкімдігі мен Астана қалалық Дін істері басқармасы, «KEGOC» және «Транстелеком» АҚ құрама командалары бар. Мемлекеттік қызметшілер мен акционерлік қоғамның жас мамандары кө­рерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлай білді. Сондай-ақ, әзіл кешіне С.Сейфуллин атын­дағы Қазақ агротехникалық уни­верситеті, Қазақ экономика қаржы және халықаралық сауда университеті, Астана қаласы көлік және коммуника­ция колледжі мен АСУ колледжінің ұстаздары қатысып, өз шәкірт­терін күлкіге қарқ қылды.
Ойын басталмай тұрып кө­рермен «Жайдарманға» қатыс­­паған жас мамандар сахнада қалай өнер көрсетер екен?» деп күдік­тенген болатын. Тіпті, мұндай күдіктің болғанын көрер­меннен бұрын Қазақстан КВН одағының президенті Есен Елеукеннің өзі тілге тиек етті. Алайда 11 команданың ішінде өнерімен жұртшылықты тәнті еткен де, сонымен қатар «әттеген-ай» дегізген де құрамалар болды. Десек те, жас мамандардың астарлы әзілдері кейбір кемші­ліктерді жуып-шайып кеткендей болды. Бұдан бөлек, көрермен мен қазылар алқасын «жайдарманшылардың» саяси әзіл айта білген қасиеті тамсандырды. Себебі «қазақ көңілді тапқырлар клубы саяси әзілдер айтпайды» деген қоғамда сыни көзқарас бар болатын.
Сонымен, қазылар алқасының шешімі бойынша Астана қаласы көлік және коммуникация колледжі «Жайдарман» сайысында ең үздік өнер көрсеткені үшін «Үздік ойыншы» номинациясын иеленді. Сондай-ақ, үшінші орынды Сарыарқа ауданы әкімдігі мен Астана қалалық Дін істері басқармасының бірлескен құрамасы місе тұтса, екінші орынды Қарағанды қаласының жас мамандары олжалап кетті.
Ал бас жүлде мен кубокты «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясы» ак­ционерлік қоғамының атынан қатысқан «Төртінші билік» командасы жеңіп алды.

Серік ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button