Басты ақпаратТуризм

Түркия туристерге қауіпсіз бе?

Жуырда Түркияның статистика институты (TUIK) 2017 жылы елге демалуға 38 млн 620 мың 346 турист барғаны жөнінде ресми ақпарат таратты. Соның нәтижесінде ел бюджетіне 26,2 млрд АҚШ доллары түскен. Ал биылғы туристік маусымдағы жағдай қандай болады? Түркияның Сирия аумағында бастаған әскери операциясының шетелдік туристердің қауіпсіздігіне әсері бола ма? Сирия дағдарысын реттеуде Астана келіссөздерінің нақты нәтижелері болды ма? Жуырда Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уяныктың қазақстандық БАҚ өкілдерімен өткізген арнайы брифингінен осындай сауалдарға жауап алдық.

«Зәйтүн бұтағы» немесе жалған мағлұмат тарату науқаны

«2018 жылы 20 қаңтарда Түрік қарулы күштері Сирияның солтүстік-батысындағы Африн аймағында «Зәйтүн бұтағы» атты әскери операцияны бастады. Бұл операцияның мақсаты – Түркия шекарасындағы және аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, РКК («Күрдістан жұмысшы партиясы»), КСК («Күрдістан қауымдас­тығы одағы»), PYD («Демократиялық бірлік партиясы») – YRG («Халықтық қорғаныс жасақтары») және ДАИШ-тың құрамындағы терроршыларды бейтараптандыру, сондай-ақ дос­тық пен бауырластық байланыс­тыратын аймақ халқын терроршылардың қысымы мен езгісінен құтқару» деп мәлімдеді Невзат Уянык. Ол әскери операцияның халықаралық құқық нормалары аясында БҰҰ жарғысының 51-бабына сәйкес жүргізіліп жатқанын атап айтты. «Операцияны жүзеге асыру кезінде тек терроршылар мен олар паналап жүрген елді мекендер, қару-жарағы мен техникасы нысанаға алынуда, бейбіт тұрғындар мен операция алаңындағы діни, мәдени нысандар, тарихи және сәулеттік ескерткіштер зиян шекпеуі үшін барлық сақтық шаралары назарға алынған» деді елші.
Елші өз сөзінде Түркия әу бастан-ақ Сириядағы терроризмге тосқауыл қою үшін белсенді ұстанымын білдіріп, әрекетке көшкенін, осы дағдарыс басталған 8 жылдың ішінде 3,5 миллион сириялықтарды паналатқанын тілге тиек етті. Түркия бұл мәселеге халықаралық қауымдастықтың нақты бір үлес қоса алмағанына қынжылыс білдірді. «Өткен жылы біз «Евфрат қалқаны» атты әскери операцияның нәтижесінде 2015 шақырым түрік-сирия шекарасын ДАИШ-тан тазарттық. Өкінішке қарай, Сирия жақтан келетін террор қаупінің бұлты әлі сейіл­ген жоқ. Сол себептен «Зәйтүн бұтағы» операциясын бастадық» деп түсіндірді Невзат Уянык. Операция басталған күннен бері ДАИШ-қа және оның жақтастарына тиесілі 782 нысан жойылып, терроршы ұйымдардың 2059 мүшесі бейтараптандырылған. Қарулы қақтығыстарда түрік тарапынан 32 сарбаз опат болып, 183-і жараланған.
Невзат Уянык PYD («Демократиялық бірлік партиясы») – YRG («Халықтық қорғаныс жасақтары») мүшелері мен оның жақтас­тарының әлеуметтік желілердің көмегімен Африндағы ахуал жөнінде жалған мәлімет тарату науқанын жүргізіп жатқанын айыптады. «Осы мақсатта олар әртүрлі уақытта басқа елдерде болған оқиғалардың суреттерін Африндегі операцияда қырылған бейбіт тұрғындар етіп көрсетуде. Осылайша, елді және халықаралық қауымдастықты адастыруды көздейді. Керісінше, «Зәйтүн бұтағы» операциясы басталғаннан кейін PYD/YRG біздің Хатай және Килис провинцияларымыз­ға бірнеше рет шабуыл жасады. Соның нәтижесінде көптеген азаматтарымыз көз жұмды, жараланды. Терроршылар Құдайға құлшылық еткен мешіттегі адамдарға да шабуыл жасады. Ең сорақысы, PYD/YRG Африннің шекарасында қолға түскен балаларды тірі қалқан етіп пайдаланды» деді елші. Айта кетелік, Түркия Премьер-министрінің аппараты терроршылардың жалған мәлімет тарату қызметіне арналған кітапша шығарыпты. Мәселен, 2012 жылы 16 наурызда Ауғанстанда апатқа ұшыраған түрік әуе күштері ұшағының суретін жариялап: «Афринде атып түсірілген түрік ұшағы» деп жазыпты. Әлеуметтік желілерде «Афринді құтқарыңдар!» деген тақырыппен бетін қан жауып кеткен баланың суреті таратылған. Сөйтсе, ол 2016 жылы «Анадолы» агенттігі ұйымдастырған байқау­да 1-орын алған фотосуретші Абда Доуманидің суреті екен. Мұндай мысалдар толып жатыр.

Астананың араағайындығы және туристер қауіпсіздігі жайы

Брифинг барысында елші мыр­за «Астана ақшамы» газетінің сауалдарына жауап берді. «Сирия дағдарысын реттеуге Астанада өткен келіссөздердің қандай нақты нәтижесі болды?» деген сауалымызға Түркия елшісі: «Астанадағы кездесулердің нақты нәтижесі – жанжалдасқан тараптар алғаш рет бір үстелге жайғас­ты. Сирия дағдарысын реттеуге қатысты 8 кездесу өтті. Соңғы кездесу 2017 жылы желтоқсан айында болды. Өткен жылы мамыр айында Астанада үш кепіл мемлекет (Түркия, Ресей, Иран) шиеленісті деэскалациялайтын 4 аймақ құру туралы келісімге қол қойды. Әскери қимылдар тоқтатылған, соғыстан құлағы тынышталған 4 аймақтың құрылуы – үлкен нәтиже. Яғни Астана бұл жанжалды доғаруға айтарлықтай үлес қосты» деді ол. Невзат Уянык биыл наурыздың ортасында Астанада Түркия, Ресей, Иран Сыртқы істер министрлерінің кездесуін өткізу мүмкіндігі қарастырылып жатқанын хабарлады.
«Зәйтүн бұтағынан» кейін әскери операциялар жалғаса ма?», «Терроршылардың ар­тында кімдер тұр?» деген сауалдарымыз­ға мынадай жауап алдық: «2017 жылдың басынан бері Хатай мен Килис провинцияларында полиция учаскелері мен әскери бөлімдерге терроршылар тарапынан 700-ге жуық шабуыл жасалды. Африн аймағындағы біздің шекара бекеттерімізге үнемі қауіп төнеді. Ал Түркия өз шекарасында қандай да бір террорлық элементтердің шоғыр­ланғанын қаламайды, мұндай террорлық топтардың болуының өзі Сирия­ның аумақтық тұтас­тығына нұқсан келтіреді. Сондықтан біз соңғы терроршының көзін жойғанша әскери операция­ны жалғастырамыз. Террорлық ұйымдарды өз мүддесіне пайдаланған «қара күштер» барын жақсы білеміз. Тіпті кейбір елдер терроризммен күресті желеу етіп, басқа бір террорлық ұйымды қару-жарақпен қамтамасыз етеді. Терроршыларды біздікі және басқанікі деп бөле алмаймыз. Халықаралық терроризм бүкіл адамзатқа қауіп төндіруде. Бұл зұлымдыққа тосқауыл қою үшін адамзаттың ортақ іс-әрекеті, ерік-жігері қажет».
Н.Уянык Сириядағы арнайы операцияның Түркияда демалатын туристерге ешқандай әсері болмайтынына сендірді. «Түркия – туристер үшін ең қауіпсіз елдердің бірі. Терроризммен күрес Сирия шекарасында жүріп жатыр. Алайда біз елдің ішкі қауіпсіздігіне де ерекше назар аударамыз. Әрбір туристің қауіпсіздігі қымбат. Мысалы, соңғы екі жылда Түркия аумағында ешқандай терактілер болған жоқ. Жаңа туристік маусым қарсаңында қазақстандық және басқа шетелдік туристерді елімізге алаңсыз келіп, демалуға шақырамын» деп жауап берді елші журналистердің қойған сауалына.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

 

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button