Басты ақпаратҚала мен Сала

Түбіртектер қайта қаралады

Соңғы кездері коммуналдық түбіртектегі төлем өзгеріп, қаржының артық есептеліп келуі елордалықтарды ерекше алаңдатуда. Осыған орай, «Астана-АЭК» АҚ өкілдері «Астанаэнергосбыт» ЖШС-мен бірлесіп, қала тұрғындарымен және пәтер иелері кооперативтерінің, сондай-ақ меншік иелері бірлестіктерінің мүшелерімен бірқатар кездесулер өткізді. Жиын барысында «Астана-АЭК» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Бердалин және төрағаның орынбасары Ғабидолла Қожабаев электр энергиясын тұтынғаны үшін түбіртектердегі есептеулердің не үшін өзгергені туралы түсініктеме берді.

«Астана-АЭК» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Бердалиннің айтуынша, абоненттерді «Астана­энергосбыт» ЖШС-ден «Астана-АЭК» АҚ-ға беру кезінде шоттарда шатасулар туындады.

– Желтоқсан айында түбіртектегі төлемнің өзгеріп, қаржының артық есептелуі «Астанаэнергосбыттың» қыркүйек, қазан және қараша айларында шартты есептеулер жүргізіп, желтоқсанда өз түбіртектерін алып, тұтынушылар төрт айда – қыркүйек, қазан, қараша және желтоқсан айларында шот алуымен байланысты болды. Адамдар ашуланып, көптеген сұрақтар қойды. Тариф өзгерген жоқ, ол 2022 жылмен салыстыр­ғанда сол деңгейде қалды, бұл абоненттерді «Астанаэнергосбыт» ЖШС-ден «Астана-АЭК» АҚ-ға беру процесінің күрделенуіне байланысты. Қаңтар айының соңында біз соңғы деректерді алдық және қазір адамдар түбіртектер мен нақты шоттарды уақтылы алуы үшін барынша жұмыс істеп жатырмыз, – деді Ерлан Бердалин.

– Бізде базаның және әр абонент бойынша қажетті мәліметтердің болмауына байланысты шартты есептеулер жүргізілді. Бірақ желтоқсан айында біз соңғы бірнеше айдың шот-фактураларын ұсындық. Адамдар бұл тек желтоқсан айындағы төлем деп ойлады, бірақ қыркүйек, қазан және қараша айларында нөлдік шоттарды алған кезде ешкім жақ ашпады, ашуланбады, ал желтоқсанда наразылық толқыны басталды.

«Астана-АЭК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ғабидолла Қожабаевтың айтуынша, елорда тұрғындарының 94%-ына «Астанаэнергосбыт» ЖШС қызмет көрсетеді.

– Заңнамаға сәйкес, Астана нарығында кәсіпорындардың үш санаты өз қызметін жүргізеді. Біріншісі – энергия өндіруші («Астана-Энергия» АҚ немесе ЖЭО-2). Олардың негізгі қызметі – жылу және электр энергиясын өндіру. Екінші санат – тарату кәсіпорындары (энергия беруші). Олардың негізгі қызметі – деректерді тарату және оларды «Астана-АЭК» АҚ кіретін әрбір пәтерге, ТП, РП, заңды және жеке тұлғаларға жеткізу. Қаланың кейбір аудандарында бұл функцияны ЭЧ-8 және Ақмола АЭК желілері атқарады. Бірақ көпшілігіне «Астана-АЭК» АҚ қызмет көрсетеді. Энергия­мен қамтамасыз ету қызметін жүргізетін кәсіпорындардың үшінші санаты –«Астанаэнергосбыт» ЖШС халықтың басым бөлігіне, нақтырақ айтсақ, тұрғындардың 94%-ына қыз­мет көрсетеді. Сіздің соңғы тарифіңіз кәсіпорынның әр санатының тарифінен құралады. Тұтынушылар ЖЭО және «Астана-АЭК» АҚ сынды энергия беруші ұйымдармен тікелей шарттық қатынастар жасай алмайды. Оның бәрі, соның ішінде коммуналдық қызметтердің құны, тарифі, түпкілікті тарифі «Астанаэнергосбыт» ЖШС-мен жасалған. Мұны әрқашан естен шығармау қажет, өйткені «Астана-АЭК» тек «Астанаэнергосбытпен» тікелей жұмыс істейді» деді Ғ.Қожабаев.

Төраға орынбасарының айтуынша, көп жағдайда бақылау­шылар көрсеткіштегі сандарды жазып алу үшін тұрғындардың пәтеріне оп-оңай бас сұға алмайды. Сонымен бірге олардың бәрі бірдей белгілі бір айда қанша электр энергиясын тұтынғаны туралы ақпаратты өз бетімен мамандарға жібермейтіні тағы бар. Осының бәрі коммуналдық төлемдердің дұрыс есептелмеуіне әкеліп соғады.

– Электр энергиясын пайдалану ережесінің 64-тармағына сәйкес, егер бақылаушы пәтерге кіре алмаса немесе баспалдақ алаңында орналасқан қалқандағы есептегіштен тұрғынның соңғы көрсеткіштерін жазып алуға мүмкіндігі болмаса, онда шартты есептеулер жүргізіледі. Бұл, әрине, коммуналдық түбіртектегі төлемнің өзгеруіне басты себеп болады. Негізінен, шағым айтушылардың көпшілігі – осындай абоненттер. Өткен аптада біз аудан әкімдіктерінде МИБ және ПИК өкілдерімен, тұрғындармен кездесіп,  түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Әріптестермен болған талқылаудан кейін абоненттерден деректерді қабылдауды жалғастыру туралы шешім қабылданды. Егер деректер желтоқсан мен қаңтарға қатысты болса, онда біз жылу және электр энергиясын өндірумен әрі таратумен айналысатын кәсіпорындарға жүгініп, олармен бірге деректерді нақты қосымша есептеулерге сәйкес қайта бөлетін боламыз. Біз өз тарапымыздан жан-жақты көмек көрсетеміз, – деді Ғ.Қожабаев.

Осыған қарамастан, әлеуметтік желілер арқылы тұрғындар байланыс орталығына қоңырау шалу мүмкін емес деп шағымдануда. WhatsApp чаты деректерді ұзақ уақыт, бірнеше күн бойы қабылдайды, кейде тіпті мүлде жұмыс істемей қалады, мұндай өтініштер өте көп. Осы шағымдарға түсініктеме бере отырып, «Астана-АЭК» өкілі былай деді:

– Қоңырау шалғанымен, мамандармен байланыса алмайтындарын айтып шағымданатындар көп. Біз мұндай шағымдардың бәрін есепке алып отырамыз. Олардың әрқайсымен жеке-жеке жұмыс жүргізілетін болады. Шағымдарға  байланысты байланыс операторлары «Қазақтелекомға» ауыстырылды, сондай-ақ операторлар санын ұлғайттық. Бүған дейін олардың саны 23 болса, қазір 33-ке жетті. Бірақ күту кезегі 300 адамға дейін өсті, – деді төраға орынбасары.

Кездесуге келгендерді мазалаған сұрақтар аз болмады. Мәселен, «Үркер» тұрғын алабының бір тұрғыны өзінің осы тұрғын алапта үш жылдан бері тұрып келе жатқанын, осы уақытта коммуналдық қызмет үшін айына орташа есеппен 12-15 мың теңге, қыста және жазда 20 мыңға дейін төлеп келсе, барлық шамдарды энергияны үнемдейтін шамдарға ауыстырғанымен, қаңтар айында 97 мың, ал ақпан айында 100 мың теңге төлегенін айтты. Жауапты мекеме өкілдері бұл мәселені жеке шешуге уәде берді. Кездесу барысында астаналықтарға электр энергия­сын қайта есептеу үшін қайда жүгіну керектігі егжей-тегжейлі түсіндірілді.

WhatsApp телефон нөмірлері:

Бұл мессенджер тек мәтіндік форматты қолдайды (суреттер, фотосуреттер, қоңыраулар және дауыстық хабарламалар қабылданбайды). Электр энергиясын есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін беру үшін деректерді бір хабарламада көрсету қажет: АЭС абонентінің нөмірі, Т.А.Ә., мекенжайы, электр энергиясын есепке алу аспабының көрсеткіштері.

*  Есіл ауданы:

+7-771-083-77-95;

* Алматы ауданы:

+7-771-083-77-92;

*  Сарыарқа ауданы:

+7-777-533-44-68;

* Байқоңыр ауданы:

+7-771-083-77-93.

ҚАЙТА ЕСЕПТЕУДІ ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗУГЕ БОЛАДЫ?

Егер сізге артық төлеммен түбіртек келген болса, тұтынылған энергия көлемін білсеңіз, онда абонент қағаз немесе электрондық тасымалдағыштағы деректерді түзете алады. Осыдан кейін тұтынылған электр энергиясының көлемі бойынша анықтама алу үшін «Астана-АЭК» АҚ-ға қайта есептеу мәселелері бойынша жүгінуге болады. ПИК немесе МИБ төрағасымен келісу кезінде үйдің барлық тұрғындарынан ұжымдық өтінім беруге болады. Бұл анықтама қайта есептеу жүргізу үшін энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға жіберілетін болады. Келесі айда қайта есептеу нәтижесі көрсетіледі.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button