Ұлт ұпайы

ТЕЛЕНІҢ ТЕРЕҢ ТӘЛІМІ

Біздерден бұрын өмір сүріп, белгілі бір кезеңдерде заман ағымының өзгеруіне себепші болған тұлғалардың артында қалдырған кейбір нақылдарының өзектілігі сонша, олардың өткірлігі, дөп айтылуы, тереңдігі жағынан бара-бар келетін сөздерді табу оңай емес. Мысалы, қай-қайсымыздың да мемлекеттік тілді менсінбейтін басқа ұлт өкілдері туралы ештеңе дей алмай, тіл тістеген кездеріміз болды. Ал бұл туралы коммунизм көсемі Карл Маркстің «Тұрып жатқан мемлекетінің тілін қонақ, нақұрыс немесе өз тілінің үстемдігін зорлап орнатушы басқыншылар білмеуі мүмкін» дегенінен асыра айту қиын.

Мемлекеттік тілді менсінбеу – бізде ғана емес, кешегі кеңестен кейінгі елдердегі ұқсас жағдай. Бару-келу жеңілдеген қазіргі заманда сол елдердегі бұл індетпен күресудің кейбір амалдарын бәзбір журналистер өз көздерімен көріпті. Бұған әлеуметтік желілерді шарлап жүрген, әшейінде орыс тілінде сөйлегендерді жүре тыңдайтын Балтық бойындағы елдердің, Молдова астанасының көшелерінде осы сөздердің үлкен баннерге кирилл әліпбиімен жазылып, ілініп қойылған суреті дәлел. Әрине, ол К.Маркске деген сүйіспеншілікті емес, ол ишара жасап отырғандарға құлаққағысты білдіретіні түсінікті.
Өкінішке қарай, арамызда басқа идеологияның ықпалында өсіп, білім алған, тегі мен аты қазақша, бірақ ұлттық құндылықтардан жұрдай ағайындарымыз бар. Ел тарихы мен салт-дәстүріне тыжырына қарау­шылардың «басқанікі – таңсық, біздікі – қаңсық» деген қуықтай тар дүниетанымы халықтың рухани дамуына кеселін аз тигізбейді. Осындай ұстанымдағыларды сипаттауға Дж. Нерудің «Менің халқым үшін ең қауіпті жау – отаршылар тәрбиелеген зиялылар» деген сөздері жеткілікті болса керек.

Ал телевизиядан таңертеңнен кешке дейін «халықтың көңілін көтеру үшін» деген желеумен берілетін саны көп, сапасы жоқ «шоуларды», мәнсіз-мағынасыз сөздерге жазылған әндерден құралған концерттерді көргенде, Балтық теңізінен Тынық мұхитқа дейін билік жүргізуді жоспарлаған А.Гитлердің өзі басып алған елдерге қатысты пиғылы ойға оралады. Оның: «…азғындау қарқынды жүруі үшін адамдар көбірек күліп-ойнап, көңілді музыка тыңдап, азырақ оқулары керек» деген жоспары естеріңізде болар? «Только чтобы никому в голову не взбрело рассказывать по радио покоренным народам об их истории; музыка, музыка, ничего, кроме музыки» деп шегелей түседі тағы да.

Демалыс күндері ойлы, танымдық бағдарламалар іздеп, теледидар арналарын ауыстырып отырғанда осы сөздер есіме түседі. Сенбесеңіздер, қарап көріңіздер, барлық арналарда бұрынғы жылдарда түсіріліп, қорда жатқаны бар, жаңасы бар: «Қымызхана», «Тамаша», «Әзіл әлемі», «Қалжың қоржыны», т.б. көрсетіліп жатады. Әзіл, қалжың, көңілді музыка, ойын-күлкі…

«Ойын-күлкіден айырмасын» дейді халқымыз. Жақсы тілек. Бірақ «Жақсының да өлшеулі болғаны жақсы» деген де сөз бар. Тым көп тәттінің жүректі айнытатыны сияқты шамадан тыс әзіл-қалжың да адамды мезі етеді, тіпті ондай бағдарламалардан безіндіреді.
Мысалы, маған бастапқыда Тұрсынбек Қабатовтың әзілдері қатты ұнайтын. Концертіне баратынмын, теледидардан де сүйсіне қарайтынмын. Күнделікті тіршілікте кездесіп жататын мың сан келеңсіздікті тілімен түйреп, өз тұрмыс-тіршілігімізге де оймен қарауға жетелейтіні сүйсіндіретін. Көрермені көбейіп, танымалдығы артқанына қуандым.

Қазір телеарналар рейтингтерін көтеру үшін Тұрсынбектің осы танымалдығын жақсы пайдалануда. Қай арнаны қоссаң да Тұрсынбекті көресің. Әсіресе, демалыс күндері. Ұлттық арнаны қоссаң – «Әзіл әлемін» нешінші мәрте көрсетіп жатады. КТК-ні қоссаң – «КТК-да Қабатов». Бұрынғы жылдары өткізілген «Өнерлі отбасы» телебайқауы да маусым аралатып, қайталанып беріледі.

Шынын айту керек, шығармашылығын қанша жақсы көрсең де бар арнадан бір адамның қайта-қайта шыға беруі көрерменді одан алыстатады.

«Телевизия – тәрбие құралы» деп жаздық осыдан біраз бұрын «Егемен Қазақстан» газетінде. Бұл – біздің көп жылдар бойы көзбен көріп, көңілде түйген тұжырымымыз. Ол рас, жас ұрпақтың ой-өрісін кеңейтіп, дүниетанымын, талғамын қалыптастыруда қазір жазба басылымдарға қарағанда телевизияның рөлі үлкен. Телеарналар тізгінін ұстаушылар өздеріне осындай ұлы миссия жүктелгенін сезінеді ме екен деген сұраққа жауап іздегенде «Ер азаматты сөзіне емес, ісіне қарап бағала» деген ата-баба нақылы еске түсіп, олар басқаратын арналардың өнімдеріне көз тіктіреді.

Телеөнімдерін көріп, кейде түсірілімдеріне қатысып тұратындықтан, отандық арналардың тіршіліктерінен хабарымыз бар екенін айта кетуіміз керек. Дегенмен, бір мақалада бәрін шолу үстірт шаруа болатындықтан, әңгімені ұлт санасын қалыптастырушы басты арнаның кейбір бағдарламалары айналасында өрбітуді жөн көрдік.

Ауызды қу шөппен сүрткеніміз жарамас: жақсы телехабарлар бар. Соңғы кездің өзінде түрлі форматтағы: «1-студия», «Мәселе», «Басты тақырып», т.б. хабарлар эфирге жол тартты. Солардың ішінде шоқтығы биігі «Парасат майданы» дер едік. Дархан Әбдік – жай ғана жүргізуші емес, студияның озық ойлы қонақтарымен терезесі тең дәрежеде сөйлесіп, толғаулары мен талдауларынан биік өресі танылатын интеллектуал. Таңдайтын тақырыптары да батылдықты, дүниетаным кеңдігін талап етеді, қонақтары да сайдың тасындай екшелген – елге танымал тұлға мен көпшілік біле бермейтін, бірақ өз үні бар бір тұлға. Хабарды құруы да ерекше: адамзат тарихында болған бір оқиғаны алып, оны біздің қоғамымыздағы өзекті мәселемен ұштастыра ой толғайды. Осындай беретіні мол жоба неге тым кеш уақытқа қойылған деген сұрақ туындайды.

Бұрын елеусіздеу телехабардың атын ғана өзгертіп қоймай, мазмұны да байып, тартымдылығы да арта түскен жоба – «Дара жол». Жүргізуші Дана Нұржігіт – қазақ телекөрермендеріне етене таныс, жүзі жылы, тілі шұрайлы, ішкі мәдениеті мол журналист. Бұрыннан білеміз-ау деген тұлғаларды тосын қырынан танытатын жақсы хабар. Басқа хабарларда әшейін қол шапалақтап отыратын «көрермен» қатысушыларды сөзге орынды араластыру – хабардың мазмұнын ашып, жандандыра түседі.

«Әйел бақыты» ашылған кезде жұрт назарын бірден аударған жобалардың бірі еді. Бірақ, көрер­менді ұмытып, өзара шу-шу еткен үш жүргізушіні жұртшылық қабылдай қоймады. (Қазіргі «Таңшолпан» да сондай – жаппай жамыраған жүргізуші. Ұйқылары қанбай, мазалары кетіп отырған көрермендер де хабарды көркейтіп тұрғаны шамалы). Кейін Ләйла Сұлтанқызы жалғыз жүргізіп, рейтингі жоғары хабарға айналғанымен, эфирдегі уақытын ұзартып жіберу – бір мәселені әрі созғылап, бері созғылап, халықты жалықтырған, сөйтіп, хабардың қадірін кетірген факторлардың бірі болды.
Әдетте, жаңа телеөнім шыққан кезде «ой, анау елдің пәлен деген хабарын көшіріп алған» деген сөз қоса шығады. Біздіңше, бұл – бүкіл әлем телевизиясына тән нәрсе. Велосипедті ойлап табатындар сирек, көбі – бұрын ашылған жаңалықты өз жағдайларына жақсы бейімдейді. Біздегі «Қызық екен…» де – әлемге танымал «Fremantle media» компаниясының өнімін өзімізге сәтті бейімдеу. Көрерменге мұндай интеллектуалдық ойын-сауықтық бағыттағы телевикториналар өте керек.

Ұлттық арнада «Балапан» бағдарламасы ашылғанда алақайлап қуанғанымыз рас. Бала тәрбиесіне, әсіресе, ана тілін үйретуге әке-шеше түгілі ата-әжелердің өзі шорқақ заманда «Балапан» кәдімгідей-ақ жақсы тәрбие алаңына айналды. Өз басым әке-шешесі орыс тілді сәбилердің қазақша балабақша мен «Балапанның» арқасында ана тілінде сылдырлап сөйлеп кеткенін білемін. Бір өкініштісі, ішіндегі бағдарламалардың көбі – бірнеше маусым бойы көрсетіліп келе жатқан қайталама хабарлар. Балалар бірер рет көргеннен кейін қызығы кетіп қалады да, шетелдік мультфильм­дер көп арналарға ауысып кетеді, сөйтіп, «Балапаннан» алған тәрбие зая болады деп ренжиді ата-аналар.

Ресейдің басты арнасының прайм-тайм уақытында М.Галкиннің «Лучше всех» деген бағдарламасы өтеді. Оны жасау­шылардың еңбегі – еңбек-ақ! Ал жүргізуші баламен сұхбаттасқанда кішкентай кейіпкерді тұлға етіп көрсетуге, оның бойындағы қабілет-қарымын көпшілікке танытуға жанын салады. Бізде де «Баламен бетпе-бет» деген бағдарлама бар… Оны жасаушылар әдемі киінген баланы телеэкраннан көрсетуді емес, еліміздің болашағы қандай ақылды, ой-өресі биік болып өсіп келе жатқанын көрсетуді мақсат етулері керектігін түсінбегендей. Ресейлік 4-6 жасар балалар Мандельштамнан Есенинге дейінгі ақындардың өлеңдерін жатқа оқитынын, жүздеген жаңылтпашты бір деммен айтатынын, құстар мен аңдарды дауысынан танитынын көргенде… таң қаласың. Ал біздегі «Үйіңде кім күшті?», «Сен ешкімнен қорықпайсың ба?», «Кімді жақсы көресің?» деген сияқты сұрақтар қойылғанда… қарның ашады.

Кезінде белгілі сыншы Сағат Әшімбаев бізге сын материал жазу туралы тапсырма беріп тұрып, өзінің бір сын мақаласына байланысты «пәленше ақынды сынап едіңіз, қазір оның шығармашылығына қалай қарайсыз?» деген сұрақ қойылғаны туралы айтқан еді. «Естеріңде болсын, – деді сосын бізге, – сын біреуді жек көргеннен жазылмайды. Сын «кемшілігін түзетсе екен», «шығармашылығы артса екен» деген тілекпен жазылады».
Біз де осы мақаланы жазуға отырғанда ұстазымыздың сол сөзін басшылыққа алдық.

Камал ӘЛПЕЙІСОВА,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button