Басты ақпарат

Той – ұлттық идеологияның өзегі

Бір қарасаңыз, ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрпы бар елміз. «Қазақ олай жасамаған», «нағыз қазақ былай етпес болар» деген пікірлерді айтарда барлығымыз жорғамыз. Бірақ қазақтың тойына бара қалсаңыз бірізділіктің жоқтығын, әркім өзіне ұнайтын әдіс-тәсілмен той өткеріп жатқанын көрер едіңіз.

Асабаңыз астам сөйлеп жүрген жоқ па?

Мұндай ретсіздік мәдениеті енді қалыптасып жатқан елдерде болады. Әйтпегенде, келіннің босағадан аттай салған кезінің өзіне арналған жөн-жоралғысы бар қазақ болғанбыз. Алайда көшпелі өркениетті аяқтап, отырықшылық өмірге толығымен қалыптасып үлгермеген ұлт мәдениетінің гармониясы хаос­қа айналып кетуі заңдылық па деп те ойлайсың. Сонымен ол неғылған хаос, неғылған ретсіздік дейсіз бе?
Ең алдымен асабалар мәдениеті мен этикасы қалыптасуы тиіс болатын. Сөз ұстаған адамды қазақ қашанда сыйлаған. Оның сөзі Тәңірдің сөзіндей қабылданатын кездер болған. Содан ба екен, асаба жолдастар той иесін, меймандарды кекетіп, келемеждеп сөйлесе, көп қазақ намыстанбайды. Ал жұртты күлдіремін, өтімді боламын деп болмашы нәрсеге сөз кенеп, жұрттың бірінің сарылығын, бірінің қаралығын айтып, ақсақ пен тоқсақты да сөзге іліп отыратын асабаларды көріп жүрміз. Той иесі ақы төлердің алдында мені һәм қонақтарымды келекеге айналдырушы болма деп ескертсе қайтеді деп ойлаймын.
Асаба жолдастар сөйлеу мәдениеті мен тіл тазалығын сақтауды да мұрат тұтпайды. Шұбарлап сөйлеу, қазақша мен орысшаның арасындағы қойырт­пақ тіл – сұранысқа ие. Тойдағы бұл жағдаятқа жалғыз асабалар ғана кінәлі емес. Сұраныс сондай. Олар соған сай нәпақа тауып жүр делік. Айтпақшы, бұл нәпақа тапқыштар мемлекетке салық төлемейді. Бір кездері әріптестерім әншілердің салық төлемей байып жатқаны туралы мәселе көтеріп еді. Аталмыш мәселе той басқаратын қауымға да қатысты.
Мұқағалидың сөзін – Абайдікі, Абайдікін Мұқағалидың сөзі деп, одан қала берді авторлардың атын атамай-ақ, өлең оқу жағдайы да асабалардың ең үлкен қателігі. Мұндай қателіктерді байқай алатын қазақ тойдан шаршап қайтары сөзсіз.
Той керек. Қалалану жағдайын басынан кешіріп отырған қазақтың жатбауыр болып кетпей, ағайын мен туыстың жақсылықта бас қоса алатын бірлігі үшін керек. Біздің бауырмалдығымыз бен көпшіл һәм ұйымшыл екенімізді айғақтайтын тойдан басқа неміз қалды?!

Той ма, театрландырылған көрініс пе?

«Той – қазына» деген тұжырымға барымды салып нанғым-ақ келеді.
Бірақ біздің ол қазынамыз тоналып жатыр. Әу баста той деген сөз, аты айтып тұрғандайын, жақын-жарандарыңды шақырып, бір тойдырып жіберу мағынасынан шыққан. Демек, алғашында той – ойын-сауықтық сипатта емес, Құдайға тәубе етіп, жоқ-жітікпен ағайын-туғанды тойдыру мақсатында пайда болған. Құдайы тамақ сипатына көбірек ұқсайтын еді. Кез келген дүниенің пайда болуымен қатар даму үрдісі болады. Той дами келе түрлі сипаттарға ие болды.
Бізге той өткізгенде, ұлттық сипаттан адаланып кетпеуін қадағалайтын орталық керек-ақ. Әйтпесе, қазақтың ұлттық сипаты мен болмысы кімге керек? Ең өкініштісі сол, біздің ұтылып және жаһандануға жұтылып кетуімізге қазақтың өзі үлес қосып жатыр. Өткенімізді парықтай алмайтын білімсіздігіміз түбінде өзімізді құртып тынады. Оған күнделікті өмірден көптеген мысал келтіруге болады.
Тұсаукесерді лентамен кесетін үрдіс пайда болды. Лентамен тұсау кескенше кеспей-ақ қойған дұрыс. Себебі ешкімнің ала жібін аттамасын деген алғашқы сипатынан айрылған жоралғыны жасаудың не қажеті бар?
Байқасаңыз, телеэкрандағы кинолар мен жарнамаларда таспамен тұсаукесу жағдайы көп кезігіп жүр. Ал егер соншалықты гламур қажет болса, тұсауды көк шөппен де кессе жарайды. Тоқ ішекпен тұсаукесу рәсімі экранға жарамайды десеңіз, келісіп-ақ бағайын. Бірақ, бұл жарнамаға бір қазақ бас көтеріп қарсылық танытқан жоқ.
Салтымыздың мәнін жоғалтуы – біздің ұлттығымыздың мазмұнынан да жұрнақ қана қалғанын білдіреді.
Мазмұнсыз ұлтқа айналып бара жатқанымызды той-думандардан әр сенбі-жексенбі сайын кезіктіруге болады. Беташарымыз бен сәлем салуымыздың өзі міндетті жоралғы мен салт емес, театрландырылған қойылымға айналып кеткен.
Негізі, қазақта үйлену тойы деген салт жоқ. Беташар бар. Беташарға дейінгі қызды қайын жұртына алып келуге арналған үлкен ғұрыптық кешен бар. Бұл кешен айлап, тіпті, жылдап созылатын болған.
Қазақ фольклористикасынан хабары жоқ адамның ойына келгенін жүзеге асыра беруіне кім жол берген? Жақсы. Орыстан үйреніп (үйренген былай тұрсын, озып кеттік), екі жасты төрге отырғызып той жасайтын болдық. Енді, осы той жасау дегенің қып-қызыл шығын. Сондықтан, ақшаны үнемдеу мақсатында үйлену тойы мен беташарды бірге өткізетін болдық. Қалыңдықтың әкесі мен шешесі сәлем салып тұрған қызына қарап тұра береді. Қазақ тойының бұлай өтіп жатқанына он жылдай болып қалды.
Сосын, беташарда екі жағына әдемі киінген екі қызды қоятын театрландырылған көрініс пайда болыпты. Қандай әдемі. Аппақ киінген ақ келіннің екі қапталында қып-қызыл бірдей киінген әдемі екі қыз. Үшеуі бірдей иілгенде өте әдемі көрінеді. Ал мазмұн қайда кетті? Неліктен келіннің екі жағына екі абысыны тұрған? Ол туралы ойланып жатқан ешкім жоқ. Себебі ол келін беташарда ғана сәлем салуы мүмкін. Одан кейін сәлем түгілі басына орамал тарт­са, қуанатын күйге түскенбіз.
Анығында бұрынырақ келін боп түскен кексе абысындардың жас келіннің екі қапталына тұруында үлкен мән жатыр. Олар алғаш иіліп сәлем салып тұрған келінге үйретіп, құлағына сыбырлап тұрған. «Мынау – көрші, оған ақырын ғана иілсек жарап жатыр. Ал мынау, үлкен енең болады, бұған дұрыстап иіл» деген сыңайлы сәлем салудың алғашқы әліппесін сол сәтте үйреніп тұруға тиіс болатын. Ал бойы ұзын, өзі келін болып түсіп көрмек түгілі, жақында тұрмыс құру ойында жоқ, тойбизнес арқылы ақша тауып жүрген сылқымдарды келіннің екі жағына тұрғызу да – мазмұнсыздық.

Той сән-салтанат қана емес

Меніңше, қазақ фольклорын жетік білетін ғалымдардың басын қосып, әр ғұрыптық кешенді талдап, жалпы халыққа мазмұндық сипатын ашуға арналған еңбек даярлайтын уақыт жетті. Бұл дүниені бүгін қолға алмасақ, жиын-тойларда жүзеге асырылатын ғұрыптық кешендердің мәнін түсінбейтін ұрпақ қалыптасады. Қалыптасып кетті де. Біздің күнделікті тұрмысымызда онсыз да қазақылықтың бірде-бір белгісі қалмаған. Киген киіміміз бен даярлайтын асымыздың өзінде ұлттық нышан жоқ. Ақпараттары мол арпалыс өмірде біз қазақ екенімізді жиынтойларда ғана еске аламыз. Демек, тым болмағанда, сол жиынның мазмұнын сақтап қалуға ат жалын тартқан азаматтар арашашы болуы керек.
Ал асаба жолдастар елдің алдына арнайы біліктілік сертификатын алып барып шығуы тиіс. Неге біз аз ғана айлық алатын мұғалімдерден біліктілік талап етеміз де, ел алдына шығып сөйлейтін асабадан талап ете алмаймыз. Асабаның қазақ мәдениетінен хабары бар ма, жөн-жоралғыларды біле ме, бүгінгі заман талабына сай ма, түрлі ситуациялық жағдайлардан шыға алу мүмкіндігі қандай? Осының барлығы тексерілуі тиіс. Той – сән-салтанат қана емес, ұлттық идео­логияның өзегі деп білемін. Сондықтан Рухани жаңғырудан оны шет қалдыруға болмайды. Алдымен той өткізу әдебіміз бен мәдениетімізді рухани жаңғыртып алайық, қалғаны өз орнына келе қалады. Асабаңыз қалай сөйлейді, сіздің тіліңіз бен мәдениетіңіз сол деңгейде.

Айнұр ТӨЛЕУ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button