#Жаңа ҚазақстанБасты ақпарат

Елорданың іргесі ескерусіз қалмасын

немесе Астананың азық-түлік белдеуі қалай дамиды?

Биыл жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізгенде «Жылдар бойы елорданың айналасында азық-түлік белдеуін дамыту туралы айтылды, бірақ бұл жұмыс орындалмады. Астана азық-түлікті Алматыдан 4 есе, ал Шымкенттен 2 есе аз өндіреді. Жалпы, барлық өңірмен салыстырғанда қала бұл көрсеткіш бойынша соңғы орында тұр. Кейінгі 8 жылда елордаға әкелінетін азық-түлік импорты 3 есеге артты. Жергілікті қайта өңдеу кәсіпорындары тек жарым-жартылай жұмыс істеп тұр. Көкөніс сақтайтын қойма да жетіспейді. Сондықтан 2025 жылға дейін қалада 13 мың тоннадан астам көкөніс сақтайтын қоймалар салу керек. Ауыл шаруашылығы министрлігі Астана қаласы мен Ақмола облысының әкімдіктерімен бірлесіп, елорданың айналасында азық-түлік белдеуін қалыптастыру жөнінде пәрменді шаралар қабылдағаны жөн» деп атап көрсеткен еді.

Елордаға іргесі тиіп тұрған Қосшы, Қоян­ды, Қараөткел, Үркер, Талапкер, Жібек жолы, Қызыл­суат сынды қала, ауылдар бар. Осы өңірлерден Астана қаласына келіп жұмыс істейтін азаматтар да аз емес. Кейбір деректерде жарты миллионға жуық адам қала төңірегіндегі елді мекендерден қалаға келіп жұмыс істейді деген ақпарат та айтылады.

Бас қала төңірегіндегі тұрғындардың ауылда тұрып, қалаға келіп жұмыс істеуіне, бастысы, қаладағы қымбатшылық пен ауылдағы жұмыстың жоғы себеп болып отырғанын айта кеткен жөн. Әсіресе Астанада үй бағасы өте жоғары болғандықтан, қала жағалап күн көргісі келетін кейбір азаматтар елорда төңірегіндегі елді мекендерден жер алып, үй салды. Бұл, Астанамен қоса, бас қала төңірегіндегі елді мекендердің жан саны күрт артып, түтін санының жылдам көбеюіне мұрындық болды. Мәселен, 1997 жылы ел астанасы Алматыдан Ақмолаға көшкен кезде, қазір құжынаған ауылға айналған Қоянды, Үркер, Талапкер аумақ­тары иен жатқан құла түз болса, 30 жылға жетпейтін уақытта үлкен елді мекенге айналды. Демек, Арқа төсінен астана салу Есілдің жағасындағы орда түскен орталық қаланы ғана емес, төңірегіндегі ауылдардың тең өсуіне, орыстанған өлкенің қандасқа толып, қазақылануына да серпін берді. Дегенмен Астана төңірегіндегі елді мекендердің жай-күйі қалай? «Шамның түбі қараңғы» дегендей, «Астанаға тиіп тұрғанмен, не Астананың, не облыс-ауданның тиімді саясатынан игіліктене алмай арада қалып жатқан жоқ па?» деген мәселені санаға салып салмақтасақ, бас қала төңірегіндегі ауылдарда қордаланған біраз мәселенің беті ашылатыны анық.

Оның үстіне, Арқа төсінен астана салып, оны азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін арнаулы азық-түлік белдеуін құрғанымызбен, әлі күнге дейін Астана төңірегіндегі елді мекендерді тиімді пайдалана алмай келеміз. Қала төңірегіндегі ауылдардың қалаға жақындығынан басқа артықшылығы жоқ. Не өз тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ете алмайды, не Астананы азық-түлікпен қамтамасыз етуге септігі тимейтін «елордаға жақын, облыстан алыс» елеусіз жатқан аймаққа айналған. Бұл өңірлерде жарық, су, жылу мәселесінің үйлесімді шешілмеуі де Астанаға өз әсерін көрсетуде. Атап айтқанда, қыс мезгілінде бас қаланы көк түтіннің басып қалуына және қаладағы кептелістің көбеюіне қала төңірегіндегі ауылдар да үлкен үлес қосып жатыр.

2019 жылы жасалған «Нұр-­Сұлтан қаласына іргелес елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспары» да керемет болды деп айта алмаймыз. Ол да басы бар, аяғы жоқ жұмысқа айналып бара жатқандай. Демек, Есілдің жағасынан әсем елорда салдық деп мақтанғанымызбен, Астанадан алты аттап шықсаң, тозған ауыл, күйі кеткен елді мекен тұрса, ол да елдігімізге сын. Жақында Президент ауылдарды дамытуға тапсырма берді, яғни алдағы уақытта ауылдарды дамытуға 1 триллион теңге қаржы бөлінбек. Біз осы мүмкіндіктен Астана төңірегіндегі ауылдар да қалып қалмаса дейміз.

Астананың мығым азық-түлік белдеуін құру ісі ауылдарды дамыту жұмысымен тығыз ұштастырылуы керек. Астана төңірегіндегі ауылдардың мәселесі шешілмесе, Астананың да адымы ашылмайды. Шаһар үлкейіп, тұрғындар саны артқан сайын азық-түлікпен, сумен, жылумен және жарықпен қамтамасыз ету ісі де қиындай түседі

Астана төңірегінде көкөніс өсіруге, жылыжай салуға ыңғайлы жер көп. Бірақ Астана сол мүмкіндікті толық пайдалана алмайды. Жазғытұрым көміп тастап, күзде қазып, дағар-дағар өнім алуға болатын картоптың өзін жан-жақтан, көршілес облыс­тардан тасимыз. 1,5 миллионға жуық халық тұратын ірі қаланың іргесінде ірі мал базары да жоқ. Бұл қала төңірегіндегі шаруалардың малын сатуына қолайсыздық туғызып қана қоймай, ет, сүт өнімдері бағасының күнде құбылып, көтерілуіне мұрындық болып отыр.

Өткен жылы тамыз айында Ауыл шаруашылығы министрлігі 2025 жылға дейін Астана қаласының айналасында азық-түлік белдеуін құру аясында АӨК саласына 625,7 млрд теңге бағытталатынын мәлім еткен еді. Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрі «Қуаттылығы жылына 10000 тонна көкөніс болатын 2 жылыжай кешенінің құрылысы аяқталуға жақын» деп жариялап, мұның барлығы маусымаралық кезеңде ауыл шаруашылығы өнімдері тапшылығының орнын толтыруға және елордалық базарларда бағаны тұрақтандыруға, сондай-ақ 2 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді деген болатын. Содан бері жарты жыл уақыт өтті, жылыжайдан хабар жоқ, баға да тұрақтала қойған жоқ. Бұл нені түсіндіреді? Бұл Үкіметтің, министрліктің Астананы қамтамасыз ететін азық-түлік белдеуін құру ісінде әлі де олқылықтар бар екенін, көп айтылғанмен, нақты шешім қабылданбай жатқанын көрсетеді.

Біздіңше, Астананың мығым азық-түлік белдеуін құру ісі ауылдарды дамыту жұмысымен тығыз ұштастырылуы керек. Астана төңірегіндегі ауылдардың мәселесі шешілмесе, Астананың да адымы ашылмайды. Шаһар үлкейіп, тұрғындар саны артқан сайын азық-түлікпен, сумен, жылумен және жарықпен қамтамасыз ету ісі де қиындай түседі. Астана басқа қала, аудандардан алыс болғандықтан, қажетті өнімінің бәрін сырттан тасу мүмкін емес, сырттан тасығанмен, бағасы көтеріліп, тұрғындардың қалтасына үлкен салмақ болады. Мұны шешудің бірден-бір жолы – Астана төңірегіндегі азық-түлік өндірісін дамыту.

Елорда төңірегіндегі елді мекендердің шаруашылығын шалқыту үшін бұл өңірлердегі шаруашылық жүйесіне үлкен реттеу жүргізу керек. Өйткені елорда төңірегіндегі барлық жердің иесі бар, оның көбін арқасын Астанаға, аяғын ауылға қарай көсілген алпауыттар алып алған. Егістік жерлердің көбі Nurbank сияқты қаржысы көп компанияларға тәуелді. Олар трактор жүре алатын бос жерлердің барлығын ашып, ауылдың іргесіне дейін егін алқабына айналдырып тастады да, мал бағып күн көріп отырған ауыл тұрғындарының жағдайы барған сайын қиындап барады. Оның үстіне, шаруалардың жем-шөп базасы жоқ болғандықтан, түліктің бәрі 6 ай қыс қолға қарайтын Арқада мал бағу өте қиын. Соның әсерінен ауыл тұрғындарының қолындағы бірер малын да сатып, құтылуға мәжбүр. Бұл өз кезегінде бас қалада сүт, ет өнімдерінің тапшылығын туғыза бастады.

Тағы бір айта кететін мәселе, ауыл шаруашылығын дамытуға арналған қосымша қаражат ең негізгі өндіруші шаруалардың қолына тимей отыр. Себебі біздің билік ондай майда-шүйдеге назар аударып отырған жоқ, «Жаңбыр тамшыдан құралады» дегендей, шаруаларға қолдау көрсетілсе, «екі жеп биге шығуға болатынын» біздің экономистер ескермейді де, көбінде аузынан ақ май аққан алпауыт компаниялардың артынан жүгіреді. Мәселен, өткен жылдары Үкімет бағаны тұрақтандыру үшін бөлінген қаржыны нағыз өндірушінің қолына тигізбей, оның қызығын Magnum сияқты сауда орындары көрді. Біздіңше, бұл тәсілмен бағаны билік ешқашан реттей алмайды. Сондықтан ауылды дамытамыз, Астананы азық-түлікпен қамтамасыз етеміз десек, ең әуелі, ауылдың шаруа­шылық жүйесіне қарай қолдау көрсетуді қолға алу керек. Шаруаларды отбасылық жылыжай салуға, қолда мал бордақылауға ынталандырып, егін мен мал шаруашылығының арасында бірін-бірі толықтыратын механизм қалыптастыру қажет.

Қазір Астана төңірегіндегі егін шаруашылығымен айналысатын компаниялар мал шаруашылы­ғының дамуына демеуші емес, тосқындық жасайтын басты кедергіге айналды. Неше мың гектар егіс алқабының іргесінде отырған ауылдар тегін бір бау сабан, арзанға бір уыс бидай сатып ала алмайды да, жем мен шөпті қымбатқа алады. Бұл да мал өнімдерінің бағасын өсіріп тұрған басты себептің бірі.

P.S: Астана өркендеуі үшін төңіректегі ауылдар да дамуы керек. Арқаның сары жазығының бәрін егіс алқабына айналдыра бермей, оған экономикалық дақылдар өсірудің де жолын іздеген дұрыс. Ал қаланы мал өнімдерімен қамтамасыз етудің бір тәсілі ретінде Астананың іргесінен еліміздегі ең ірі мал базарын салу қажет.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button