Басты ақпаратҚала мен Сала

Тұрғын алаптардағы түйткілді мәселелер

Елорда мен оның төңірегінде орналасқан елді мекендер біркелкі дамуы керек, олардың арасында көп айырмашылық болмауға тиіс. Бұл ретте Мемлекет басшысы әсіресе, бас қала маңындағы тұрғын алаптарды көркейтуді, онда тұратындардың тұрмысы өмір сүруге барынша қолайлы болуын тапсырған еді.

Осыған орай, қалалық Қоғамдық кеңес мүшелері Астанадан сырт­қарырақ орналасқан аймақтарды аралап, ондағы тұрғындардың тұрмыс-тіршілігімен, туындаған түйткілді мәселелерімен жақынырақ танысты. Бұл жолы елордалық бір топ депутат Байқоңыр ауданының «Өндіріс», «Кирпичный» және «Казгородок» елді мекендеріне барып, белсенді тұрғындармен бетпе-бет кездесті. Әңгіме барысында халықтың көкейінде жүрген, шешілмей жатқан келелі істер анықталды. Олар қоғамдық кеңестің кезекті отырысында талқыланып, мәслихаттың қарауына ұсынылатын болады. 

«Өндірісте» өзгеріс көп

Халық қалаулылары аралау­ды алдымен «Өндіріс» тұрғын алабынан бастады. Ауа райының өзгеріп, күннің күрт суытуына қарамастан, белсенді тұрғындар билік өкілдерін белгіленген уақытта қарсы алды. Жергілікті жұртшылықтың оларға айтары аз болмады.

Күн сайын көркейіп келе жатқан елорданың халқымен бірге аймақ тұрғындарының да саны артып келеді. Дегенмен, қазір осы үрдіс әлеуметтік инфрақұрылымға зор салмақ түсіріп отыр. Белсенді тұрғындардың айтуынша, аталған елді мекенде қордаланып қалған проблемалардың негізгісі – жол салу, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, су тарту, кәріз, жарықтандыру сынды жұмыстар. Әсіресе, жолдар мен тротуар мәселесі жұртшылықты қатты алаңдатып отыр екен.

Белсенді тұрғын Тілектес Тіленова аймақтағы күрделі жөндеуді қажет етіп тұрған жолдарды көрсетті.

– Суық болған соң жер қатып, қиындық онша байқалмай тұр. Күн сәл жылынса, жер езіліп, айнала батпақ боп кетеді. Аяқ киімге жабысып алып, оңайлықпен түспейтін сол саз балшықтан құтылар күн болар ма екен? Қаншаға сатып әперсек те, балалардың туфлиі мен етігі екінші маусымда киюге жарамай қалады. Мектепке жеткенше аяқ киімдері ғана емес, шалбарлары да былғанады. Оны күн сайын жуа берген соң тез тозады. Маусым сайын жаңа киім сатып әперуге барлық ата-ананың бірдей мүмкіндігі жоқ, – деді тұрғын.

Екінші мәселе, аймақта қоғамдық көліктердің тым аз жүретіні туралы болды. Негізі, «Өндіріске» 24 және 30 нөмірлі екі автобус қатынайды. Олардың өзі жұмысқа баратын және жұмыстан қайтатын уақытта адамға лық толады. Кейде автобусқа сыймағандықтан діттеген жерлеріне жете алмайтындарын, көп күтуге тура келетінін айтып шағымданған тұрғындар олардың интервалын жақындатуды өтінді. Бұл ретте қалалық мәслихаттың заңдылық, құқық тәртібі және қоғаммен жұмыс мәселелері жөніндегі комиссиясының мүшесі Қанат Естек жыл аяғына дейін тұрғын алапқа қатынайтын қоғамдық көлік санының артатынын айтты.

– Жыл соңына дейін тағы 3 автобус іске қосылады. Ол автобус­тардың интервалын азайтады. Сонымен бірге тұрғындар су, газ және кәріз мәселелері туралы сөз етті. Бұл да қазір жоспарда бар. Жобалау жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. Көктем айында кәріз мәселелері жобасы жүргізіледі деген ойдамыз. Ал газдандыру келер жылдың маусым, шілде айларына жоспарлануда. Бұған дейін үкімет осы тұрғын алапта газ өткізуді жердің астымен жүргізу туралы айтқан болатын. Қазір бұл мүмкін болмай отыр. Коридор мәселесі де күрделі. Сондықтан газ алғашқыда жоспарланғандай  жердің астымен емес, сыртпен жүргізілетін болады. Жалпы, ауданда атқарылған жұмыс аз емес, алда шешімін күткен шаруа одан да көп. Мемлекет басшысы тапсырғандай, шет аймақтарды шағын аудандарға айналдыруымыз керек. Бұл ретте қала әкімдігі де көп қолдау көрсетіп отыр. Биыл Байқоңыр ауданының бюджеті екі есеге өсті. Белсенді тұрғындардың пікірі негізінде алда барлық жұмыстар жалғасады. Негізі, абаттандыруды бірінші болып бастаған осы аудан, – деді Қанат Естеков.

Күн сайын көркейіп келе жатқан елорданың халқымен бірге аймақ тұрғындарының да саны артып келеді. Дегенмен, қазір осы үрдіс әлеуметтік инфрақұрылымға зор салмақ түсіріп отыр. Белсенді тұрғындардың айтуынша, аталған елді мекенде қордаланып қалған проблемалардың негізгісі – жол салу, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, су тарту, кәріз, жарықтандыру сынды жұмыс­тар

Бүгінгі таңда елді мекенде 600 м суағар істеп тұр. Оны бәріміз көзімізбен көрдік. Насоспен емес, өз еркімен ағады. Жолдың екінші жағында ескі суағар бар. Тек, тұрғындар жолдың жөнделуін, бос жерлерге қираған жерлерін түзету, жетпеген жерлерін қосу және ашық жерлерін жабу, қоршау арқылы абаттандыру жұмыстарының жүргізілуін талап етуде.

«Кирпичиныйда» мектеп жоқ

Одан әрі Қоғамдық кеңес мүшелері «Кирпичный» тұрғын алабына барып, онда салынып жатқан мектептің құрылыс жұмыстарымен танысты. Жұртшылық осылайша атап кеткен аймақтағы мектеп бұған дейін апатты деп танылған болатын. Енді оның орнына жаңа оқу орнының құрылысы жүріп жатыр. Әзірге бұл елді мекенде басқа мектеп жоқ, сол себепті оқушылар өзге аудандарға қатынап оқуда.

Ескі мектеп-кешеннің орнына салынып жатқан жаңа ғимараттың құрылыс барысымен танысу үшін халық қалаулылары Қамысты көшесі, 7 мекенжайда орналасқан білім ошағына келді. Өзі тұратын ауданның мәселелерін көтеріп жүрген белсенді тұрғын Қарлығаш Набиулина бұл мектеп ескі №12 мектеп-кешеннің орнына салынып жатқанын, екі қабатты ескі ғимаратта балабақша да болғанын, әбден тозығы жетіп, апатты жағдайда деп танылған сол мектептің оқушылары 2020 жылдан бері басқа мектептерге ауыстырылғанын, ал 600 орынға лайықталып салынып жатқан жаңа мектептің құрылысы кешіктіріліп жатқанын жеткізді.

Мердігердің мәлімдеуінше, ең басты мәселе қаржыландыруға байланысты болып отыр. Мектеп құрылысын бастаған бірінші мердігердің тарапынан жобалау жұмысында қателік кетті, кейіннен құрылыс компаниясымен шарт бұзылып, осындай жағдайға байланысты жобалау-сметалық іс-шаралар қайта жасалған. Құрылыс жұмыстары аяқталған жоқ, жоспар бойынша желтоқсанның аяғында тапсырылуы керек. Ал тұрғындар көптен күткен білім мекемесіне қатысты мердігерлердің жұмысы барынша сапалы болғанын қалайды. Асығыс біткен шаруаның сапасыз болатынын алға тарта отырып, олар осы тұрғын алаптағы қаншама ата-ана мен балалардың проблемасы өз деңгейінде дұрыс шешілсе дейді. Өйткені жаңа мектеп ашылса, бұл оқиға сол аудандағы барша тұрғынның басты қуанышына айналар еді. Депутаттар қала шетіндегі тұрғын алаптың әлеуметтік проблемасын ұдайы назарда ұстайтындарын айтты.

Көшпелі отырысқа қатысқан Байқоңыр ауданы әкімінің орынбасары Ришат Тұрдыбеков ауданда атқарылып жатқан игі істерге тоқталды.

– Жыл басынан бері «Жол картасы» аясында аулаларды абаттандыру, көшелерді көріктендіру, көгалдандыру және жарықтандыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Жалпы, қай елді мекенді алсақ та, кез келген тұрғында инспектордың, аудан әкімдігіндегі жауапты тұлғалардың телефондары бар. Олар кез келген уақытта басшылармен байланысқа шығып, өздерін толғандырған мәселелерді тікелей жеткізе алады. Біз үнемі ашықпыз, аймақтарды дамытуда тұрғындардың тілегін ескеріп отырамыз, – деді Ришат ­Тұрдыбеков.

Айтуынша, атқарылған жұмыстар жетерлік, алда тұрған міндет одан да көп. Мәселен, 2022 жылы аудан бойынша 55 аула абаттандырылды, оның ішінде «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 15 ауланы абаттандыру жұмыс­тары жүргізілді. Абаттандыру барысында 13 футбол алаңы, 3 баскетбол алаңы, 1 хоккей корты, 304 көше тренажерлері, 600 шағын сәулет нысандары, 70 жарықтандыру бағанасы, 30 мың шаршы метр төсеніш жабыны, 45 мың шаршы метр асфальтбетон жабыны, 7 қоғамдық кеңістік орналастырылды. Биыл 8 қоғамдық кеңістікті, 25 ауланы, оның ішінде «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 15 ауланы абаттандыру жоспарланған болатын. Жарықтандыру жабдықтарын орнату бойынша жұмыстар ауданның барлық көшесінде жүргізілді. 450 көппәтерлі тұрғын үйдің кіреберістері, балалар алаңдары, орамішілік кіреберістер мен өтпелер жарықтандырылды.

 «Казгородокқа» сапалы интернет керек

Елді мекен тұрғындарымен кездесуде ең бірінші кезекте атқарылуы қажет жұмыстар сөз болды. Бұл ретте «Казгородок» тұрғындары жол, тротуар, балалардың спорт алаңдарын салу және интернет мәселелерін қозғады.

Белсенді тұрғын Раушан Махатованың сөзіне сенсек, аймақта интернет байланысы мүлде сын көтермейді. Үшінші күн ғаламтормен байланысқа шыға алмай отырған ол депутаттарға бұл мәселе тез арада шешілмесе, тұрғындар үшін қолайсыз жағдай тудыратынын жеткізді.

Сонымен бірге тұрғындарды толғандырған тағы бір проблема – кәріз мәселесі және газдандыру. Өткен жылы Қарақұм көшесінде қоғамдық кеңістік салынған болатын. Жатақханалардың алдындағы ойын алаңында бос жатқан жерлер бар. Белсенді тұрғын келешекте соны абаттандыруды ұсынды.

– Инженерлік жүйені жөндеу керек. Оны істеп бітпейінше мен жөнделген жерді қайтадан қазбау үшін жолдарды тегістеуге тапсырыс бере алмай отырмын. Жалпы, біз барлық жұмысты тұрғын алаптың инспекторымен және аудан әкімдігіндегілермен хабарласа отырып атқарамыз. Олар туындаған мәселені дер кезінде шешіп береді, – деді Раушан Махатова.

Қалалық мәслихаттың депутаты Бауыржан Қасымбергебаев тұрғын алаптың белсенді азаматтарына алғысын білдірді.

–  Астананың сыртында орналасқан шет аймақтарды аралап, ондағы тұрғындардың тұрмысымен танысып жүргендегі басты мақсат – тұрғын алаптарды көркейтіп, жұртқа қолайлы жағдай жасау. Айтылған мәселелердің бірде-бірі ескерусіз қалмайды. Барлық өтініштер мен ескертпелерді назарға алып, елді мекеннің алдағы даму жоспарына енгіземіз. Себебі бас қаланың айналасындағы аймақтарды көркейту, ондағы тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту – бәрімізге ортақ міндет, – деді депутат.

Күн сайын дамып, қарыштап өсіп келе жатқандықтан елорданың тұрғын алаптарындағы жағдай, міне осындай. Қай аймақтың болсын тұрғындары кез келген істе бақылаудың болғанын, атқарылған жұмыстардың аяғына дейін жеткізілгенін қалайды. Бұл – заңды да.

Астана көптеген салада, соның ішінде азаматтардың өмір сүру сапасы бойынша да басқа қалаларға үлгі көрсетуі керек. Сондықтан қаланың тұрақты дамуына кедергі болып жатқан түйткілдерді шешуде халық қалаулылары шет аймақ тұрғындарының тілегін естен шығармаса болғаны. Елді мекен тұрғындары көтерген мәселелердің барлығы қоғамдық кеңестің отырысында талқыланып, бақылауға алынады.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button