ТУБЕРКУЛЕЗБЕН АУЫРАТЫНДАР АЗАЙЫП КЕЛЕДІ
Бейбіт БҰЛДЫБАЕВ, Астана қаласы Туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері:
– Сәлеметсіз бе, Бейбіт Түсіпұлы?! Мен өзім қалалық туберкулезге қарсы диспансердің қасындағы үйлердің бірінде тұрамын. Балаларым үшін алаңдаймын әрі осындай емдеу мекемелері қаладан сыртқары-рақ жерге орналасқаны жөн деп есептеймін. Ал, сіздердің мекеменің маңында тұрғын үйлер көп, сол жерден балалар да жиі жүреді. Осы дұрыс па?
– Өте орынды сұрақ. Бұл мәселе қазір шешімін тапты. Біздің диспансердің аумағы биіктігі 3 метр қоршаумен қоршалған. Күндіз-түні 3 күзет орыны жұмыс істейді. Біздің диспансер сияқты мекеме қаланың тұрғындары шоғырланған тыныш ауданның ортасына орын тебуі, әрине, дұрыс емес. Өздеріңіз де жақсы білесіздер, елордамыз көз ілеспес шапшаңдықпен дамып келе жатыр. Осыған байланысты біз қаланың ортасында қалып отырмыз. Алдағы 2014 жылдың аяғына таман Қырқыншы стансасында жаңадан салынған туберкулезге қарсы диспансер пайдалануға берілмекші. Сонда бұл мәселе өз шешімін табады деп ойлаймын.
– Ол қандай аурухана болады?
– Ол – әлемдік стандарттарға жауап беретін жаңа ғимарат. Онда аурухана қызметкерлерінің жұмыс істеуіне және науқастардың емделуіне барлық жағдай жасалған. Блоктар ауру түріне қарай жеке-жеке бөлінген. Палаталар өте жайлы, бір және екі орынды. 40 орындық остеохирургиялық бөлімшесі бар бұл аурухананың жарақтандырылуы қазіргі заман талаптарына сай болады. Онда компьютерлік томография да бар. Қысқасы, мұнда сырқаттың сауығуы үшін барлық жағдай қарастырылған.
– Есімім – Гүлдария. Қалалық туберкулезге қарсы диспансерде балалардың оқуын жалғастыруға мүмкіндіктер бар көрінеді. Осы туралы айта аласыз ба?
– Біздің диспансерде оқу үдерісін үзбей жалғастыруға жағдай жасалған. Сондықтан оны уайымдаудың қажеті жоқ. 1-11-сыныпқа сабақ екі тілде таза, жарық және жеке корпуста жүргізіледі. Интернетке қосылған компьютер сыныбы бар, оқушыларға №32 мектептің тәжірибелі ұстаздары дәріс береді.
Туберкулез кеселі адамның зердесіне әсер етпейді. Бізде тіпті кейбір балалар мектепті үздік бітіріп жатады. Дегенмен, аурудың физикалық мүмкіндіктерді төмендететіні шындық, бірақ ем нәтижесінде балалар күш-қуат жинап, дене салмақтарын қалпына келтіре алады.
– Астана қаласында туберкулезбен ауыратындардың қатары азаймай отыр дегенді бір жерден оқығанмын. Осы рас па? Қазіргі жағдай қандай?
– Иә, бір кездері осылай болған, бірақ қазір жағдай өзгерді. 2012 жылдың қорытындысы бойынша, туберкулез ауруымен ауыратындар қатары 19,3 пайызға төмендеген. Мұндай тенденция 2013 жылдың бірінші тоқсанында да байқалады. Аймақтар бойынша алып қарайтын болсақ, ауру көрсеткіштері бойынша Астана қаласы Қызылорда және Қостанай облысынан кейінгі үшінші орында тұр.
Жалпы, туберкулез әлі де қоғамымыздың күрделі әлеуметтік мәселелерінің бірі болып отыр. Сондықтан, біз осы кеселді әрі қарай ауыздықтап, ауру көрсеткішін төмендетуге бар біліміміз бен күш-жігерімізді салып келеміз.
–Менің аты-жөнім – Мейрамгүл Сағындыққызы. Мынаны білгім келеді: елордада туберкулезбен ауыратын бөбектерге арналған балабақша бар ма?
– Әзірге мамандандырылған балабақша жоқ деуге болады. Бірақ, үстіміздегі жылы «Көктал -2» кентінде 220 орындық балабақша іске қосылады деп жоспарланған. Жақын арада тағы да 240 орындық балабақша құрылысы қолға алынбақшы.
– Туберкулезбен ауырған адамдардың барлық жұмыстарды бірдей атқаруына рұқсат етілмейтінінен хабардармын. Олар қандай жұмыстарға жіберілмейді?
– Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің №218 бұйрығына сәйкес, егер азамат туберкулезбен ауырса, онда ол перзентханаларда, балалар ауруханасында, мектепке дейінгі балалар ұйымдарында және мектептің төменгі сыныбында жұмыс істей алмайды. Басқа мекемелердің бәрінде де адам өзінің кәсіби қызметін жалғастыра алады.
– Қайырлы күн, Бейбіт Түсіпұлы! Менің аяғым ауыр. Өкпеме рентгенография жасатуыма бола ма?
– Иә, болады. Жүкті әйелдердің өкпесіне рентгенография бірінші жүктілік триместерінен кейін-ақ жасалады. Бұл ретте сізге ұрықты қорғайтын қорғасын фартук кигізіледі.
– Сотталған азаматтарды жылына екі рет флюрографиялық тексеруден өтуге мәжбүрлейді екен. Неге? Жалпы, ондай пациенттер қайда емделеді?
– Түзету мекемелеріндегі туберкулез жағдайы күрделі мәселе болып тұр. Сондықтан да олар жылына екі рет флюротексеруден өтеді. Сіздерге мынаны сенімді түрде ескерте аламын: мұндай жағдайдағы сәулелену мөлшері тым аз, күн көзінде жүрген кездегіден көп емес. Ал, аталған санатқа жататын азаматтар қылмыстық-атқарушылық жүйедегі арнаулы мекемелерде – туберкулезге қарсы мамандандырылған бөлімшелерде емделеді. Астанаға жақын жерде, дәлірек айтсам, Степногор қаласының жанында сондай емдеу мекемесі бар.
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ